«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауында партияның айқын басымдылықпен жеңіске жетуін салтанатты түрде атап өтті. «Достар» мәдениет сарайында осы шараға қатысқан облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Сергей Дьяченко нұротандықтарды зор жеңісімен құттықтап, партия атынан сайланған депутаттар халықтың сенімін ақтайды деген тілегін жеткізді.Бұл қуанышты атап өту үшін нұротандықтар облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайына жиналды. Концерттік бағдарлама басталып, патриоттық рухтағы әндер шырқалды. Құттықтау сөз алған облыс әкімі, «Нұр Отанның» халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Сергей Дьяченко «Нұр Отан» шын мәнісінде халықтың партиясы, сол себепті бұл жеңіс те халықтікі екендігін атап өтті. Сайлаудың әділ өтуі төрткүл дүниеге қазақ елінің береке-бірлігін тағы бір мәрте көрсеткенін айтты.
Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, «Нұр Отанның» облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Ғалым Шойкин да әріптестерін жеңісімен құттықтап, саяси науқан барысында пар-тияның сайлауалды бағдарламасын халыққа насихаттауда белсене атсалысқан еріктілерге алғысын жеткізіп, алғыс хаттар тапсырды. Бұл орайда, жастардың атынан «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының белсенді мүшесі Мейрамбек Шәріпов саяси маңызды іске араласу өзі сияқты жас өрендерге зор мақтаныш екендігін, қоғамның қозғаушы күші саналатын жастар да сайлауға үлкен жауапкершілікпен келгендерін тілге тиек етті.
Бұдан кейін партияның Атбасар аудандық филиалы төрағасының орынбасары, аудандық сайлауалды штабы төрағасының орынбасары Қорлан Тәжденова халықтың сайлау науқанындағы ерекше белсенділігін атап өтсе, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Әлібек Баймағамбетов партия платформасын жүзеге асырып, сайлаушыларының сенімін ақтау үшін аянбай еңбек ететіндіктеріне сендірді. Салтанатты рәсім «Жасstar» тобының орындауындағы «Атамекен» әнімен өз жалғасын тапты. Облыс әкімінің баспасөз қызметі