Жаңаөзендегі тәртіпсіздік кезінде қаза болғандардың отбасыларына 1 млн. теңге көлемінде өтемақы төленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ақтаудан селекторлық кеңес арқылы байланысқа шыққан «Самұрық Қазына» ҰӘАҚ басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
Ө. Шөкеев бүгінде Жаңаөзенді қалпына келтіру бойынша Үкіметтік комиссияны басқаруда. «Қалалық мәслихат сессиясының жұмысына үкіметтік комиссия қатысты. Онда Жаңаөзенде қаза болғандардың отбасыларына 1 млн. теңге, ал жарақат алғандарға 500 мың теңгеге дейін өтемақы төлемдерін жасау шешімі жасалды», - деп атап өтті «Самұрық Қазына» басшысы.
Жаңаөзендегі мәселелерді шешу жөніндегі үкіметтік комиссия төрағасы-«Самұрық Қазына» ҰӘАҚ басшысы Өмірзақ Шөкеев «Өзенмұнайгаз» компаниясының бұрынғы жұмысшыларымен кездесті.
Үкімет отырысында Ақтаудан селекторлық кеңес арқылы байланысқа шыққан Өмірзақ Шөкеев: «Еңбекпен қамтамасыз ету туралы өтінім жасаған «Өзенмұнайгаз» компаниясының бұрынғы жұмысшыларымен кездестік. Оларға жұмыспен қамту тұрғысында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деп атап өтті.
«Қазіргі кезде еңбекпен қамтамасыз етуге 1622 өтінім жасалды. Бұл жұмыстан шығарылғандардың 80 пайызын құрайды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда», - деп түйіндеді Ө. Шөкеев.
«Самұрық Қазына» ҰӘАҚ басшысы Өмірзақ Шөкеев Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын қалпына келтіру бойынша Үкіметтік комиссияның жұмысын тоқтатуды ұсынды.
«Жалпы менің пайымдауымша, комиссия жұмысының миссиясы орындалды. Барша шұғыл шараларды біз айтарлықтай тиімді және уақытылы атқардық»,-деп атап өтті ол.
Осыған байланысты Ө. Шөкеев, комиссияның жұмысын тоқтатып, жалпы жоспарлы жұмыстарға көшуді ұсынды.
ҚР Министрлер кабинеті «Қауырт шығындарға Үкімет қорынан қаржы бөлу туралы» қаулыны қабылдады.
Үкімет отырысында аталған құжатты ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров таныстырды.
«Жобада Жаңаөзен қаласындағы нысандарды қалпына келтіру, техникалар, құрал-жабдықтар және материалдар сатып алу жұмыстарын жалғастыру үшін Үкімет қорынан 2 млрд. 849 млн. 204 мың 490 теңге бөлу қарастырылады», - деді ол.
Осы қаржыға зардап шеккен әкімшілік ғимараттарды, іргелес елді мекендерді қалпына келтіру, мемлекеттік мекемелерді материалдық-техникалық жабдықтау және төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету кезіндегі мемлекеттік органдардың шығындарын өтеу көзделген.
Маңғыстау облысына Қазақстанның 5 облысы 100 млн. теңгеден қаржы бөлді.
Бұл туралы Үкімет отырысында Ақтаудан селекторлық кеңес арқылы байланысқа шыққан Жаңаөзен қаласын қалпына келтіру бойынша үкіметтік комиссияның төрағасы-«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
«Бүгінде 5 өңір тиісті қаржыны бөлді», - деп түйіндеді сөзін Ө.Шөкеев.
ҚазАқпарат