Оңтайландыруға жататын ЖОО-лардың студенттері зардап шекпеуі қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов айтты.
Техникалық және кәсіби білім беру жүйесіндегі іс-шаралар жоспарын таныстырған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың атап өтуінше, бүгінгі таңда еліміздегі жоғары оқу орындарында сырттай білім алатын жастардың саны шектен тыс көп болып отыр. Бұл олардың кәсіби біліктілігінің төмендеуіне әсер етеді. Сондықтан да алдағы 3-4 жылдың ішінде жоғары блім беру саласындағы сапасы төмен бірқатар оқу орнын қысқарту жоспарлануда.
Осы орайда аталған бағдарламаның бүгінгі күнге қажеттілігі жоғары екендігін айта келе Үкімет басшысы министрдің назарын бірқатар маңызды бағытқа аударды.
«Біріншіден, Сіз ұсынып отырған оңтайландыруға жататын жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер зардап шекпеу қажет. Яғни, білім ала бастаған студенттердің басқа жоғары оқу орындарында сол оқуын жалғастыру үшін жағдай жасау қажет», деді.
Сонымен қатар Премьер-Министр Мемлекет басшысы Н.Назарбаев айқындаған еліміздің даму бағыттарына ЖОО-лардың мамандықтары мен білім алған студенттердің әлеуеті сәйкес келуі керектігін айта келе, білім алған студенттердің жұмыс үдерісіне әлеуетті түрде араласуы қажеттігіне де назар аударды.
Үкімет басшысының үшінші баса назар аударған мәселесі жоғары оқу орындарына бағытталатын ресурстардың қайда жұмсалатындығы болды. «Яғни, бұл қаржылар Мемлекет басшысы атап өткендей, ғылымды дамытуға, білім беру сапасын арттыруға жаратылуы керек» - деді ол.
Еліміздің жастары Ұлттық бірыңғай тестілеуден айналып өтіп, жеделдетілген бағдарламамен жоғары білім алуда тырысуда.
Бұл туралы Үкіметте техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде сапаны арттырудың іс-қимыл жоспарын таныстыру кезінде Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
Министрдің айтуынша, зерделенген шаралардың мәліметіне қарағанда елімізде білім алғаннан кейін экономика орта біліммен - 21 пайыз, техникалық және кәсіби біліммен - 41 пайыз, жоғары біліммен 38 пайызға жыл сайын толығады. Бұл көрсеткіш көптеген дамыған елдердің жұмыс істейтін халқының құрылымына сәйкес келеді. Яғни Қазақстан да олардың көрсеткішіне жақындап отыр. «Алайда еліміздің жоғары оқу орындарында сырттай білім беру құрылымының болуы Қазақстандағы жағдайды түбегейлі өзгертеді. Қазіргі кезде Қазақстандық студенттердің жартысына жуығы, яғни 46 пайызы немесе 285 мыңы сырттай бөлімде оқиды. Сонымен қатар олардың ішінде техникалық және кәсіби білім беру базасында оқитындар саны жоғары. Бұл 60 пайызға жуық көрсеткішті құрайды», - деді министр.
Б.Жұмағұловтың сөзіне қарағанда, техникалық және кәсіби мекемелерінде жастардың жартысы оқып жатыр. «Бірақ та олардың жартысы, яғни 45 пайызы жоғары оқу орындарына ауысып отырады. Нәтижесінде, техникалық және кәсіби білім кадрларының жыл сайынғы толығуы 27 пайызға төмендейді. Атап айтқанда, нашар дайындалған жастардың көбі осыны пайдаланып, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспай, сондай-ақ білім алуға көп шығынданбай, жеделтілген әрі қысқарған бағдарламамен осылайша жоғары білім алуға тырысады», - деп тоқталып өтті министр. Нәтижесінде жоғары білім алатын кадрлар саны күрт артып отыр, бұл экономика құрылымына сәйкес келмейді. «Осы жағдай мемлекеттік реттеуді қажет етеді», - деді ведомство басшысы.
Министр әлем бойынша жоғары білім алушылардың саны жыл сайын арта түсуде,- деп атап өтті. Жоғары білімді кадрлар даярлау жылына 6 пайыз көрсеткішпен қарқынды дамып келеді. 10 жылда жоғары білім алушылардың саны 65 пайызға немесе 65 миллион адамға өскен. Атап айтқанда бұл әлем бойынша қамтылған көрсеткіш.
«Дегенмен әлемдік срапшылардың деректеріне сенсек, жоғары білімді жаппай беру білім сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ал дамушы елдерде жұмыссыздық көбеюі мүмкін», деді министр.
«Біздің ахуалмен салыстырғанда, Қазақстан көрсетілген қарқыннан айтарлықтай алда келе жатыр. 1997 - 2007 жылдар аралығында студенттер контингенті 170 пайызға өсті»,- деп атап өтті ол.
Студенттер саны бойынша, яғни халықтың 10 мың тұрғынына шаққанда Қазақстан, Германия, Жапония, Ұлыбритания елдерінен алда тұр, сондай ақ Норвегия, Канада мемлекеттерімен қатар келе жатыр. Тек қана АҚШ, Ресей, Финляндия елдерінен ғана кейін тұр. Министрдің пайымдауынша, экономикалық ахуал тұрғысында Қазақстандағы студенттер саны қазіргі кезеңде тым жоғары бағалануда.
ҚазАқпарат