Алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қ.Келімбетов 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер енгізу туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырды. 2011 жылы республикалық бюджеттің кірісі 102,4 пайызға орындалды.
Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетовтің төрағалығымен өтіп жатқан өткен жылдың қорытындысына арналған Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның басшысы Болат Жәмішев мәлім етті.
2011 жылдың бюджетінің атқарылуы мәселесіне тоқталған министр, «2012 жылғы 1 қаңтарда республикалық бюджеттік кірістер жоспардағы 4 трлн. 346 млрд. теңгеге қарағанда, 2,4 пайызға немесе 105,5 млрд. теңгеге артық орындалды. Жалпы түсімдер 4 трлн. 451 млрд. теңгеге жетті. Оның ішінде салықтық түсімдер 3 трлн. 1 млрд. теңгеге жетті. Немесе 102,3 пайызға орындалды»,-деді.
Оның сөзіне қарағанда, кірістер бойынша жоспарды артығымен орындау негізінен салықтық түсімдер - 66 млрд. теңге, салықтық емес түсімдер бойынша 22 млрд. теңге, трансферттердің түсімі бойынша жоспар 14,7 млрд. теңгеге артық орындалды.
Ағымдағы жылғы Үкіметтік сыртқы қарыз алу көлемін жоспарлау ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға байланысты болады.
«Атап айтқанда, «Астананың жаңа көліктік жүйесі» жобасын қаржыландыру және «Ирригациондық және дренаждық жүйені жетілдіру» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру үшін сыртқы қарыздарды тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі секілді ірі жобаны қаржыландыруға сыртқы қарыз тартылмақ»,-деді Б. Жәмішев.
«Жалпы, 2012 жылда тартылатын сыртқы қарыздың жоспарлы көлемі 2,2 млрд. АҚШ долларын құрамақ»,-деді министр.
Қазіргі кезде сыртқы қарыздарды тартудың үрдісі 8-ден 12 айға дейін уақыт алады. Осыған байланысты сыртқы қарыздарды тарту бойынша үрдістерді жеңілдету қажет.
Бүгінде базарлардағы сауда жүргізетіндердің 3-тен 2 бөлігі жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.
«Осыған байланысты 2013 жылдан бастап біржолғы талондарға тыйым салу керек. Осыған байланысты нарықтардағы сауда жасайтын субъектілердің барлығын баламалы салықтық режімге көшірудің ісжоспарын әзірлеуді тапсырамын»,-деді министр.
Б. Жәмішев министрліктің жауапы орындарына аталған салық төлеушілерге тиісті түсіндіру шараларын жүргізуді ескертіп өтті. «Бұл жұмыстар 2012 жылдың 1 наурызына дейін атқарылуы тиіс»,-деді ведомство басшысы.
Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Болат Жәмішев салықтық есептілік формаларының көлемін тағы 30 пайызға қысқартуды тапсырды.
«Операциялық кедергілерді төмендету мақсатында салықтық есептілік көлемі 30 пайызға қысқартылды. Салық комитетіне осы бағыттағы оңтайландыру жұмысын жалғастыруды тапсырамын. Сондай-ақ, салықтық есептілік формаларының көлемі тағы да 30 пайызға қысқаруы тиіс»,-деп жүктеді министр.
Мұнымен қоса ведомство басшысы салықтық әкімшілеуді реформалау жобасы бойынша қарастырылған барлық шараларды толық көлемде әрі сапалы түрде жүзеге асыруды тапсырды. Оның ішінде мәліметтерді өңдеу орталығын құру және салық органдарының Саll орталығын дамыту шаралары қамтылмақ.
Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер енгізу туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырды.
«Қаржы министрлігінің алдында тұрған басты міндеттер - ол Елбасы қойған мақсаттарды қаржылық қамтамасыз ету. Сондықтан да министрлікке 16 ақпанға дейін, яғни 2 аптадан кейін «Қазақстан Республикасының 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Премьер-Министр Кеңсесіне енгізуі тиіс»,-деп атап өтті Қ. Келімбетов. Нақтылап айтқанда, 6 ақпанда Үкімет басшысының қатысуымен аталған заңнаманың алдын ала жобасы қарастырылады. «Сонымен қатар бүгін Экономикалық даму және сауда министрлігі мен Қаржы министрлігі бірлесіп республикалық бюджеттік комиссияның, жұмыс тобының жұмыс жоспарын қарастыратын болады»,-деді вице-премьер.
Оның сөзіне қарағанда, 2012 жылға бюджетті нақтылау кезінде және 2013-2014 жылдарға бюджетті қалыптастыру барысында Елбасының Жолдауына сәйкес шығыстарды оңтайландыру керек. Сонымен қатар экономиканың өсіміне оң ықпал етпейтін шараларға қаржы шығыстарына тыйым салу шарт.
Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті қызметкерлерінің 80 пайыздан астамы құқық қорғау органы қызметкерлерінің қатарынан шығарылады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде ведомствоға қарасты Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Серік Баймағамбетов мәлім етті.
Оның сөзінше, Кедендік бақылау комитетінің бөлімшелері атқаратын жұмыстар сарапталып, нәтижесінде өткен жылдың желтоқсан айында арнайы қаулы жобасы дайындалып, Үкіметтің қарауына енгізілді. «Онда кеден органдарының 83 пайызын құқық қорғау органы қызметкерлерінің қатарынан алып тастау мәселесі қаралған. Егер қаулы күшіне енетін болса кеден саласының 17 пайызы ғана, аттестациядан өткен қызметкер болып қалады. Бұл дегеніңіз 1 мыңға да жетпейтін қызметкерлер»,-деді С.Баймағамбетов.
Комитет төрағасының айтуынша, кеден саласы қызметкерлерінің 17 пайызынан өзгелері құқық қорғау органының қызметкері болып есептелмейді. «Құқық қорғау органы қызметкерлерінің қатарында саналатын азаматтарды аттестациядан өткізу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен кеден саласының құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін азаматтардың мәртебелері белгіленеді»,-деді ол.
"Өткен жылы Қытай Халық Республикасынан келген тауарлардың есебінен мемлекет пайдасына 86 миллиард теңге түсті", -деді Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Серік Баймағамбетов.
Оның айтуынша, еліміздің кеден саласы өткен жылдың 1 шілдесінен бастап, Кедендік одақтың оңтүстік өңірлерін қорғауға баса назар аударып отыр. «Осы ретте, Қытайдан келетін тауарларды әкімшілендірудің сапасын арттыру да ерекше назарда екендігін атап өту керек. Бұған қоса, қазір тәуекелдерді бағалау жүйесі бойынша, Қытайдан келетін тауарлар тәуекелдері өте жоғары заттар қатарында саналады. Мұндай тауарларды кедендік рәсімдеу кедендік бақылау шараларының тереңдетілген жүйесі бойынша жүзеге асырылады»,-деді Комитет төрағасы.
Оның сөзінше, Қытай Халық Республикасынан келген тауарлар негізінде мемлекет меншігіне тәркіленген 86 миллиард теңге 2010 жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіштермен салыстырғанда, 42 пайызға көп болып отыр. «Осы ретте айта кететін мәселе - өткен жылы Қытай шекарасынан бізге өтетін вагондар саны 3 мыңға қысқарды. Сондай-ақ шекара арқылы өтетін автокөліктер саны 3,5 мыңға азайды»,-деді С.Баймағамбетов.
ҚазАқпарат