Шараға қатысқан Үкімет басшысының орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев сөз сөйледіАстанадағы «Көрме» экспоорталығында «Қазақстанның үздік тауары - 2011» республикалық байқау - көрмесі ашылды.
Аталмыш шараға Үкімет басшысының орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев қатысты. «Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде Үкімет байқау жариялап, инновация саласындағы 500 жобаның арасынан 50 жобаны іріктеп алды. Бұл жобалар еліміздің инновациялық дамуындағы алғашқы қадамдар болды. Біздің жаңашыл ғалымдарымыз бен өнертапқыштарымыз, кәсіпкерлеріміз бен өнеркәсіп саласының өкілдері Президент қойып отырған міндетті орындауға, яғни ғылыми жобалары өнім өндіру ісіне енгізуге қауқарлы екендіктерін көрсетті.
Біз кеше қолданысқа енгізілген және жуық арада енгізілетін 50 жобаның куәсі болдық. Бұл өте жоғары жетістік. Сондықтан инновациялар елімізде алдағы уақытта тек өрістейді деген үміттемін»,-деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар ол бүгін индустриялық көрменің ашылғандығын атап өтті. «Бүгінгі көрмеде Қазақстанның үздік тауар өндірушілерінің өнімдері қойылған. Яғни бүгін елордаға облыстық сапа конкурсының 150 жеңімпазы келіп отыр. Мемлекет басшысының индустриализацияландыру бағдарламасы негізінде 139 жаңа өндірістер ашылды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жүздеген өндірістер қайта жаңғыртылды. Осы бағдарламаның аясында жұмыс істеген кәсіпорындардың бүгін өз өнімдерін көрмеге ұсынып отырғаны бізді қуантады. Сіздер өздеріңіздің сапалы өнімдеріңіз арқылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына үлкен тарту жасап отырсыздар»,-деді Ә.Исекешев.
«Қазақстанның үздік тауары - 2011» байқау-көрмесі сапалы өнім өндіріп, халықаралық сапа менеджментін сәтті енгізіп жүрген отандық өнім өндірушілерді қолдау мен ынталандыру мақсатында құрылған. Бүгінде «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздары және Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары отандық өнім өндірушілердің арасында жетекші рөл атқарады.
Бүгінгі байқауға осыған дейінгі кезеңдерінде үздік деп танылған 146 ең мықты деген қазақстандық тауар өндірушілер қатысуда. Конкурстық комиссия өкілдері олардың арасынан «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Тұрғындарға арналған үздік тауар», «Ең үздік азық-түлік тауары» аталымдары бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Байқаудың жеңімпаздары «Алтын сапа» мен «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарымен бірге 9 желтоқсан, яғни Индустриализация күні марапатталатын болады.
ҚазАқпарат