Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген жылдың соңғы әкімдік мәжілісінде Ақмола облысында ақпараттық кеңістікті дамыту туралы және 2011-2013 жылдарға арналған Ақмола облысының бау-бақша шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асырудың барысы туралы мәселелер қаралып, талқыланды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлжанар Шөкеева хабарлама жасады.
Хабарламада мемлекеттің ішкі саясатын жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарына жүктеліп отырған міндеттер және олардың орындалу барысы кеңінен қамтылды. Атап айтқанда, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу кезінде газет-журналдарда осы тақырыпта 500-ден астам мақалалар жарияланып, 200-ден астам бейнесюжеттер көрсетілді. Облыста барлығы 98 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істесе, оның 80-і мерзімдік басылым, ал, 18-і электрондық БАҚ түрі болып табылады. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде ел сая-сатының басым бағыттары бойынша 44 тақырыптық лот жасақталған.
Жыл өткен сайын бұқаралық ақпарат құралдарының материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Дегенмен, бұл ретте, аудандық және қалалық басылымдарда шешімін күткен мәселелер әлі де аз емес. Облыста шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын таратумен 22 жабдықтаушы айналысады. Кейінгі кезде кабельдік телевидение өз арналарын ұлттық мазмұндағы «Асыл арна», «Балапан» арналарымен толықтыра бастауы да құптарлық. Әңгіме қазақ тіліндегі басылымдарға келіп тірелгенде, сол баяғы үйреншікті мәселе, яғни, ұлттық мерзімдік басылымдардың таралымы аз болып келетіндігі алдан шығады. Бұдан әрі осы мәселе бойынша сөз сөйлеген облыстық «Акмолинская правда» газетінің бас редакторы Валентина Косянюк та ақпараттық кеңістіктегі өздері бетпе-бет ұшырасатын мәселелер, әсіресе, журналист кадрларының жетіспеуі туралы жете айтып берді. Ал, екінші мәселе бойынша аппарат мәжілісінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік Жәмбеталиннің хабарламасы тыңдалды. Өңірдің жеткілікті азық-түлік қорын жасауда бау-бақшамен шұғылданушыларға көп сенім артылатыны жасырын емес. Жылда облыста бұл үшін жүздеген отбасылар жаз айларында тыным таппай, саяжайларда еңбек етеді. Ақмола өңірінде бүгінгі таңда 138 саяжай кооперативі бар. Өкінішке орай, осы саяжай учаскелерінің жартысына жуығына әлі электр жарығы тартылмаған, 60 пайыздан астамы су құбырларымен қамтамасыз етілмеген. Оларға баратын жолдар да оңып тұрған жоқ. Басым дені жөндеуді қажет етеді.
Облыс әкімі күн тәртібіндегі екі мәселеге де мұқият ден қоя келе, осы бағытта алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Солардың бірі – биылдай қолға алынған «Отау ТВ» сандық теледидарын барынша дамыту. Бұл үшін тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын кеңінен өрістету қажет. Жалпы, облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өздеріне мемлекет тарапынан бөлініп отырған жалпы сомасы 417 миллион теңге қаржыны барынша ақтап, тиімді жұмыс істеулері керек. Сол сияқты, саяжай кооперативтерінің тізімін алып, түгендеу жұмыстарын да тез арада аяқтамай болмайды. Бұл әкімдік мәжілісі жылдың соңғы мәжілісі болғандықтан, онда жылды табысты аяқтауға байланысты басқа да өзекті мәселелер қаралды. Мәжіліс соңында облыс әкімі қатысушыларды алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, баянды бақыт, еңбекте табыс тіледі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі