Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесін атап өту аясында «Тәуелсіздіктің 20 шыңы» 20 жұлдызды күндер шарасы бастау алды. Мемлекеттік рәміздерге арналған «Менің Қазақстаным» акциясы осыған арналып ұйымдастырылды. Осы шараға қатысқан облыс әкімі Сергей Дьяченко құттықтау сөз сөйлеп ел рәміздеріне құрметпен қарау елдіктің бір белгісі екенін атап көрсетті.
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз қазақ елінің ең негізгі нышандарының бірі. Ол туған жеріміздің тұтастығы, берекесі мен бірлігін де көрсетеді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер»,–деп атап өткен болатын. Сондықтан, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын тойлау шеңберінде басталған бұл акцияның алғашқы шарасының ел рәміздеріне арналуы заңды, әрі құптарлық.
Жастар – елдің болашағы. Ал келешекке тұтқа болар жастардан елі үлкен үміт күтеді. Сол зор сенімді ақтап, Қазақстанның намысын түрлі халықаралық додаларда қорғап, жүлдегер атанған ақмолалық жастардың бір тобына облыс әкімі алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті. Олардың қатарында қоян-қолтық ұрыстан ашық Азия чемпионы Біржан Агимов, халықаралық фольклор фестивальдерінің жүлдегері Мәдина Тілеулина, кадеттер арасында еркін күрестен әлем чемпионы Владимир Кудрин, самбодан әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Алмас Сүлейменов, ауыр атлетикадан жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Анна Нұрмағамбетова, қол күресінен халықаралық спорт шебері, Азия чемпионы Илья Ильин, «Информатрикс» халықаралық олимпиадасының жеңімпазы Диас Нұрахметов, Францияда өткен «Фиджы-Евроталант» халықаралық ғылыми және шығармашылық байқауының жеңімпазы Әйгерім Оспанова сияқты топты жарған жас дарындар бар.
Шарада жастардың бойынан ел деп соққан жүрек, жерім деп лүпілдеген көңіл сезімі сезіліп тұрды. Еліне қорған болып жүрген жас сарбаздар әуелете ән салып, күмбірлете күй төкті. Осындайда қалай жан тебіренбей, қалай көңіл шарықтамасын. Қазақтың өр рухын көтерген ән қалықтап, әр жүректің түкпіріне дейін жетіп жатты. Көк туымызды желбіретіп, Көкшетауды айнала жүрген автошерушілер де көгілдір тумен көпшіліктің назарын өздеріне аударды. Рухты көтерер сөздер айтып, елдікті, тә-уелсіздікті көздің қарашығындай сақтау қажеттігін жеткізді. Көрермендер залына келіп кірген автошерушілер көгілдір туды желбіретіп, көңілді асқақтатып тұрды.
Шарада сан түрлі салада жетістікке жеткен тәуелсіздік құрдастары да аталып өтіліп, олар елге белгілі «Алтынтау-Көкшетау», «Қазақстан темір жолы», «Риск-Бизнес», «Тыныс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты іргелі кәсіпорын басшылары қолынан бағалы сыйлықтарға ие болды.
Мерекелік шараға Қазақстанның эстрада жұлдыздарының бірі, «Суперстар.kz» байқауының жеңімпазы Алмас Кішкенбаев та арнайы келіп, көрермен жұртты өнерімен сусындатты. Ел рәміздерінің асқақтығы, тәуелсіздігіміздің баяндылығы жастардың өрелі сөздерінен де анық көрінеді. Сондықтан бұл шарада елдің намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген жастарға үлкен құрмет көрсетілді. Оларға құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Бұған қоса, Ақмола облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында рәміздер күніне арналған «Ел рәміздері – елдігіміздің реңі, теңдігіміздің тірегі» атты семинар өтіп, онда мемлекеттік рәміздердің мән-мағынасы студенттер мен оқушыларға түсіндіріліп берілді.
Тарихқа саяхат жасалып ғасырлар тоғысында тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ елінің туы мен елтаңбасының тарихы туралы айтылған сөздер жастар үшін тың мәлімет болды десек қателеспейміз.
Тәуелсіз Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы осындай 20 жұлдызды күнмен аталып өтпекші. Елдің бірлігі мен ынтымағын, тәуелсіздіктің шырағын бірлесе көтергеніміз елдігіміздің, берекеміздің нәтижесі екендігі даусыз.Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажары» газетінің ақпаратынан