Облыс әкімі Сергей Дьяченко Ақмола облыстық соты ғимаратының алдына орнатылған қазақтың үш кемеңгер биі - Қаз дауысты Қазыбек би, Төле би және Әйтеке бидің ескерткішін ашу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, қара қылды қақ жарған дуалы сөзі, әділ шешімдерімен халықты ауыз бірлікке бастаған ежелгі дала батагөйлерінің көреген қасиеттеріне жоғары баға берді. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев және Жоғарғы Соттың жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бауыржан Жұмағұлов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.Үш бидің ескерткішін ашу идеясы бұдан бірер жыл бұрын туындаған еді, бірақ түрлі себептермен кейінге ысырылып келді. Енді міне, соның реті келіп, ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерейтойы жылы ескерткіш ашылып отыр, - деді облыстық
соттың төрағасы Ақжан Ештай. Ескерткіштің ашылу салтанатына адамдар көп жиналды. Қазақша би биленіп, жыр шашу ай-тылған соң алғашқы сөз Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченкоға берілді. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» аталған 18 ғасырдың басындағы қазақ халқының басына түскен ауыр кезде халықты бірлікке бастап, қиындықтан шығар жол көрсеткен кемеңгер билерге орнатылған бұл ескерткіштің маңыздылығын айта келе, облыс басшысы Елбасымыздың жүргізіп отырған бүгінгі татулық пен бірлікке бастайтын оң саясатымен үндесіп жатқан шараның мәнін атап өтті. Содан кейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бауыржан Жұмағұлов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев және облыстық соттың төрағасы Ақжан Ештай жиналғандарды осы қуанышпен құттықтап, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді.
Облыстық соттағы қуанышты шара мұнымен бітпей, жинал-ғандар сот ғимаратының үшінші қабатындағы арнайы бөлінген бөлмеден ашылған сот мұражайын көріп, тамашалады. Облыстық соттың құрылу тарихы, қалыптасу кезеңі мен қазіргі атқарылып жатқан жұмыстары жайлы сыр шертетін мұражай бағалы мұрағаттарға бай. Мерзімді басылымдар мен кітаптардан бастап, судьялар қолданған түрлі бұйымдар да облыс соттарының өткен жолын көз алдыңа әкеледі. Мұражайдың төрінен Ақмола, Көкше өңірінен шыққан халыққа танымал Саққұлақ би, Қанай би, Әлдібек би және Етекбай бидің ескерткіштері орын алыпты. Бұдан әрі шара Көкшетау облыстық сотының тұңғыш төрағасы болған Әлімжан Баймұқановқа арнап жазылған «Әділет жаршысы» кітабының тұсаукесер рәсімімен жалғасты. Оның барысында облыстық соттың төрағасы Ақжан Ештай, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев және Әлімжан Баймұқановтың баласы Амангелді Әлімжанұлы сөз сөйлеп, облыстық соттың қалыптасуына елеулі үлес қосқан ардагерге қатысты жылы лебіздерін білдірді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажары» газетінің ақпаратынан