Облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі облыстық комиссияның мәжілісінде осы бағыттағы жұмыстардың қазіргі жай-жапсары талқыланып, алдағы міндеттер белгіленді. Мәжілісте «Ақмола облысында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңының орындалу барысы туралы» облыс прокуроры Азамат Жылқыбаев баяндама жасады. Баяндамада сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтың көбіне мемлекеттік сатып алулар мен жер мәселелерінде туындайтындығы атап көрсетілді. Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы аймақтық бағдарлама қабылданған. Соның нәтижесінде биыл сыбайлас жемқорлық фактілері өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 92-ден 84 фактіге дейін азайып отыр. Соған қарамастан, 6 пара алу, 2 пара беру оқиғасы тіркелген. Бұлардың ішінде осындай әрекеттерімен қолға түскен екі аудан әкімі де бар.
Бұдан әрі баяндаманы талқылау жөніндегі жарыссөзге шыққан «Нұр Отан» халықтық демокра-тиялық партиясы Ақмола облыстық филиалы төр-ағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкин филиалдың күш-жігерімен осы бағытта атқарылып отырған іс-шараларға тоқталды. Бұл орайда, соңғы екі-үш жылдың көлемінде сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің 100-ден астам мәжілісі өткізілгендігінен де біраз жұмысты аңғаруға болады.
Сол сияқты, Зеренді ауданының әкімі Ербол Сағдиевтің, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлжанар Шөкееваның және облыстық әкімдіктің мемлекеттік-құқықтық және кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ольга Добычинаның мә-жілісте сөйлеген сөздерінен де жергілікті жерлер мен мемлекеттік органдарда осы жұмыстардың күн-делікті бақылауда ұсталып отырғандығы айқын көріне түсті.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко мәжілісті қорытындылай келе, тиісті орындар алдына негізінен, үш үлкен міндет қойды. Біріншіден, облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған аймақтық бағдарлама сөзсіз орындалуы тиіс. Екіншіден, мемлекеттік органдарда «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заң қағидаларынан әркімнің хабары мол болуы үшін арнайы сабақтар ұйымдастырылуына қол жеткізу қажет. Үшіншіден, бүгінгі талқыланған мәселелердің бірде-біреуі аяқсыз қалмай, олқылықтарды түзетудің нақты жолдары қарастырылғаны жөн.
Содан кейін, облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен облыстық әкімдік жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссия мәжілісінде қоғамдық тәртіпті нығайту және маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу мәселелері қаралып, талқыланды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық ішкі істер департаментінің қоғамдық қауіпсіздік бастығы, полиция полковнигі Серік Ыдырысов баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде қоғамдық тәртіпті нығайтудағы қол жеткен жетістіктер мен орын алып отырған олқылықтарға жете
тоқталып өтті. Осыған байланысты өз ойларын ортаға салған облыс әкімі Сергей Дьяченко қалада жағдай тыныш болуы үшін әсіресе, көшедегі патрульдік қызметті жетілдіру қажеттігіне ерекше тоқталды.
Бұдан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қасымжан Тәшіметовтің облыста маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу шаралары туралы баяндамасы тыңдалды. Бұл жағ-
дай жөнінен облыс қазір еліміз бойынша жетінші орында тұр. Халықты, әсіресе, жастарды осы жаман әдеттерден сақтандырып, салауатты өмір салтына бейімдеу үшін спорт секцияларын көбейте түсу қажет. Таяу арада Зеренді ауданындағы Шағалалы ауылында маскүнемдіктен емдейтін реабилитациялық орталық ашу жоспарда бар.
Облыста түзеу мекемелерінен оралған адамдарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік бейімдеу мәселелері қалай шешілуде? Міне, осы жағдайға Ақмола облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Теңізжан Жәнібековтің баяндамасында жауап іздестірілді. Өкінішке орай, бұл мәселелердің шешімі онша көңіл көншітпейтін болып шықты. Сондықтан, түрмеден еркіндікке шыққан жандардың көп уақыт өтпей, сол үйреншікті орнына қайта оралатын жағдайлары аз емес.
Мәжілісті облыс әкімі Сергей Дьяченко қорытындылап, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру жөнінде тиісті ведомстволардың алдына нақты міндеттер қойды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажары» газетінің ақпаратынан