Өткен сенбі және жексенбі күндері облыс әкімі Сергей Дьяченко кезекті жұмыс сапарымен Целиноград, Шортанды аудандарында болып, жыл ішінде атқарылған жұмыстардың жайымен танысты, сондай-ақ, Астананың іргесіндегі Қосшы ауылында салынып жатқан «Лесная поляна» тұрғын үй кешенін аралап көріп, үлескерлер мәселесінің қалай шешіліп жатқандығына назар аударды. Екі ауданда да облыс басшысы актив жиналысын өткізіп, аудан әкімдері Манат Жүнісов пен Саят Қамзебаевтың жыл қорытындысына арналған есептерін тыңдады. Облыс әкімі, әсіресе жүзеге асырылған жаңа жобаларға жете назар аударды. Целиноград ауданының Қосшы ауылындағы «Лесная поляна» тұрғын үй кешенінде салынып жатқан құрылысты аралап көрген облыс басшысы құрылыс жұмыстарының қарқынына, атқарылған жұмыстарға назар аударып, үлескерлердің мәселесінің қалай шешіліп жатқандығына көңіл бөлді. Жаңа жылға дейін тұрғын үй кешенінің 4-5 кезегі пайдалануға берілмекші. Мұның өзі кезекте тұрған 1107 үлескердің баспаналы болуына жағдай жасайды. Қазіргі күні ұзын саны бес жарым мыңдай үлескер жаңадан салынатын үйлерден пәтер аламыз деп отыр. Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстар бұл мәселенің таяу болашақта шешімін табатынын көрсетеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.