Өткен сейсенбі күні облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы шеңберіндегі «Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» жиырма жұлдызды күндерінің қорытындылары және серпінді индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы мәселелер қаралып, талқыланды.Аппарат кеңесінде төрағалық еткен Сергей Дьяченко алдымен, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы 16 желтоқсанда орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге тоқталып, бұл оқиғаға тиісті баға берілуі тиіс деген пікір білдірді. Сонымен бірге, облыста жергілікті атқарушы биліктің, департаменттер мен басқармалардың, еңбек ұжымдарының қалыпты жұмыс істеуі үшін барлық жағдайлар қарастырылуы керектігін атап көрсетті. Адамдардың көңіл-күйіне кері әсер ететін еңбекақы қарыздары сияқты келеңсіздіктерге жол берілмеуі қажет. Облыста еңбек даулары жөніндегі комиссия құрылып, оның жұмысына басшылық ету облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровқа жүктеліп отыр.
Бұдан кейін сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлжанар Шөкеева өңірде «Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» жиырма жұлдызды күндері аясында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Облысымызда осы бағытта 1 мың 500-ден астам іс шараның жүзеге асырылуы ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойының кең көлемде атап өтілгендігінен хабар бергендей. Бұл шаралардан бірде-бір аудан, қала мен елді мекен тыс қалмаған. Мерекелік салтанат барысында жаңадан 11 нысан іске қосылып, 230-ға тарта жаңа жұмыс орны ашылғандығы да көп жайды аңғартса керек.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Наталья Зозуля өзінің берген есебінде Индустрияландыру картасы бо-йынша облыста барлығы 647,1 миллиард теңгенің 43 жобасы жүзеге асырылып жатқандығын атап көрсетті. Тек 2011 жылы ғана іске асырылған 14 жобаның құны 16,6 миллиард теңгені құрайды. Жыл аяғына дейін тағы 2,3 миллиард теңгенің төрт нысанын ашу көзделіп отыр.
Аппарат кеңесін қорытындылаған облыс әкімі бүгінгі таңда өзекті болып отырған көптеген мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, сайлау комиссияларының жұмысы қолданылатын заң талаптарына сай жүргізіліп, депутаттыққа үміткерлер тарапынан ешқандай алаңдаушылық тудырмауы қажет. Сондай-ақ, облыс орталығындағы жаңадан пайдалануға берілген коммуналдық базарда азық-түлік бағасы көздеген деңгейде ұсталуына барлық шараларды қарастырмай болмайды. Алда жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Бұл мейрамға да әзірлік тыңғылықты жүргізіліп, облыстың барлық көрсеткіштер бойынша жылды табысты аяқтауына күш салынуы қажет. Әзірге облыстар арасында алғашқы бестіктен көрінуге мүмкіндік бар. Облыс әкімінің баспасөз қызметі