Бүгін Ақмола облысының әкімі Қайрат Қожамжаровтың төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралып, талқыланды.
Жаңадан тағайындалған облыс әкімі Қайрат Қожамжаров облыс активімен өткізген алғашқы аппарат кеңесін жақсы хабардан бастап, жиналғандарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы болып сайланғандығынан құлағдар етті. Өңір басшысы он екі жыл бойы облыс әкімінің орынбасары лауазымында жемісті қызмет атқарған Қадырхан Отаровты жаңа қызметімен құттықтап, табыс тіледі. Өз кезегінде жауап сөз алған Қадырхан Отаров өзіне білдірілген жылы лебізге алғысын айтып, осы уақыттың ішінде өз жетекшілігімен аграрлық салада, өнеркәсіп пен шағын және орта кәсіпкерлік салаларында атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Соның ішінде егістік алқаптардың көлемі 3 миллион гектардан 4 миллион 60 мың гектарға дейін өскендігін, тауар өнімділігі төрт есе ұлғайғандығын, тағы басқа да көрсеткіштерді өңірдің қол жеткен жетіс-тіктері ретінде баса атап көрсетті.
Бұдан әрі кеңесте облыс әкімі Көкшетау қаласының орталығында су құбырының жарылуынан болған апатты қалпына келтіру жөнінде қала әкімі Мұнарбек Батырхановтың хабарламасын тыңдады. Екі жерден болған апат негізінен, біздің ауа райы жағдайына төзімсіз жылу пластигінен орын алған. Облыс әкімі алдағы уақытта жер жағдайына сәйкес келмесе, мұндай сенімсіз материалдарды қолданбау жөнінде қатаң тапсырма берді.
Кеңесте облыстық қаржы басқармасының бастығы Талғат Бөлтенов 2011 жылдың бюджетінің орындалуы туралы қысқаша хабарлама жасады. Хабарламада өткен жылы облыс бюджетіне 120 483,6 миллион теңге қаржы түскендігі айтылды. Бұл - арғы жылдағыдан 9 397,3 миллион теңгеге көп. Салық және басқа төлемдер бойынша жоспар 1 450,2 миллион теңгеге немесе 104,9 пайызға асыра орындалған. Облыстық бюджеттің орындалуы өткен жылға қарағанда 0,3 пайызға жоғарылап, 98,1 пайызды құраған. Бюджеттік бағдарламаның 15 әкімшісі қаржыны 100-99,8 пайыз көлемінде игерсе, 1 932,7 миллион теңге қаржы игерілмей қалып отыр. Бұл игерілмеген қаржының басым дені облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының (682,8 миллион теңге немесе 95,8 пайыз) үлесіне тисе, 434,9 миллион теңгесі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, 502,6 миллион теңгесі облыстық құрылыс басқармасының үлестеріне тиіп отыр. Осының салдарынан «Бизнестің жол картасы-2020», асыл тұқымды мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау, денсаулық сақтау нысандарының құрылысын жүргізу және қайта жаңарту, тағы басқа бағыттардағы бірқатар жұмыстар атқарылмай қалғандығы белгілі болды.
Облыс әкімі жоғарыдағы басқарма басшыларынан қаржының игерілмеу себептерін сұрастыра келіп, өз тарапынан:
-Бәріміз бірлесіп облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа сапалы деңгейге көтеруіміз керек. Бұл үшін әрбір сала бойынша республикалық трансферттен, облыстық бюджеттен бөлінген қар-жыны дұрыс игеруге күш салмасақ болмайды. Бұған дейін бөлінген қаржының өзін дұрыс қажетке жарата алмай жатсақ, Үкіметтен әрі қарай қалай қаржы сұраймыз?-деп орынды пікірін білдірді.
Облысқа бөлінген қаржы толық игерілген жағдайда ғана, барлық жоспарланған іс-шаралар ойдағыдай жүзеге аса түсетіндігі айқын. Таяу күндері Қайрат Қожамжаров облыстық басқармалар мен ведомстволардың жұмысымен жақын танысып, барлық күшті Елбасы алға қойып отырған өскелең міндеттерді орындауға жұмылдыратындығын атап өтті. Демек, алда ақмолалықтарды қауырт жұмыс күтіп тұрғандығы анық. Облыс әкімінің баспасөз қызметі