Облыс әкімі Қайрат Қожамжаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысуды одан әрі жалғастырып, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары басшыларының есептерін тыңдады, осы ведомстволарға жүктелетін нақты міндеттерді белгілеп, оларды шешудің жолдарын қарастырды.Облыс басшысы құрылыс басқармасы бойынша бірқатар мәселелерге назар аударып, екінші жартыжылдықта Көкшетау қаласындағы 500 орындық қалалық емхананың, Степногорск қаласындағы балабақшаның, Есіл қаласындағы 420 орындық қазақ мектебінің құрылысын аяқтау қа-жеттігін атап өтті.
Көкшетау қаласы мен облыс аумағында жоспарланған әлеуметтік маңызы зор нысандарды уақытында бастап, жүзеге асыру қажет. Целиноград ауданының әкімдігімен бірлесіп, Астана қаласының төңірегіндегі елді мекендерді дамытудың кешенді жоспарына сай 2012 жылы жүзеге асырылуы тиісті шаралар белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Өткен жылы облыс аумағында 2011-2014 жылдарға арналған мемлекеттік Тұрғын үй бағдарламасы біршама табысты орындалды. Бұл жұмыстарды одан әрі жалғастырып, 2012 жылы салынатын тұрғын үй алаңы аумағын, инженерлік инфрақұрылымдардың көлемін 2011 жылғы деңгейден асыру қажет. Ол үшін құрылыс саласын қаржыландыруға барлық көздерді тартқан жөн. Ауыл тұрғындарын орталықтандырған су жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстарын одан әрі жалғастырып, халықтың 58 пайызын осындай жүйеге қосқан жөн. Бұл бағытта «Ақбұлақ» бағдарламасы қолға алынып, жүргізіліп жатыр. Онда белгіленген міндеттер уақытында және сапалы орындалуы тиіс. Осы бағыттағы бөлінген бюджет қаржысын тиімді пайдаланбай болмайды.
Осы орайда облыс әкімі Астана қаласының төңірегіндегі аймаққа енетін Целиноград пен Аршалы аудандарының, сондай-ақ, Жақсы, Жарқайың, Бурабай аудандарындағы елді мекендердің 2011 жылы жасалған бас жоспарларын қарап, келісу қажеттігін атап өтті. Бұған Бурабай ауданындағы Бурабай кентінің нақтыланған жоспар жобасы да кіреді. 2012 жылы да-йындалуы тиісті бас жоспарлардың жасалуына мониторинг жүргізу керек. Облыс басшысы облыстың қалалары мен аудандарындағы сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің жылжымайтын мүліктің ақпараттық жүйесін маңыздандыру бойынша жүргізіп жат-қан жұмыстарын аяқтап, мекенжайлық тіркелімнің ақпараттық жүйелерін енгізудің мониторингін жүзеге асыру керек екендігіне назар аударды.
Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Александр Мартыненконың есебін тыңдаған облыс әкімі назар аударылуға тиісті бірқатар жұмыстарды атап өтті. Атап айтқанда, жылу нысандарының инженерлік желілерін алдағы 2012-2013 жылу беру маусымына сапалы дайындау қажет. Ол үшін қыс мезгілінің аяқталуын күтпестен, бүгіннен бастап осы жұмыстарға кіріскен жөн. Екінші маңызды мәселе, коммуналдық қызметке байланысты қарыздарды қайтару мәселесін шешу. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаң-ғырту бағдарламасы аясында тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі тапсырмаларды орындау және оның халыққа пайда тигізетіндей болуын, яғни, сапалылығын қамтамасыз ету керек. Ауылды орталықтандырылған су желісімен қамту, инженерлік желілер мен құрылғыларды ауыстыру жөніндегі белгіленген жоспарларды орындау да маңызды міндет болып табылады. Тағы бір маңызды міндет, бөлінген қаржыны толық көлемінде игеру жайы. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық нысандарды іске қосуды қамтамасыз ету де маңызды. Қуат үнемдеуді қамтамасыз ететін есептеу қондырғыларын орнату жұмыстары да назарда ұсталуы тиіс.
Жолаушы көлігі және автокөлік жолдары басқармасының жұмыстарына қатысты да назар аударатын шаралар атап көрсетілді. Ең алдымен, автокөлік жолдарын жөндеу сапасы басты назарда ұсталуы керек. Қыс маусымында автокөлік жолдарында көліктердің тоқтаусыз жүруіне жағдай жасалып, көктемгі маусымда жолдарды су басып қалмауы да ойластырылуға тиіс. Астана төңірегіндегі елді мекендердің көше жолдарын жөндеу жөніндегі жобалық-сметалық құжаттарды дайындау барысы қадағаланып отырылуы керек. Шучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бағдарламасы шеңберінде қолға алынған Бурабай кентінің жолдарын дамыту бойынша жасалып жатқан жобалық-сметалық құжаттың сапалы болуына назар аудару қажет. Көкшетау әуежайына қайта жөндеу жұмыстарының белгіленген уақытта аяқталуын және жұмыс сапасының дұрыс болуын қадағалау да осы басқарманың маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.
Облыс басшысы өз жұмыстары туралы есеп берген барлық бас-қармалардың басшыларына өз тарапынан жүктелген жаңа міндеттерді баса назарда ұстап, жауапкершілікпен орындауды тапсырды.Облыс әкімінің баспасөз қызметі