ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтң кандидатурасын жоғары мемлекеттік марапат - «Халық қаһарманы» атағына ұсынды. Бүгін ҚР Үкіметі отырысында әділет министрі Рашид Түсіпбеков «Мемлекеттік наградалар туралы» Заңға тиісті толықтыруларды мәлім етті.
«ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов заңды негізде елдің Тұңғыш Президентіне «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені қоса тапсырылатын "Халық қаһарманы" атағын беру туралы ұсыныс жасады», - деді Р.Түсіпбеков.
Р.Түсіпбеков мемлекеттік награда Президентке Н.Назарбаевтың тәуелсіз мемлекет құрудағы тарихи рөлі ескеріле отырып берілетін болады, деп атап өтті.
«20 жылда Мемлекет басшысы тәуелсіз елдің іргесін бекітуде зор жұмыстар атқарды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ҚР Премьер-Министрінің ұсынысын қолдауларыңызды ұсынамын», - деп қосты Р.Түсіпбеков.
ҚР Үкіметі толықтыруларды қуаттады және бұл құжатты ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының қарауына жіберді».
«Бұл мен қол қойған ең маңызды құжат», - деп атап өтті Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.
Сонымен бірге Үкімет энергия тиімділігі жөніндегі кешенді жоспарды қабылдады. Аталған құжатты Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қаныш Тілеушин таныстырды. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде энергия тиімділігі әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің дамуының негізі болып табылады.
«Біздің елде бұл тұрғыда ауқымды әлеует бар» деді ол. Қ.Тілеушиннің айтуынша, энергияны көп пайдаланатын салалардың бірі - өнеркәсіптік өндіріс саласы. Бүгінде оның үлесінде энергия пайдаланудың 70 пайызынан астам көрсеткіші қамтылып отыр. Атап айтқанда, бүгінде еліміздегі 15 ірі кәсіпорын 30 пайыздан астам электр энергиясын пайдаланады.
Үкімет отырысында Қазақстан Республикасында қор нарығын дамытуға негізделген заң жобасы бекітілді. Аталған құжатты Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов таныстырды.
«Елбасының тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында қор нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді», - деді министр.
Заң жобасының негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасының азаматтары үшін жетекші отандық компаниялардың акцияларын сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз ету, Қазақстанның ірі компанияларының ашықтығын, тиімділігін және бәсекеге қабілеттігін арттыру және жалпы алғанда ішкі қор нарығын дамытуға мүмкіндік беру мақсатында «Халықтық IPO» бағдарламасын бастау үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнаманы сәйкес келтіру болып табылады.
Атап айтқанда, заң жобасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне және Қазақстан Республикасының 6 Заңына («Қазақстан Республикасындағы көлік туралы», «Темір жол көлігі туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы», «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы») өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді көздейді.
ҚазАқпарат