Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жаңадан тағайындалған орынбасарларына атқаратын қызметтерін бөліп берді. Бұл жайында қаңтардың 24-і күні Үкімет отырысында мәлім болды.«Үкіметте және барша мемлекеттік органдарда тағайындаулар аяқталды. Кадрлық мәселелер шешілді. Енді Елбасы жүктеген тапсырмаларды орындау қажет»,-деді К. Мәсімов.
Үкімет басшысы жаңадан тағайындалған орынбасарларының қызметтеріне тоқталып өтті. Атап айтқанда, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов экономика мен өңірлік саясат, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру, өнеркәсіп, электр энергетикасы, туризм, алтын өндіру, техникалық реттеу, қазақстандық қамту мемлекеттік саясатын іске асыру мәселелерін қамтиды. Сонымен қатар оған Агроөнеркәсіптік кешен, қоршаған орта, жер және су ресурстары, ғарыш қызметі, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту, төтенше жағдайлар мәселелері жүктеліп отыр.
Қайрат Келімбетовке макроэкономикалық, бюджеттік саясат, мемлекеттік активтерді басқару, қаржылық сектор, салық және кеден саясаты, мемлекеттік - жеке меншік әріптестікті дамыту, табиғи монополияларды реттеу мәселелері, бәсекелестікті дамыту, сауда және тариф саясаты бағытындағы жұмыстар тапсырылды. Мұнымен қоса оның қарауында Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі, Еуразиялық экономикалық қауымдастығы, Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы ынтымақтастық жайы болады.
Ал, Ербол Орынбаевқа білім, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат, туризм, спорт, сондай-ақ шағын және орта бизнес, әкімшілік реформаны іске асыру мәселелері, әкімшілік кедергілерді азайту, салық және кедендік әкімшілеу шаралары жүктелді. Сонымен қатар ол бизнес саласындағы индикаторларды жақсарту, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы мен «Еңбекпен қамту - 2020» бағдарламасын үйлестіреді.
Естеріңізе сала кетейік, жақында 5-ші сайланған Мәжілістің бірінші сессиясында депутаттар Үкіметке сенім білдірген болатын. Сонымен қатар Елбасының Жарлығына сәйкес Үкіметте бірқатар тағайындаулар болды. Осының аясында бірқатар тағайындаулар жүзеге асырылды.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың қызметтерін үйлестіреді. Бұл міндетті Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Үкімет отырысында жүктеді.
Еуроаймақтарда экономикалық сектордың тұрақсыздығынан-ақ байқалып отырған жаһандық қаржы дағдарысының қаупі бар екендігін баса айтқан К. Мәсімов: «Дегенмен, бұған қарамастан міндеттер орындалуы тиіс. Сондықтан жоғарыда аталған мәселелерге қарамастан барлық қызметтерімізді үйлестіруіміз керек. Мен, Қайрат Нематұлы сізге барлық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, әкімдіктердің және басқа да агенттіктер мен ведомстволардың қызметін үйлестіруді тапсырамын»,-деді.
Бұл ретте Үкімет басшысы өзінің орынбасарына 2 апта ішінде қай саланы көтеру қажеттігін нақтылауды тапсырды. Сондай-ақ, ол ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысына және орынбасары Ербол Орынбаевқа есептер дайын болғаннан кейін бір апта ішінде үйлестірілетін бағыттар ескерілген жаңа меморандумды қол қоюға әзірдеуді жүктеді.
Сондай-ақ Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов: «Мен Премьер-Министрдің Кеңсесіне алдағы дүйесенбіден бастап барлық министрліктермен және ведомстволармен алқа мәжілістерін өткізу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Қазіргі кезде бұл жұмыстар басталды. Кейбір министрліктер бойынша алқа мәжілістердің бір бөлігін өңірлерде өткіземіз»,-деді Үкімет басшысы.
Сөз соңында К. Мәсімов мемлекеттік органдардың алқа мәжілістері аяқталғаннан кейін 2011 жылдың қорытындысы бойынша және 2012 жылға негізделген мақсат міндеттер тұрғысында Үкімет отырысы өтетінін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын Премьер-Министрдің қатысуымен әр министрлік пен ведомстволарда қорытынды алқа мәжілістері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
ҚазАқпарат