Елордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сатып алуларда орын алатын кемшіліктерді сынға алды. "Бүгінгі күні мемлекеттік органдар конкурс өткізбей қоластындағы ведомстволық кәсіпорындардан бірнеше есе көтерілген бағамен тауарлар мен қызметтерді сатып алады. Егер де, мемлекеттік мекемелердің тауарлары мен қызметтерінің бағасын тек ғана 20 пайызға төмендетуге қол жеткізілсе, онда шамамен 500 млрд. теңгені үнемдеуге болатын еді»,-деді Мемлекет басшысы.
Елбасының атап өтуінше, мемлекеттік сатып алуларда орын алған кемшіліктер бірнеше мәрте көтерілгенімен, Үкімет оны ешқандай тәртіпке келтіре алар емес. «Сондықтан да, тауарлар мен қызметтердің бағалары қамтылған толыққанды ақпараттық жүйені қалыптастыру арқылы мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай операторын құру мәселесі маңызды болып табылады»,-деді Н. Назарбаев.
Бұл ретте Елбасы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетовке, Қаржы министрі Болат Жәмішевке және Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаевқа осы мәселемен айналысуды тапсырды.
Әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатудағы алып-сатарлық келісімдерді түбегейлі жою қажеттігін баса айтқан Мемлекет басшысы: «Үкіметтің, Ұлттық банкінің және әкімдіктердің міндеті - азық-түлік пен тарифтер бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу»,-деді.
Осы ретте Мемлекет басшысы бұл жайттың бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілгендігін баса айтты.
Елбасы Үкіметке ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында инвестиция тарту жөніндегі ұлттық іс-әрекет жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Экономика өсімінің жаңа қорларын іздестіріп, оны пайдалану қажеттігін баса айтқан Президент: «Біріншіден, инвестиция үшін күресуіміз қажет. Мен бұл турасында бүгінгі Жолдауымда айттым»,-деді.
Бұл жаһандық қаржы дағдарысы қарсаңында маңызды. Өйткені, инвесторлар өз капиталын өсірудің сенімді көздерін іздестіретін болады.
«Үкіметке бірінші жартыжылдықта инвестиция тарту жөніндегі ұлттық іс-әрекет жоспарын әзірлеуді, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарына сәйкес Қазақстанның инвестициялық саясатын үйлестіруді тапсырамын»,-деді Президент.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Ұлттық банкке дағдарыс жағдайында теңгенің оңтайлы бағамын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Бізге дағдарыспен күрес үшін және экономика өсімін сақтау тұрғысында макроэкономикалық жағдайды қамтамасыз етуді жалғастыру керек»,-деп тоқталды Елбасы.
Қаржылық-несиелік саясатқа тоқталған Президент: «Сыртқы ахуал біздің сауда әріптестерімізге валюта девальвациясына әкелуі мүмкін. Сондықтан Ұлттық банк пен Үкімет бұл жағдайды біздің экспорттаушылардың өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі үшін теңгенің оңтайлы бағамын қамтамасыз етуі қажет. Әлемдік дағдарысқа жалпы қаржылық секторды дайындау керек»,-деп қадап айтты Президент.
Осы орайда, Н. Назарбаев Үкіметке алдағы аптада бұл тұрғыдағы тиісті қадамдарды баяндауды тапсырды. Онда проблемалық банктер мен жалпы банк жүйесінің мәселелері қамтылмақ.
Елбасы Үкімет отырысында тұрғын үй құрылысы саласын игеруде жауапты мемлекеттік органдар еркінсіп кеткендігін айтты.
«Менде тұрғын үй құрылысы бойынша ескерту бар. Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында өткен жылы 138 мың шаршы метр арендалық үй тапсыру көзделген болатын. Нәтижесінде, 100 мың шаршы метрден сәл астамы ғана тапсырылды»,-деді Елбасы.
«Бұдан бұрынғы тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясындағы нысандар әлі күнге дейін тапсырылмаған. Егер жұмыс былай жалғасатын болса, онда қаржыны не үшін бөліп отырмыз»,-деп тоқталған Президент: «Еркінсіп кеттіңдер. Осы мәселе бойынша, біз дағдарысты еңсеру бағдарламасын жүзеге асырғанда барлық әкімдер жұмыс істеп, бұл бағыттағы шаралар нәтижелі болған еді. Ал, қазір барлықтарың дем ала бастадыңдар, жұмыс істеуді қойдыңдар. Қаржы ресурстары бөлініп жатыр. Мұнан басқа енді не керек»,-деп ескерту жасады Н. Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев көбейіп кеткен пайдасыз халықаралық конференцияларды өткізуге шектеу қоюды тапсырды.
Бюджетті оңтайландыруға тоқталған Елбасы, «Қаржы министрлігі бюджет шығыстарын тағы қайта қарастыруы керек»,-деп тоқталды.
Біріншіден, көп шығысты, пайдасыз шараларды өткізуге қаржылық шығындарды қысқарту керек»,-деді Президент.
Осы орайда, Мемлекет басшысы мұндай шаралар елімізде көбейіп кеткендігіне ескерту жасады.
«Барлығы Қазақстанға келуді жақсы көреді. Бұл меймандарды жақсы жағдаймен қарсы аламыз. Соңғы кезде мұндай шаралар жиілеп кетті. Экономикалық ахуал жақсарып еді, толып кеткен мерейтойлар мен конференциялар, халықаралық кеңестер пайда болды»,-деді Н. Назарбаев.
Министрліктер мен әкімдіктердің жоспарларында бүгінде осындай шаралар 3 мыңнан астамға жетіп отыр. «Бұндайды доғару қажет»,-деп түйіндеді Президент.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру картасы аясында қолға алынған жобаларды қайта қарап шығуды тапсырды.
«Индустрияландыру картасы аясындағы 30 ірі жоба жалпы инвестицияның 90 пайызын алып отыр. Осы жобалардың тек 5-уі ғана дайын өнімді шығаруды көздейді. Ал 11 жоба бізге мүлдем қажет емес өнімді шығарумен айналысады. 220 жоба аясында инвестицияның 80 пайызы мұнай-газ бен тау-кен саласына бағытталып отыр. Бұл нақты үйлестіру жұмысының жоқтығын көрсетсе керек», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Осыған орай, Елбасы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке, оның орынбасары Серік Ахметов пен «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Өмірзақ Шөкеевке әрбір жобаны қайта қарап, оның ел эконоимикасына қаншалықты пайдалы екендігін зерделеп шығуды тапсырды.
Алдағы уақытта бәсеке күшейеді. Сондықтан облыстар бір-бірімен емес, көрші елдің аймақтарымен бәсекеге түсуі тиіс.
«Бүгін басшы қызметін атқарып жатқан әрбір азамат Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына күру бастамасы елдің экономикалық дамуына қатты әсер ететіндігін жете түсінуі қажет. Демек, ең алдымен, қазақстандық қамтуды ұлғайту қажеттігін білдіреді. Осы орайда бәсекеге қабілетті өнімді шығаруға барынша тырысу қажет. Екіншіден, индустриялық-инновациялық даму жолында аймақтардың рөлі артады. Себебі, бәсекелестік күрес дәл осы аймақтық деңгейде жүреді. Бәлкім, облыстар бұл жұмысты бірге атқарады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Павлодар облысымен бірігіп, Омбы аймағымен бәсекеге түсе алады. Сол сияқты басқа облыстар да бір-бірімен емес, көрші елдің аймақтарымен өзара жарысуы тиіс», - деді Н.Назарбаев.
2011 жылы еліміздің жеңіл өнеркәсібі мен фармацевтикасы баяу дамыды.
«Фармацевтика бойынша бірең-сараң жұмыстар атқарылды, бірақ жеңіл өнеркәсібі туралы біз мүлдем ұмытқан сияқтымыз. Оңтүстік Қазақстан облысында іс-қимылдың сәл-пәл көріністері байқалады. Дегенмен, бұл жұмыспен нақты айналысып жатқан біреу жоқ. Біз тері мен жүнді өңдемейміз. Неге? Осы мәселені бақылап жатқан біреу бар ма? Экономикалық даму және сауда министрлігі осы мәселені шешеді деп сенемін», - деді Н.Назарбаев.
Президент атап көрсеткендей, Индустрияландыру картасы аясында іске асқан жобалардың 60 пайызға жуығы агроөнеркәсіп пен құрылыс индустриясына тиесілі.
Кеңесте Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің ішкі нарығын отандық тауармен барынша толтыруды тапсырды.
"Мәселен, Қостанайдағы зауытта жап-жақсы УАЗ-дар шығады. Шучьедегі шаруашылықтар оны сатып алса да болады ғой. Сол сияқты, Жамбыл облысындағы ферроқорытпалар мен химия өндірісін үш есе артыруға болады. Бірақ ол үшін бұл өндірісті марганец, кокспен және күкірт қышқылымен барынша қамтамасыз ету қажет. Бізде ол шикізат молынан. Бірақ онымен ешкім айналыспайды. Шетелден алғанша, өзімізде барын қолданып, өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашайық», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Елбасы Табиғи монополияларды зерттеу агенттігінің жұмысын сынға алды. «Бүгінде Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бар жұмысы өңірлік монополистер үшін тарифтердің кезекті өсуін бекітуге негізделген. Ал, тұтынушыларды қорғау бойынша жұмыстар жолға қойылмаған»,-деді Президент.
Осы орайда, Елбасы аталған ведомствоның төрағасы Мұрат Оспановқа тарифті қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз етудегі шараларды қабылдауды жүктеді.
Үкімет отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көктемгі су басу қатерін алдын алуды жүктеді.
Президент Төтенше жағдайлар министрлігі мен барлық әкімдерге көктемгі қардың еруіне, сондай-ақ су басу қауіп-қатерлерінің алдын алуға дайындық шараларын жүргізуді жүктеді.
«Дамбылар мен бөгеттерді, сондай-ақ су құрылғыларын күшейту жұмыстарын жүргізу керек. Өткен жылғы оқиғаны білеміз. Атап айтқанда, Оңтүстікте қар молынан түсті»,-деді Мемлекет басшысы.
«Бұдан бұрынғы оқиғалар қайталанбас үшін тиісті шараларды атқарып, тексеру жұмыстарын жүргізу керек»,-деп тапсырды Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Президент Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметовке Тұрғын үй коммуналдық саласындағы мәселелерді шешуді жүктеді.
Елбасы қалдықтарды өңдеу бойынша Алматы қаласындағы тоқтап тұрған зауытты іске қосуды тапсырды.
Қалдықтарды қайта өңдеу мәселесіне тоқталған Елбасы, «Алматыда үлкен зауыт салдық. Мен онда болдым. Алайда бұл зауыт қоқыстарды екшеп, бөлшектеп жинау жүйесінің болмауы секілді қарапайым себептермен жұмыс істемей, тоқтап тұр»,-деді.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, Алматыда азық-түлік қалдықтары 30-40 пайызды құрайды. «Осының барлығын бір үймеде алып келгенде баршасы шіріп, мұны өңдеу мүмкін болмайды. Барша әлемде қоқысты түріне қарай жинау жүйесі бар. Егер шыныны бөлек, қағазды бөлек, пластмассаны бөлек жинаса, бұл қалдықтарды зауыттардың өздері тасымалдар еді. Ал, азық-түлік қалдығынан әлемде метан өндіріліп пайдаланылады»,-деді Н.Назарбаев.
Өкінішке қарай, осымен елімізде ешкім айналыспайды. Бұл тұрғыда қалдықтарды іріктеу үшін тиісті жұмыс орындарын бөлу керек. «Бұл маңызды мәселе және оны шұғыл түрде шешу керек»,-деді Елбасы.
Дәрі-дәрмектерге қатысты проблемалар уақытылы шешілуі тиіс.«Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге байланысты, әсіресе, қиын аурулар бойынша проблема жылдан-жылға қайталанып отырады. Ағымдағы жылы «В», «С» гепатиттеріне шалдыққандарға дәрі-дәрмектер жеткізу келісімшарты айтарлықтай кешіктіріліп жасалды»,-деді Елбасы.
Осы ретте, мемлекеттік мекемелердің жоспарлау жүйесіне кім немесе не кедергі келтіріп отырғандығын айтып, Денсаулық сақтау министрін сынаған Елбасы, дәрі-дәрмекке қажетті ақшаның бар екендігін, тек дер уақытында келісімшарт жасасу қажеттігін баса айтты.
«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясындағы жұмыс орындары гастарбайтерлерге емес қазақстандықтар үшін құрылады.
«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы кадрлардың шынайы қажеттілігін ескерусіз жүзеге асырылуда»,-деді Елбасы.
Бұл орайда, басты критерий қанша жұмыс орнының құрылғандығында емес, қанша қазақстандықтың шынайы жұмыс орнына орналасқандығында әрі қандай кадр тапшылығы бар екендігінде болуы тиіс.
Мәселе еліміздегі жоғарғы оқу орындарына да тікелей байланысты. Үкімет жоғары оқу орындарына, Білім және ғылым министрлігіне қазіргі уақытта әрі болашақта қандай мамандық иелерін дайындау керектігіне тапсырыс беруі керек. «Өйткені, бұл жұмыс орындарын біз гастарбайтерлерге емес қазақстандықтарға құрамыз»,-деді Президент.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау нысандарының құрылысын сынға алды.
Денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мәселелерін анықтап алу қажеттігін атап өткен Елбасы: «Өткен жылдары 100 мектеп, 100 аурухана бағдарламасы аясында жоспарланған 103 денсаулық сақтау нысанының тек 58-і ғана салынған. Бұл құрылыстарға кім әкімшілік жасайды? Бұлай жұмыс істемеу керек. Әкімдер қайда қарап отыр? Бұл адамдардың денсаулығы үшін, әрі алдымен, сендердің орындауға тиісті тапсырмаларың. Біз бұл бағдарламаны неліктен енгізіп, ақша бөлдік?»,-деді.
Сонымен қатар Н. Назарбаев, 2011 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында елімізде қосымша 350 аурухана мен амбулатория салу міндетін жүктегенін айта келе, «Бірақ жұмсалған шығыстар тек 7 нысан бойынша ғана. Онда неліктен біз осыншама нысан жоспарладық?»,-деді Президент.
Бұл ретте Н. Назарбаев, осындай бассыздықтардың орын алып отырғандығын анықтауды Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке жүктеді.
ҚазАқпарат