Желтоқсанның 13-і күні Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен отырыста жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен бизнес-сәйкестендіру нөмірін (БСН) қолдануға ауысу үдерісінің ағымдағы жағдайы талқыланды. Қазақстанда 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЖСН/БСН сәйкестендіру нөмірлері қолданылатын болады. Бұл сәйкестендіру нөмірлері бүгінге дейін қолданыста болған РНН, СИК және т.б. нөмірлердің орнына енгізіледі
Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, осы үдерістерді қамтамасыз ету үшін азаматтар мен ұйымдардың сәйкестендіру нөмірлері бойынша мәліметтер Қаржы министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелеріне енгізілді, екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелері ЖСН/БСН ұлттық идентификаторларын қолдануға бейімделді, ЖСН/БСН нөмірлерін қолдану бойынша банктермен ақпараттық өзара іс-қимыл сынағы сәтті өтті.
Сондай-ақ зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы алушы, зейнетақы жарнасын аударатын салық төлеуші азаматтар бойынша да Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының ақпараттық базасына ЖСН жүйесі енгізілді.
Айта кету керек, резидент емес-салық төлеушілерге ЖСН Салық комитетінің бланктерінде берілетін болады. Салық комитеті шетелдік азаматтардың ірі жұмыс берушілермен осы бағытта біраз іс-шаралар жүргізді. Резидент еместер бойынша барлық мәселелер жылдың соңына дейін шешімін табады.
Қазіргі таңда ЖСН/БСН жүйесіне ауыстыру және мәліметтерді Қаржы министрлігіне тапсыру бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің жұмыстары әлі жалғасуда.
Отырыс қорытындысы бойынша К.Мәсімов, ақпараттық жүйелерді мәліметтерді нысандар бойынша ЖСН/БСН нөмірлеріне ауыстыру бойынша жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды және салық төлеуші-резидент еместерге ЖСН/БСН нөмірлерін беруді тапсырды.
«2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен басқа да әлеуметтік төлемдердің уақтылы төленуін қамтамасыз ету керек. Бұл мәселені айрықша назарда ұстау қажет, себебі мұндай жаңа іс қолға алынған қазіргідей кезеңде қандай да бір сәйкессіздіктер міндетті түрде орын алады. Сондықтан да барлық министрліктер мен ведомстволар алдын ала жұмыс топтарын құрулары және штаттан тыс жағдайлар орын алған кезде дереу әрекет ететін жауапты адамдарды анықтаулары керек. Адамдар кімге барып, көмек сұрайтынын білулері керек», - деді К.Мәсімов.
«ЖСН/БСН жүйесіне ауысу бойынша халықты хабарландыру жөніндегі ауқымды жұмыс керек. Бұл туралы айта бастағанымызға 5 жыл болғанына қарамастан, бұл туралы білмейтін адамдардың бар әлі де бар екені анық. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек»,- деп түйіндеді өз сөзін К.Мәсімов.
www.pm.kz