Елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткізілген Индустрияландыру күні шеңберінде онлайн режиміндегі телекөпір арқылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысында тыңайтқыш шығаратын зауытты іске қосты. Телекөпір барысында Елбасына Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко облыста Индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқандығы жөнінде баяндап берді. -Облыста осы бағдарлама шеңберінде 647 миллиард теңгенің 43 жобасы жүзеге асырылуда. Іске қосылған барлық жаңа өндірістер дайын өнімдерді шығарып, өндірістік қуатты сенімді еңсере түсуде. Бүгін «Астана нан - Кэмикалс» ЖШС-ның дәнді дақылдардың өнімділігін арттыруға аса қажетті тыңайтқыштар шығаратын зауытын іске қосқалы отырмыз. Бұл өндірістік қуаттар облысқа импорттық тыңайтқыштарды алмастыруға және республикамызды отандық тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұнымен бірге, өнімнің 20 пайызы Орталық Азия елдері мен Ресейге экспортқа шығарылатын болады, - деді облыс әкімі Сергей Дьяченко. Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңір тұрғындарын Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтап, жаңа нысанды іске қосуға рұқсат берді. «Бұл астық шаруашылығы үшін аса қажетті зауыт. Сондықтан да, мұндай кәсіпорынның іске қосылуының маңызы өте зор» деп атап көрсетті Елбасы өз сөзінде. Облыс әкімінің баспасөз қызметі