«Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» 20 жұлдызды күндері шеңберінде өтіп жатқан мерекелік шараларға ақмолалықтар да ерекше ықылас танытып келеді. Сейсенбі күні «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Сергей Дьяченко өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосып, еңбек еткен бір топ азаматтарды жоғары наградалармен марапаттады. Облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында елімізде барлық саланың өркендеп өсіп, қарқынды даму жолына түскенін тілге тиек етіп, оған барша қазақстандықтармен қатар ақмолалықтардың да қомақты үлес қосқанын ерекше атап өтті. Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы, қарышты даму стратегиясы, әлем елдерімен ортақ қарым-қатынас пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биік беделі айтылған айғақты сөздер тәуелсіздік жылнамасынан айқын көрініс тауып жатты.
Салтанатты шарада облыс әкімі еңбегімен ерен табыстарға жеткен айтулы азаматтарға түрлі дәрежедегі ордендер мен медальдарды табыс етті. Олардың қатарында лауазымы биік шенеуніктермен қатар ауыл шаруашылығында маңдай терін төккен қажырлы механизаторлар, саяси және үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары, мәдениет және білім саласының қызметкерлері, өндіріс орындарының өкілдері, іргелі акционерлік қоғамдардың басшылары мен өнер иелері бар. Яғни, бұл келешегіміздің кемелденуіне, еліміздің дамуына барлық қажыр-қайратын, ерік-жігерін жұмсаған мақтаулы тұлғаларымызға деген үлкен мәртебе мен зор құрметтің белгісі. Сөйтіп, салтанатты шарада «Отан», III дәрежелі «Барыс», «Парасат», II дәрежелі «Достық», «Құрмет» сияқты жоғары мемлекеттік наградалар өзінің лайықты иелерін тапты. Сондай-ақ, тұтас ақпарат айдынында халыққа еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуында болып жатқан жаңалықтар мен Елбасының саясатын жеткізетін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де марапаттан құр қалмады.
Өз кезегінде зор құрметке бөленген марапат иелері облыс әкімі мен барша жұртшылыққа алғыстарын білдіріп, одан әрі де Отан үшін адал қызмет ете беретіндіктерін жеткізді. Мереке соңы өнерпаз ұжымдардың концерттік бағдарламасына ұласты. Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажары» газетінің ақпаратынан