Сенбі күні Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев пен облыс әкімі Сергей Дьяченко Щучинск-Бурабай курорттық аймағына Бармашино кенті арқылы тура баратын автокөлік жолының ашылу салтанатына қатысып, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген жолдың маңыздылығы жөнінде атап өтті.
Бармашино кентінің орта мектебі маңындағы жаңа салынған күре жолдың бойында өткен бұл шараға жергілікті атқарушы органдар мен құрылыс компаниясының өкілдері, тұрғындар, әскери курсанттар мен мектеп оқушылары қатысты. Облыс әкімі Сергей Дьяченко бұл жолдың Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынғанын атап өтті.
-Бас мердігер «Казахдорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «К-Дорстрой» акционерлік қоғамы төрт жолақты күре жолды екі жыл ішінде салып бітірді. Бөлінген 5,9 миллиард теңге толық игерілді. Курорттық аймақ үшін маңызы зор жолдың ұзындығы 8,9 шақырым. Аймақтағы шипажайлар, демалыс үйлері мен өзге де туристік нысандар жылына 1 миллионға жуық қазақстандық және шет елдік туристерді қабылдайды. Автокөлік жолының бұл учаскесін пайдалануға беру Щучинск-Бурабай аймағының жедел дамуына ықпалын тигізбекші.- Осындай автокөлік жолының болуы Бурабай ауданының тұрғындарына да өте тиімді,-деді өңір басшысы.
Құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев Елбасымыздың тапсырмасымен 2015 жылға дейін көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы бойынша 2,8 триллион теңгенің 63 инфрақұрылымдық жобасын іске асыру жоспарланғанын атап өтті.
Жақын арада Көкшетау қаласы әуежайының ұшып, қону алаңын қайта салу жобасын аяқтау жоспарланған. Бұл жоба бүгінгі күні қазақстандық компаниялар пайдаланып жүрген «Боинг» пен «Эйрбас» сияқты халықаралық дәрежедегі ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік береді. Әуежай инфрақұрылымын жетілдіру жөнінде жұмыстар аяқталған соң халық-аралық дәреже беру мүмкіндігі қарастырылмақшы. «Казахдорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Төлебаев өз сөзінде серіктестік іс жүзіне асырған жобалар жөнінде айтып, жұмыстарына қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға алғысын білдірді. Бұдан кейін Щучинск қаласының тұрғыны Юрий Родвальд жол құрылысын жүргізгендерге жүрекжарды тілегі мен алғысын айтты. Облыс әкімінің баспасөз қызметі