Облыс әкімі Сергей Дьяченко кезекті жұмыс сапарымен Зеренді ауданында болып, өңірдегі мал шаруашылығының даму жайымен танысты және бұл маңызды саланы онан әрі дамытудың мүмкіндіктерін талқылап, оны жүзеге асырудың жолдарын пысықтады.Облыс басшысы ат басын «Зеренді сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тіреді. Мұнда мал фермасының мамандарымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы еркін және жан-жақты пікір алмасты. Әңгіме барысында облыс әкімі соңғы жылдарда өңірімізде мал шаруашылығын дамытуға жете назар аударыла бастағандығын, соның айқын дәлелі ретінде аудандардан мал бордақылау алаңдары салынып, асыл тұқымды түлік сатып алудың жолға қойылғандығын атап өтті. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан қаржылай көмектің арқасында асыл түқымды мал басы көбейіп, мұның өзі мал тұқымын жақсартуға,сол арқылы оның өнімін арттыруға игі ықпал жасауда. Тек өткен жылы ғана облысымыздың шаруашылықтарына 6 мыңнан астам асыл тұқымды мал сатып әкелінді.
Облыс басшысына аудан әкімі Ербол Сағдиев пен серіктестіктің директоры Петр Таранов атқарылып жатқан жұмыстар жайлы жан-жақты баяндап берді. Серіктестік сүт өнімдерін өндіру бағытына маманданып, жақсы көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Ермаковка селосында орналасқан шаруашылық өткен жылды желтоқсанында Башқұртастаннан 257 бас асыл тұқыды қашар сатып әкелді. Қазір мал төлдеп, 204 бұзау алынды. Серіктестікте алты мал тұратын жайлы қора бар. Таяуда қазіргі замнағы құрылғылар орнатылған жаңа сиыр сауатын цех пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тағы да екі мал қорасы салынбақ.
Мал фермасы ауыл тұрғындарының,оның ішінде жастарды, жұмыспен қамтып отыр. Қазір мұнда 32 адам еңбек етуде. Орташа айлық жалақы 45 мың теңге көлемінде.
Облыс басшысы серіктестегі мал шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын бере отырып, көрші Бәйтерек ауылдық округінде, жалпы ауданның барлық елді мекендерінде осылайша мал шаруашылығын серпінді дамытуға жете көңіл бөлінуі қажеттігін атап өтті. Облыс әкімінің баспасөз қызметі