Бүгін облыс әкімі Қайрат Қожамжаров көкшетаулық бірқатар белгілі еңбек ардагерлерін және жұртшылық өкілдерін қабылдап, өз ауыздарынан елдің жағдайын естіп-білді, әрбір ұсыныс-пікірге тиянақты жауап беріп, шешетін мәселелерді ойластырды.
Алдымен айтарымыз, аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдері бұл кездесуден кәдімгідей қуанып, біртүрлі қанаттанып шықты. Облыс әкімінің қазақ тілінде жатық сөйлеуі, көтерілген мәселелердің барлығына зор ықылас танытуы атқарушы билік пен ел ағаларының арасындағы сондай бір жарасымды, ашық әңгімеге арқау болды. Қайрат Пернешұлының ең алдымен, білгендік танытып, жағалай отырғандардың бәрімен қол беріп, амандасып шығуы да жылы әсер қалдырды.
- Сіздермен бүгінгі кезде-суіме өте қуаныштымын. Қа-риясы бар елді қазыналы ел дейді. Өздеріңіздей көрген-түйгені мол аға-апаларымыздың ақылымен жұмыс істесек, ештеңеден кем болмасымыз анық. Сол үшін де бүгін сіздермен кеңесіп, пікірлесіп алғанымыз жөн ғой деп ойладым, - деген облыс әкімі алғашқы сөзді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліповке берді. Ардагерлер жетекшісі әкімге ұйым жұмысы жөнінде кеңінен таратып айта келе, 2015 жылы жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толатынына тоқталды. Сөйтіп, жаңа әкім алдына осы елден шыққан әрі батыр, әрі академикке Астанада еңселі бір ескерткіш орнату жөнінде мәселе қойды.
Облыс әкімі де өз кезегінде бұл ойды құптайтынын, Елбасымен ақылдасып, мәселе оң шешіле қалған жағдайда, бар күш-жігерін аянбайтындығын айтты. Осы кездесуде Ч.Әбу-тәліповтың Қайрат Қожамжаровтан келесі өтінген мәселесі жергілікті кадрларға көңіл бөлу болды. Өйткені, бұл істе де кейінгі жылдары шетқақпайлық байқалмай қоймауда. Бір құптарлығы, бұл сауалға да облыс әкімі:
- Бұл жағын да кең ойласып, ақылға салып отырамыз. Қолынан іс келетін адамдар жұмысын жалғастыра береді, - деп жауап берді.
Осы жолы сөз болған Ардагерлер үйі туралы да солай. Әкімнің ойынша басқа өңірлерде бар ондай орындар облысымызға сөз жоқ, керек.
Бұл кеште облыс әкімінің қолы көкшетаулық зиялы қауымның аузынан шыққан әрбір өтініш-тілекті бірін қалдырмай, алдындағы қағазға жазып алып отырудан бір босамады. Әрі сөз арасында соның бәрін де қарастырып, шешетінін аңғартты. Тіпті, кейбірін сол арада-ақ шешті. Айталық, еңбек ардагері Моисей Чжен бұрынғы Көкшетау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы ре-тінде даңғайыр диқан, Социалистік Еңбек Ері Сүйіндік Есмағамбетовтың көптен бері Көкшетау қаласынан бір пәтерге қолы жетпей жүргендігін айтып еді, әкім бірер аптада үйдің болатынымен қуантты.
- Бұған дейін әртүрлі деңгейде көтеріліп жүрген облыс орталығына газ құбырын тарту мәселесін де келгелі зерттеп жатырмын. Жоба құны екі миллиард доллар. Бұл оңайлықпен қолдан келер шаруа емес. Сондықтан, қолдау болар деп бар үмітіміз Үкіметте, - деген сөзі де көкейге қона түсті.
Ел ішінде беделі мол Болат Жанәділов ағамыз көтерген Көкшетаудағы бітпей жатқан мешіттің жағдайын да жаңа әкім білетін болып шықты. Соған орай:
- Осы жағын қатты ойланып отырмын. Алдағы бірер күнде қала активін жинап, құрылысын жандандыруға бар күшті салатын боламын, - дегені де көңілді жайландырып тастады.
Кездесуде сөз алған еңбек ардагері Зура Шуатаева мемлекеттік қызметке жарияланатын конкурстар барысындағы кейбір келеңсіздіктерді, кадрлар резервіне жете көңіл бөлінбеушілікті ауызға алса, облыстық «Қазақ тілі және мәдениет» қоғамдық бірлес-тігінің төрағасы Мейрамбек Киіков ұлттық тәлім-тәрбие, қала іргесіндегі «Нұрлы көш» ауылының жағдайы, оралман ағайындардың дені жұмыссыз отырғандығын мәселе етіп көтерді. Тіл жанашыры мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасын қолға алуымыз керек дегенінде, әкім «түсіндім» деп қолдау білдірді.
- Көкшетау облысы жабылып, өңірдің дамуы кейіндеп қалғаны белгілі. Көкшетау қаласының келбеті тіпті нашар болатын. Былтыр Горький көшесі жөнделіп, қайта соңғы бірер жылда әжептәуір бері қарағаны бұл. Әсіресе, көшелерге көп жұмыстар керек. Жаз туса, жолдың бәрі ойқы-шойқы. Жылда сыннан көз ашпаймыз. Елбасының тапсырмасымен облыс орталығында коммуналдық базар ашылып отыр. Бірақ, онымен бағаның қымбаттауын жеңе алмасымыз анық. Жуырда көрдік, Павлодарда қысқы маусымға арзанқол көкөніс, тағы басқа да азық-түлік қорын жасап алуға үш бірдей үлкен қойма салын-ған екен. Осыны біз де ескеруіміз керек сияқты. «Нұрлы көш» ауылында шынында, халыққа жұмыс жоқ. Оларға жер беріліп, тырбанып еңбек етсе, артығын қалаға да қарасар еді. Тариф жөнінен де теке-тірес көп. Елдің жалақысы жетімсіз. Сондықтан, коммуналдық қызмет ақыларын өсіре берудің өзі жақсылық емес, - деп осы жолы бұрын-ғы Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Қымбат Мұстафина да біраз жайды ортаға жайып салды.
Облыс әкімі бұл ұсыныстардың бәрін қолдап, керекуліктердің өз-өздерін қысқа қажетті көкөніс түрлерімен қамтамасыз ету бағытында қолданып жатқан шаралары ұнайтындығын, демек, біздің өңірде де осы жұмысты қолға алу қажеттігін айтты.
Белгілі жазушы Төлеген Қажыбаев кездесуде идеология мәселелеріне қатысты өз ойларын білдірді. Соның ішінде басқа облыстарда жас әдебиетшілердің Ақжайық,
Баянауыл форумдары өтіп жүргенін, ал, біздің өңірде ондай құлшыныс байқалмайтындығына қынжылыс білді-ріп еді, облыс әкімі бұл бұйымтайды да бірден ескеріп, нау-рыз айының аяғында осын-дай үлгідегі Көкшетау форумын өткізуге сөзін берді.
Сонымен бірге, мүмкіндігінше жергілікті ақын-жазушыларға әкімнің стипендиясын та-
ғайындау, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жергілікті өнер, әдебиет өкілдерінің кітаптарын шығару мәселелері де қарастырылатын болды.
Кездесудің соңына қарай тарихшы ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадыржан Әбуов, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рүстем Шериязданов, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы, Қазақстан Республикасының халық әртісі Жібек Бағысова да сөз алып, білім саласындағы кейбір түйткілді тұстар, Бурабай курорттық аймағының жай-жапсары, актерлердің баспанаға мұқтаждығы жө-нінде ой қозғады. Бұл проблемаларға да жете ден қойған Қайрат Пернешұлының көп ұзамай театрда да болып, өнер ұжымымен жеке кездеспекші ойы бары қуантып тастады. Бұдан кейін:
- Бәрін өзім білемін деген дұрыс нәтиже бермейді. Осы елдің мұң-мұқтажын айтып жатырсыздар. Сіздердің ойларыңыз көпшіліктің тілегі. Барлық мәселе бір күннің ішінде шешіле қоймас. Дегенмен, ойластырып, бір жөнін табамыз. Менің есігім сіздер үшін әрқашанда ашық. Кім келсе де қабылдаймын. Алдағы уақытта да ел мүддесі үшін осылай жүздесіп тұрайық, - деп көпшілікпен жылы қоштасқан әкімге бұл жолы кездесуге жиналғандардың қай-қайсысы болсын, риза еді.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген сөздің өзі тегі, осындайдан барып айтылса керек. Үлкендердің бұл қабылдаудан көңілдері толып, ерекше әсермен тарқағаны лайым, жақсы істердің бастауы болғай.Облыс әкімінің баспасөз қызметі