«Осыдан 5 жыл бұрын Елбасы мені Үкімет басшысына кандидаттардың бірі ретінде таныстырғанда мен Елбасының көмекшісі болғанмын және болып қала беремін деп айтқан болатынмын. Мен осы сөзімді бүгін де қайталағым келіп отыр»,-деді бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Мәжіліс депутаттарының өзіне сенім білдіргеннен кейін сөйлеген сөзінде.
Үкімет басшысының айтуынша, іс-қимылдардың келісілген түрде жүзеге асырылуы партиялардың өзара ынтымақтастықта қызмет етуі, биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының күштерін Мемлекет басшысының жоспарларын жүзеге асыруға жұмылдыруға мүмкіндік береді.
«Яғни, біз алдағы уақытта бір-бірімізбен келісілген түрде жұмыс істеуіміз керек. Бұл біздің жасампаз істеріміздің басты ресурсы»,-деп атап көрсетті К. Мәсімов.
Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі діңгегі - әлеуметтік міндеттерді орындау - К.Мәсімов
Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі діңгегі - әлеуметтік міндеттерді орындау. Бұл туралы Мәжіліс Үкіметке сенім білдіргеннен кейінгі сөзінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
Премьер-Министр Мәжілістің Үкіметке сенім білдіргеніне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын айта келе, «Біз болашақта да депутаттар ұсыныстарын ескеретін боламыз. Елбасы алдымызға маңызды әрі жауапты мақсат-міндеттерді жүктеді. Біз оны орындауға міндеттіміз», - деді.
«Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі діңгегі - әлеуметтік міндеттерді орындауға бағытталған. Дамыған экономика - ол бірінші кезекте ел азаматтары, олардың табысы мен жұмысы, сондай-ақ ел адамдарының жаңа мүмкіндіктері мен балалардың болашағы», - деді К. Мәсімов.
Осы орайда Премьер-Министр Үкімет бұл бағытта тыңғылықты жұмыс атқаратынын атап өтті.
ҚазАқпарат