Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Ақмола, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы жетістіктеріне арналған көрмені аралап көрді.
Атап айтқанда, бұл шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өңірлердің Астанадағы күндері аясында ұйымдастырылып отыр.
Бұл көрмеде аталған аймақтардың әр саладағы жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды.
Көрмені аралағаннан кейін Мемлекет басшысы Ақмола, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласының бірлесіп қойған концертіне қатысты. Онда Ақмола облысының К.Күмісбеков атындағы, Ақтөбе облысының А.Жұбанов атындағы және Алматы қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Мемлекеттік академиялық «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық бірлескен қазақ ұлт аспаптары оркестрі өнер көрсетті.
Сонымен қатар, онда «Біржан-Сара» операсынан айтыс, күй тартыс, Елбасына арнау, Алматы туралы әндерден попурий, сондай-ақ А.Жұбановтың «Би күйі», «Қарлығаш» шығармалары орындалды.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, 2010 жылы Ақмола облысының ІЖӨ-і 586 миллиард теңгені құраған. Ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш 622,5 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Атап айтқанда, Ақмола облысының өнеркәсіптік өнім көлемі 2011 жылы 230 миллиард теңгеге дейін жеткізілмек.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі республикалық БАҚ ақпаратынан