Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің (БЭК) құқықтық келісімшарт базасын құрайтын халықаралық келісімшарттар кодталады. Бұл туралы қаңтардың 31-і күні елордада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетовтың қатысуымен өтіп жатқан Экономикалық даму және сауда министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.Ведомство басшысының атап өтуінше, интеграциялық процестердің тереңдей түсуі жағдайындағы министрліктің негізгі міндеттері елдің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сыртқы тәуекелдерге қарсы тұру үшін жағдайды қамтамасыз ету мақсатындағы БЭК-ке мүше елдермен үйлестірілген макроэкономикалық саясатты жүргізу болып табылады.
«Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық келісімшарт базасын құрайтын халықаралық келісімшарттар кодталады»,-деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, министр өз сөзінде, елорданың ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізу құқығына өтініш бергенін айта келе, бұл іс-шараның имидждік маңызы зор болғандықтан, барлық күш-жігерді жұмсау қажеттігін атап өтті.
"2012 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін агломирациялар мен моноқалаларды дамыту бағдарламасы қабылданады",- деді ведомство басшысы Бақытжан Сағынтаев. Өңірлердің экономикалық әлеуетін белсендіру негізінде олардың даму тиімділігін қамтамасыз ету министрліктің алдында тұрған міндеттердің бірі екендігіне тоқталған Б. Сағынтаев: «Осы мақсаттарда ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығының соңына дейін жүзеге асырылып жатқан «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына қосымша агломирациялар және моноқалаларды дамыту бағдарламасы қабылданатын болады»,-деді.
Оның атап өтуінше, бағдарламада негізгі басымдық экономикалық өсім орталықтары ретінде Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент қалаларына беріледі. Моноқалаларды дамыту бөлігінде ол осы қалалардың экономикасын, шағын және орта бизнесін белсенді дамыту, еңбек ресурстарын жұмылдыруды арттыру арқылы экономикасын әртараптандыруға бағытталатын болады.
Сонымен бірге Бақытжан Сағынтаев: "Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында жаңа мемлекеттік қызметтердің тізбесі бекітіледі", -деді. «Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, құжаттар беру сынды қоғамдық маңызы бар салалардың 500-ден астам түрін қамтитын жаңа мемлекеттік қызметтер тізбесі бекітіледі. Және олардың стандартталуы мен регламенттелуі 100 пайыз қамтамасыз етіледі»,-деді Б. Сағынтаев.
Оның атап өтуінше, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңның жобасын әзірлеу үстінде. Осының барлығы азаматтардың қажеттілігін қанағаттандыруда мемлекеттік органдардың қызметтерін орталықтандыруға мүмкіндік беріп, мемлекеттік қызмет көрсетулердің сапасын жаңа деңгейге шығарады.
Сондай-ақ, Елбасы министрлік алдына мемлекеттік қызметтердің тізбесін әзірлеу және орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың типтік құрылымдарын оңтайландыру бойынша ұсыныс енгізу міндетін қойғанын атап өткен ол: «Министрлік мемлекеттік жоспарлау жүйесін одан әрі жалғастырады»,-деді.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетовтың қатысуымен өткен Экономикалық даму және сауда министрлігінің алқа мәжілісінде тауар биржасының жұмыстарына жүргізілген сараптама олардың жұмыстарын нормативтік-құқықтық реттеуге айтарлықтай нақтылық қажет ететіндігін көрсеткенін атап өткен министр: «Осыған орай, ағымдағы жылы біз тауар биржасы бойынша заңнаманы жетілдіру, оның ішінде биржалық сауданың жетістіктері, биржаларға біліктілік талаптары және «Тауарлық биржалар туралы» заңның өзін жетілдіру бойынша жұмыстарды жүргіземіз»,-деді.
Сондай-ақ оның атап өтуінше, ағымдағы жылы электрондық коммерцияны дамыту мәселелері бойынша заң жобасы әзірленетін болады.
«Мемлекет басшысының Жолдауында сөз болған жеке сауда желісіндегі аграрлық сектордың өнімдерін сатудағы делдалдарды жою мақсатында, тауарларын делдалдарсыз сатуды жүзеге асыратын жеке сауда кәсіпорындарды және фермерлерді мемлекеттік қолдау жүйесі бойынша ұсыныс енгізілетін болады»,-деді министр.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов Экономикалық даму және сауда министрлігіне 3 күннің ішінде 2012 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштерді бағалауды нақтылауды тапсырды. Бұл тапсырманы ол министрліктің 2011 жылдағы негізгі нәтижелері мен 2012 жылғы міндеттеріне арналған алқа мәжілісінде берді.
Қ.Келімбетовтің атап өтуінше, таяудағы екі апта бюджетті қалыптастыруға арналса, ақпан айының екінші жартысынан бастап оны ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының қарауына енгізу қажет. «Осыған орай министрлік үшкүндік мерзімде 2012 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштерді бағалауды нақтылау және сәйкесінше республикалық бюджеттік комиссияның қарауына енгізуі тиісті», - деді ол.
Сонымен қатар, ол аталған шаралармен қатар 2013-2015 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру процессі басталатындығын атап өтті.
ҚазАқпарат