Үстіміздегі жылдың 21 қантарында Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасының Премьер Министрі Кәрім Масимовтың қатысуымен облыс активінің жиналысы өтті. Үкімет басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен осыған дейін Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы болып істеген Қайрат Қожамжаровтың тағайындалғанын хабарлады. Оның кандидатурасын Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары бірауыздан қолдағанын айтты. Осыған дейін облысты басқарған Сергей Дьяченко ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары болып сайланды. * * *
Қайрат Пернешұлы Қожамжаров 1965 жылы туған. А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. 1987 жылдан 1995 жылға дейінгі аралықта Қазақстан Республикасының прокуратурасы органдарында қызмет істеді. 1995 жылдың қыркүйегінен 1998 жылдың наурызына дейін кеден органдарында қызмет атқарды. 1999 жылдың шілдесінен осы уақытқа дейінгі аралықта қаржы полициясы органдарында әр түрлі лауазымдарда қызмет істеді. 2001 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) тергеу басқармасының бастығы, 2002 жылдың ақпанынан 2004 жылдың мамырына дейін Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары, 2004 жылдың мамырынан 2007 жылдың қаңтарына дейін Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, 2007 жылдың қаңтарынан 2008 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары болды. 2008 жылдың желтоқсанынан 2012 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жем-қорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы болып қызмет атқарды. Қаржы полициясының генерал-майоры. Пресс-служба акима области