Бүгін «Достар» мәдениет сарайында облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы IV Ақмола облыстық форумында қоғамдағы осы кеселді жою және оның алдын алу мәселелері қаралып, талқыланды. Форум жұмысына аудандардың және қалалардың әкімдері, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы аумақтық филиалдарының төрағалары мен төрағаларының орынбасарлары, партия филиалдары жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің төрағалары, облыстық басқармалар мен ведомстволардың, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық және қалалық мәслихаттардың хатшылары, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Форум жұмысына «Нұр Отан» ХДП партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Болат Ысқақов қатысып, сөз сөйледі.
Форумның күн тәртібіндегі «Жемқорлыққа қарсы күрес - әр азаматтың міндеті» мәселесі бойынша партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкин
баяндама жасады. «Нұр Отанның» халықтық платформасында сыбайлас жемқорлықпен күрес ең маңызды мәселелердің бірі ретінде атап көрсетілген. 2008 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Саяси Кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жалпыхалықтық сипат беруді стратегиялық мақсат ретінде атап өткендігі белгілі. Содан бері елімізде, соның ішінде Ақмола облысында да қоғамның осы бір ең басты кеселімен күрес жан-жақты өрістей түсті десек артық емес. Бұл орайда, партияның облыстық және аумақтық филиалдарының жанынан құрылған қоғамдық кеңес-тердің үлкен жұмыстар атқарып жатқандығы мәлім. Тек биылғы жылдың басынан бері ғана осы қоғамдық кеңестердің 59 мәжілісі өткізіліп, онда сыбайлас жемқорлықты тежеуге қатысты сан алуан мәселелер талқыланған. Баяндамада сонымен бірге, жем-қорлықпен күрестің тиімді бір тетігі ретінде қоғамдық қабыл-даулардың да пайдасы ауызға алынбай қойған жоқ.
Бұдан кейін баяндама бойынша жарыссөзге шыққан облыс прокуроры Азамат Жылқыбаев, Ақмола облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) бастығы Мақсұт Нәлібаев, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Ақмола облысы бойынша басқармасының бастығы - тәртіптік кеңестің төрағасы Бақытжан Асқаров, «Атамекен» Одағы» ҰЕП облыстық филиалының директоры Нартай Ысқақов, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің үшінші курс студенті Ермек Елбергенов облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрестің жайына тоқталып, осы тұрғыдағы өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.
Осы орайда, сөйлеушілердің бәрінің де сөзі бір арнаға - мұндай кеселдің тамырына балта шабу үшін онымен ымырасыз күрес жүргізілуіне келіп тірелді. Лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік қызметшілердің тарапынан осындай жөнсіздіктерге жол беру әлі тыйылар емес. Әсіресе, мемлекеттік сатып алулар бо-йынша өткізілетін конкурстар жымын білдірмей, мемлекет қаржысына қол сұғуға оңды болып тұр. Сондықтан, осы мәселеге залдан үн қосқан кейбір форумға қатысушылар бұл заңға өзгеріс енгізбей, жағдай түзелмейтіндігін жасырмады. Осы сөзіміздің бір дәлелі, тек өткен жылы ғана облыста жүзден астам тәртіптік заң бұзушылық, сыбайлас жемқорлық оқиғалары тіркелген.
Форум соңында «Нұр Отан» ХДП партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Болат Ысқақов сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңызды буындары бойынша өз ойларын ортаға салды. Бұдан әрі облыстық форум тиісті ұсыныстар қабылдап, партия белсенділерін марапаттау рәсімі болып өтті. Атап айтқанда, Көкшетау қалалық партиялық бақылау комитетінің төрағасы Жолдасбек Балғабаев «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісіне және бір топ нұротандықтар Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды.
Форум жұмысын қорытындылаған облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Сергей Дьяченко өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес алдағы уақытта да партия жұмысының басты бағыттарының бірі болып қала беретіндігін мәлімдеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажарының» газетінің ақпаратынан