Облыс әкімі Қайрат Қожамжаров облыстық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармалары мен аумақтық ветеринарлық қадағалау және бақылау инспекциясының, «Азық-түлік корпорациясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының, аймақаралық жер инспекциясының және Ақмола мемлекеттік жерге орналастыру институты басшыларының атқарылған жұмыстар жөніндегі есептерін тыңдап, алдағы міндеттерді белгілеп, пысықтады.Елбасының биылғы халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту жайына ерекше назар аударылды. Аграрлық аймақ саналатын біздің облысымызда бұл саланы өркендетудің мол мүмкіндіктері бар, сондықтан іске қолбайлау болып отырған өзекті мәселелерді бүкпесіз ортаға салып, соны бірлесе шешейік, - деп ә дегенде-ақ мәселені тікесінен қойған облыс басшысы жалаң баяндауларды қойып, нақты іс жөнінде әңгімелеу қажеттігін атап өтті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік Жәмбеталиннің айтуынша, облыста аграрлық салада қол жеткен біраз жетістіктер бар. Ең алдымен, техника паркі жаңартылған, егін өсірудің озық технологиясын пайдалануға, егіншілікті әртараптандыруға көңіл бөліне бастаған, мал шаруашылығы да жыл санап дамып келеді. Бұрын кенжелеңкіреп қалған өңдеуші саланың өнімі де көбейіп, көптеген жаңа кәсіпорындар іске қосылған. Мұның бәрі, әрине, мемлекет тарапынан жасалып отырған қаржылай қолдаудың арқасында қол жеткен жетістіктер екені анық. Соңғы бес жылдың ішінде облыстың ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан берілетін қаржылай көмек көлемі төрт еседей көбейген.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қиындық туғызып отырған шешімін күткен түйткілді мәселелердің қатарында астықты сақтайтын қоймалардың жетіспеушілігін атап өтті. Рекордты өнім жиналған өткен жылы астық сақтайтын қоймалардың жетіспеушілігінен көп шаруашылықтар қиындық көргені белгілі. Қазіргі күні 482 мың тонна астық далада қар астында жатыр. Астықтары далада қалғандардың көпшілігі шағын шаруа қожалықтары екендігін ескерсек, бұл мәселенің әлеуметтік мәні бар екендігін түйсінеміз. Осыған орай, облыс басшысы ұсақ шаруа қожалықтарын қолдау мәселесіне жете көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды. Соңғы жылдарда мал басының, оның ішінде ірі қара санының азайып кетуінің себебін сұраған облыс әкімі статистикалық деректердің өмірден алшақ жататындығына, барлық мәліметтердің нақты болуы қажеттігіне назар аударды. Мұның ертең мемлекет тарапынан берілетін қаржылық көмекті дұрыс алуға да үлкен әсері болмақ.
Аумақтық ветеринарлық қадағалау және бақылау инспекциясының бастығы Жомарт Нұркеновтың баяндауынша, осыдан екі жылдай бұрын Ерейментау ауданында орын алған аусыл ауруынан кейін ондай төтенше жағдай болмаған. Бұл бағытта тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Назар аударылуға тиісті түйткілді мәселелер қатарында мал соятын орындардың жетіспеушілігі және талапқа сай еместігі ауызға алынды. Осыған орай, кейбір жеке тұрғындар малдарын үйлерінде сойып, базарға шығарып жатады. Ал, бұл түрлі жұқпалы аурулардың таралу қаупін күшейтеді. Осыған орай, облыс басшысы бұл мәселені шешу үшін нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Облыста бүгінде 14,6 миллион гектар ауыл шаруашылығына жарамды жер болса, сонша байлықты пайдалануға қатысты туындап отырған өзекті мәселелер де жоқ емес. Бар байлықтың көзі саналатын жердің пайдаланылмай бос жататын жайлары бар. Осы орайда, өткен жылы облыстық жер ресурстары басқармасының араласуымен пайдаланылмай жатқан 394 мың гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылып, айналымға ен-гізілген. Облыс басшысы жерге қатысты туындап отырған барлық мәселелерге қатысты нақты талдау жасап, ұсыныстар да-йындауды тапсырды. Аймақ-аралық жер инспекциясының тек-серулері барысында, әсіресе үй салу үшін берілетін жер телімдеріне қатысты заңсыздықтар көп екені анықталған. Бұндай заңсыздықтардың көбі облыс орталығы Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданында орын алып отыр.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Қайрат Қожамжаров биылғы Елбасы Жолдауында ерекше назар аударылған ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен жерді пайдалануға қатысты жайларға әрдайым байыпты қарап, шешімін күткен өзекті мәселелерді ашық айту, дер кезінде көтеріп, тиісті органдардың назарын аудару, сөйтіп оны шешуде белсенді әрекет жасау, басқосу барысында тапсырыл-ған тапсырмаларды белгіленген уақытта орындау қажеттігін атап өтті. Облыс әкімінің бапасөз қызметі "Арқа Ажары" газетінің ақпаратынан