Бүгін Көкшетауда бесінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының бірінші сессиясы болып өтті. Сессияның күн тәртібінде облыстық мәслихаттың хатшысын сайлау туралы мәселе қаралды. Сессия жұмысына облыс әкімі Қайрат Қожамжаров қатысып, сөз сөйледі. Облыстық мәслихаттың бірінші сессиясына сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Жабал Ерғалиев, Светлана Жалмағамбетова қатысты.Жаңадан сайланған облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы бұған дейін алғаш 2012 жылдың 20 қаңтарында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес Ақмола облыстық сайлау комиссиясының төрағасымен шақырылған еді. Сол жолы бірінші сессияның төрағасы болып Аршалы ауданындағы «Ижевский» өндірістік кооперативінің бас директоры, Социалистік Еңбек Ері, «Парасат» орденінің иегері, бес шақырылым бойы облыстық мәслихаттың депутаты болып келе жатқан Ибрагим Жанғоразов сайланған болатын. Бірінші сессияда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметовтың 2012 жылдың 15 қаңтарында өткен сайлау туралы хабарламасы тыңдалып, облыстық мәслихат депутаттарына куәліктер мен төсбелгілер табыс етілгенін, одан әрі сессия жұмысы келесі 21 қаңтар күні жалғасып, онда депутаттар Ақмола облысының жаңа әкімінің кандидатурасына бірауыздан қолдау білдіргенін бұдан бұрын газетімізде хабарлаған болатынбыз.
Бірақ, сол күндері сессияның күн тәртібіндегі Ақмола облыстық мәслихатының хатшысын сайлау туралы мәселе кейінге қалдырылуы себепті, бұл мәселе облыстық мәслихаттың өз жұмысын жалғастырған сейсенбі күнгі бірінші сессиясында қаралды. Депутаттарға қоса, облыс әкімінің орынбасарлары, облыс прокуроры, әділет департаментінің бастығы, БАҚ өкілдері қатысқан сессияны сессия төрағасы Ибрагим Жанғоразов ашып, жүргізіп отырды. Төраға жиналғандарға сессияның есеп және редакциялық комиссиялары алғашқы мәжілісте сайланғанын еске сала келіп, сессияға «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы саяси кеңесі бюросынан депутаттардың «Нұр Отан» фракциясын құру туралы шешімінің келіп түскендігінен хабардар етті. Сөйтіп, осы мәселе дауысқа салынып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Бұдан кейін сессия үстінде «Нұр Отан» фракциясының бірінші ұйымдастыру мәжілісі өткізіліп, онда «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкин фракция төрағасын сайлау және Ақмола об-лыстық мәслихаты хатшысының кандидатурасын талқылау мәселелерін күн тәртібіне қойды. Осы ретте, бұл мәселелердің 2012 жылдың 23 қаңтарында
саяси кеңестің бюро мәжілісінде қаралғаны айтыла келе, Ақмола облыстық мәслихатындағы «Нұр Отан» ХДП депутаттар фракциясының төрағалығына №4 сайлау округінен сайланған депутат Сағынтай Елубаев, ал, төрағаның орынбасарлығына №26 сайлау округінен сайланған депутат Әнел Ерденова ұсынылып, қос кандидатура да депутаттардың ашық дауыс беруі арқылы бірауыздан қолдау тапты.
Одан әрі фракция төрағасы Сағынтай Елубаев «Нұр Отан» фракциясының атынан №25 сайлау округінен сайланған депутат Нина Сергеевна Дьячекті Ақмола облыстық мәслихатының хатшылығына ұсынып, депутаттардан осы кандидатураны қолдауды сұрады. Осыған орай, сессияда сөз алған депутат Аждар Тайшытаев көптен бір ауданда тұрып келе жатқандықтан, Нина Дьячекті тек жақсы жағынан білетіндігіне тоқталып, егер осы жауапты қызметке сайлана қалса, аталған кандидатураның бұл зор сенімді ақтайтындығына сендірді.
Сөйтіп, депутаттардың ашық дауысқа салуымен Нина Дьячек бірауыздан Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы болып сайланды. Ол 1960 жылдың 24 мамырында Ақмола облысы Жақсы ауданында Новокиенка ауылында туған. 1987 жылы Алматы халық шаруашылық академиясын қаржыгер-экономист мамандығы бойынша бітірген. Жаңа қызметке сайлан-ғанға дейін «Халық Банкі» акционерлік қоғамының Атбасар басқармасының бас-тығы болып қызмет атқарған. Облыстық мәслихаттың жаңа хатшысы жауап сөзінде өзіне жоғары сенім көрсеткен депутаттарға алғысын жеткізгеннен кейін сессия күн тәртібіндегі келесі мәселе - мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамын және төрағаларын сайлауға көшті. Бұл жөнінде депутаттар Сағат Рақышев, Сергей Зиборов және Анатолий Куликов өз ұсыныстарын ортаға салып, ашық да-уыс берудің нәтижесінде №30 сайлау округінен сайланған депутат Қайрат Сұлтанов экономика және бюджет мәселелері жөніндегі комиссияның, №13 сайлау округінен сайланған депутат Людмила Богапова әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссияның, ал, №22 сайлау округінен сайланған депутат Серік Аяғанов депутат этикасы, заңдылық және құқық тәртібі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағалары болып сайланды.
Бұдан кейін сессияда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Светлана Жалмағамбетоваға сөз беріліп, халық қалаулысы Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқталды.
Бұдан әрі сессияға қатысушылар алдында Ақмола облысының әкімі Қайрат Қожамжаров сөз сөйледі. Өңір басшысы алдымен, елімізде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және жергілікті депутаттарын сайлау зор өрлеу мен ұйымшылдық жағдайында өткендігін атап өтті. Сонымен бірге, облыстық мәслихаттың жаңа хатшысы Нина Сергеевна Дьячекті жауапты қызметімен құттықтап, табыс тіледі.
-Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын және биылғы жылдың 27 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде берген тапсырмаларын орындау жөнінде облыстағы өкілетті және атқарушы органдардың алдында үлкен міндеттер тұр,- деді өз сөзінде облыс әкімі. -Халықты жұмыспен және сапалы қолжетімді тұрғын үймен қамту мемлекеттің дамуындағы басым бағыттардың бірі. Ақмола облысы да бұл ортақ іске лайықты үлесін қосуы керек. Жолдауда алға қойылған өңірлерді дамыту, тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыру, кадрлар әлеуетін жақсарту, адами капиталды өсірудің бәрі бүгіннен бастап белсене айналысуды тілейтін іргелі жұмыстар болып табылады. Кез-келген мемлекеттің ұлттық саясатының өзегі - тіл саясаты. Біздің алдымызда мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және қолданылу аясын кеңейту жөнінде де атқаратын үлкен істер тұр.
Облыс әкімі өз сөзін қорытындылай келе, Елбасы Жолдауынан туындайтын осы міндеттерді орындау барысында Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары өз іскерліктері мен адами қасиеттерін көрсететіндіктеріне сенім білдірді.
Сессияда депутаттар облыстық мәслихаттың кезекті екінші сессиясының күн тәртібін бекітіп, сессия төрағалығына депутат А.Куликовты сайлады. Осымен облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы өз жұмысын аяқтады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажары» газетінің ақпаратынан