Премьер-Министр Жаңаөзендегі мектептер мен балабақшалардың айрықша бақылауда болуын тапсырды. Бұл туралы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов желтоқсанның 20-сы күні өткен Үкімет отырысында айтты. «Мектептер мен балабақшаларды айырықша бақылауда ұстау керек. Бүгінгі таңда Елбасы тапсырмасы бойынша Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия келтірілген шығынның көлемін анықтау мен жағдайды тұрақтандыру үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр», деп атап өтті К.Мәсімов. Бұл жұмыстарды Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев атқаруда. «Үкіметтік комиссияның жұмысы кешенді, ашық және жариялы болады», деп тоқталды Үкімет басшысы. «Медициналық мекемелерде дәрігерлер мен дәрі-дәрмек құралдары жеткілікті болуы тиіс. Медициналық жедел жәрдем үздіксіз жұмыс істеуі шарт», деп тапсырды К.Мәсімов.
Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Жаңаөзен оқиғасы кезінде қайтыс болғандардың отбасына Үкіметтің атынан және өз атынан көңіл айтты. «Атап айтқанда, Елбасының тапсырмасына сәйкес, Үкімет қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеді», - деп атап өтті К.Мәсімов.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы өзінің Жарлығымен Жаңаөзен қаласының жағдайын қалпына келтіру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қалада төтенше жағдай енгізген болатын.
Ең алдымен, Жаңаөзендегі әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық проблемалар шешімін табатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті. «Қазір Үкіметтің ең бірінші міндеті - тәртіпсіздіктің салдарынан орын алған әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық проблемаларды тез арада шешу үшін қажетті жағдайларды жасау», деді Премьер-Министр. Осы орайда ол қаланың күнделікті өмірін қалпына келтіру, бүлінген және қираған нысандарды тез арада жөндеп, іске қосу қажет екенін тапсырды. «Біз көпшілік тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің тапшылығын болдырмауымыз керек. Тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық жүйесін, жарық, жылу, ыстық су беру, телефон байланысы қызметін қалпына келтіру шарт», деді Үкімет басшысы.
Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер барысындағы шығын 1, 9 миллиард теңгені құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ақтаудан тікелей бейнебайланысқа шыққан ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
Тәртіпсіздіктер барысында 41 нысанның, оның ішінде әкімдіктердің 5 ғимараты зардап шеккенін атап өткен ол: «Біздің алдын-ала есептеуіміз бойынша, оларды қалпына келтіру үшін шамамен 770 млн. теңге қажет», деді. Ө.Шөкеевтің атап өтуінше, «Қазмұнайгаз БӨ» АҚ-ның 3 ғимараты бүлінген. Қалпына келтіру үшін 1 млрд теңгеден астам қаржыны қажет етеді. Ал 29 коммерциялық нысан мен банк ғимараттарын жөндеуге 250 млн теңге, 2 тұрғын үйге 3 млн теңгеден астам қаржы қажет. «Толықтай алғанда, біздің алдын-ала есептеуімізге сәйкес, аталған нысандардың шығын көлемі 1, 9 млрд теңгені құрайды», деді ол.
Бір аптаның ішінде экспорттық жобалау құрылыс ұйымдары аталған нысандарды жөндеу жұмыстарын бастайтындығын атап өткен Ө.Шөкеев: «Резервтен қаржы бөлу туралы Қаулыны күтпей компаниялар, мердігерлер өз қаражаттары есебінен қалпына келтіру жұмыстарын бастайды. Сәйкесінше, тапсырма Үкіметтік комиссия тарапынан берілді. Жобалау компанияларының есептеу қорытындысы бойынша біз бюджеттен бөлінетін қажетті қаржыны анықтай аламыз», деді.
Үкімет Жаңаөзендегі бастапқы қажеттіліктерге 1 млрд. 200 млн. теңгеден астам қаржы бөлу туралы қаулыны бекітті. «Жаңаөзендегі жұмыс тобы бірінші кезектегі қажеттіліктерге қаржы бөлу туралы қаулы жобасын әзірледі. Осыған сәйкес, бұл қаржы қалалық әкімдікке, облыс әкімдігіне, қаланы жинастыруға, көліктік шығындарға, жанар-жағармай сатып алуға және мемлекеттік органдарды қамтамасыз етуге бөлу керек», деп атап өтті Үкімет отырысында Ақтаудан бейнебайланыс арқылы байланысқа шыққан Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко. «Осы шараларға есептеген жалпы сома шамамен 1 млрд. 246 млн. 855 мың теңгені құрайды», деді Министр.
Маңғыстау облысындағы тәртіпсіздіктерге байланысты 8 адам тұтқындалып, 19 адам күдікті деп ұсталды және 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ақтаудан тікелей бейнебайланысқа шыққан ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов мәлім етті.
«Жедел тергеу тобы күшейтіліп, толық көлемде жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда 8 адам тұтқындалды. Сонымен қатар 19 адам күдікті деп ұсталды. Біз олардың қылмысқа қатысы бар деп есептейміз. Тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта әкімшілік жауапкершілікке 41 адам тартылды», деді министр. Оның атап өтуінше, Жаңаөзен қаласы мен Шетпе стансасынындағы тәртіпсіздіктер барысында 110 адам жараланып, ауруханаға жеткізілген. Олардың 73-і амбулаторлық ем қабылдауда. 15 адам, оның 14-і Жаңаөзенде, біреуі Шетпеде қаза тапты.
«Жаңаөзен қаласында 9, ал Шетпеде 8, жалпы 17 полиция қызметкері жарақат алды. Оның алтауы емделіп жатыр. Толықтай алғанда қазіргі уақытта өңірдегі жағдай тұрақталды. Қалада шолғыншылық қызмет жолға қойылған», деді Қ.Қасымов.
Жаңаөзендегі оқиғалар бойынша үкіметтік комиссияның жұмысы ауқымында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Ақтау орталығына жиналған аймақтың мұнай-газ кәсіпорындарынан жұмыстан босатылған ақтаулық мұнайшылар өкілдерімен кездесті.
Вице-Премьер әңгіме басында қатысушыларға Мемлекет басшысы өзіне орын алған проблемалардың себептерін анықтап, ереуілші мұнайшыларды мамандықтары бойынша еңбекке ораластыруды қамтамасыз етуді және оны шешудің мүмкін болған нұсқаларын ұсынуды тапсырғанын еске салы.
Облыстың көптеген сервистік компаниялары, сондай-ақ елдің басқа аймақтарындағы 20 кәсіпорын келісілген шарттармен ереуілшілер ішінен тілек білдіргендерді жұмысқа қабылдауға әзір. Оған дейін қаланың өкімет орындары оларға ақылы қоғамдық жұмыстарға қатысуға мүмкіндіктер ұсынады. Бұдан басқа мұнай және газ министрлігінің басшылығына ақтаулық мұнайшыларды еңбекке орналастырудың басқа да нұсқаларын қарау тапсырылды.
Өз тарапынан мұнайшылар Ө.Шөкеевке және үкіметтік комиссияның басқа да мүшелеріне өздерінің проблемалары мен талаптарын жеткізді. Олар комиссияның ұсыныстарын қарауға әзір екендігін атап көрсетті, дегенмен оларды жұмыстан босату рәсімдерін қайта қарауға талап етті, өйткені олардың пікірінше, ол заң бұзушылықпен болған.
Кездесуді қорытындылаған Ө.Шөкеев мұнайшыларға бір аптаның ішінде комиссия ұсынысын қарауды және өздерінің нұсқаларын енгізуді және оларды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және «Қазмұнайгаз» АҚ басшылығымен талқылауды ұсынды. Бұдан кейін тағы бір кездесу болады, онда мұнайшыларды еңбекке орналастыру шешімдері қабылданады.
ҚазАқпарат