Облыс әкімі Қайрат Қожамжаровтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты ел халқына арнаған биылғы Жолдауын талқылау жөніндегі идеологиялық актив болып өтті. Актив жиналысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, соғыс және еңбек ардагерлері, мәслихаттардың депутаттары, аудандар мен қалалардың әкімдері, кәсіпорын-ұйымдар мен мекемелердің басшылары, жұртшылық және қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.Актив жиналысында облыс әкімі Қайрат Қожамжаров Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылдың 27 қаңтарында ел халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер жөнінде баяндама жасады.
Өткен жұма күні Елбасы Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады, - деді облыс әкімі өзінің кіріспе сөзінде. - Биылғы Жолдау - ерекше Жолдау. Оны орындау барлық қазақстандықтарға, соның ішінде барша ақмолалықтарға зор абырой. Еліміздің белгіленген стратегиялық даму жоспарларын жүзеге асыру барысында біздің аймақтың өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы көңілге қонарлық. Бұл баршамыздың еңбегіміз. Мемлекет басшысы дамудың жаңа кезеңінде еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің алдына жаңадан бірқатар маңызды міндеттер қойып отыр.
Бұдан әрі облыс әкімі биылғы Жолдаудың негізгі он бағытына тоқталып, маңызды құжатта халықты жұмыспен қамтудың ерекше орын алатындығына назар аударды.
Баяндамада Жолдауда қамтылған он міндетке қатысты облыс активінің алдында тұрған бірде-бір міндет назардан тыс қалған жоқ. Айталық, облыс әкімі денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы жағдайды жан-жақты саралай келе, тиісті орындарға нақты тапсырмалар жүктеді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөнінде де баса айтылып, туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына қолда бар спорттық базалардың мүмкіндіктерін осы мақсатта кеңінен пайдалану тапсырылды. Бір құптарлығы, облыс әкімі өз сөзінде мемлекеттік тілдің дамуына баса мән беріп, тіл саясаты кез-келген мемлекетте ұлттық саясаттың өзегі екендігін атап көрсетті.
Елбасы өз Жолдауында өскелең ұрпақтың рухани - адамгершілік тәрбие мәселелеріне жете көңіл бөліп, осы жұмысты ширатудың маңыздылығы жөнінде кеңінен сөз қозғағандығы белгілі. Облыс әкімінің баяндамасында да осы тұрғыдағы алда тұрған міндеттер рет-ретімен жан-жақты қамтыла түсті. Баяндамада сонымен бірге, Жолдауда атап көрсетілген өңірлерді дамытудың белгіленген көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін Индустрияландыру картасына қатысты инвестициялық жобаларды да жедел жүзеге асыру мәселелері нақты сөз болды. Өткен жылы облыс экономикасына 122,7 миллиард теңге инвестицияның тартылуы бұл ретте, көптеген мүмкіндіктердің барын айғақтайды. Облыстың міндеті соны тек тиімді пайдалана білу. Бұл жөнінде барлық тиісті басқармалар мен ведомстволарға нақты тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді. Әсіресе, өңірде демалыс және туризм индустриясын дамыту жөнінде басқарма құру мәселесі де қарастырылатын болды.
Сөзінің соңында облыс әкімі Қайрат Қожамжаров тұрғындар арасында Жолдауды түсіндіріп, насихаттау жұмыстарын тиімді ұйымдастыру үшін ішкі саясат басқармасына, аудандар мен қалалардың әкімдеріне ақпараттық-насихат топтарының жұмысын дұрыс жолға қоюды тапсырды. Жолдаудың негізгі қағидаларын халыққа жеткізу жөніндегі жұмыс бір сәт те толастамай, әр тұрғынның көкейіне қона түсетіндей жағдай жасалуы керек.
-Былтыр атқарылған жұмыстар аз емес, алайда, алда одан да ауқымды жұмыстар тұр. Облысты мекендеген сан ұлттың өкілдері ынтымақпен, береке-бірлікпен бір үйдің баласындай жұмыла кіріссе, біз бағындырмайтын шың, алмайтын қамал жоқ. Ел-жұртымыздың еңсесін тіктеп, мерейге бөлейтін еңбектеріңіз-ге сәттілік, толымды табыс тілеймін,-деді облыс әкімі сөзінің соңында.
Баяндамадан кейін алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевқа беріліп, халық қалаулысы бүкіл қазақстандықтарды бір мақсат, бір мүдде жолында біріктірудің қайнар көзіне айналып отырған Елбасы Жолдауының басым бағыттары жөнінде өзіндік ой-пікірлерін біліктілікпен ортаға салды. Сонымен бірге, Парламент қабырғасында Ақмола, Көкше еліне деген азаматтық жанашырлықпен өзі көтеріп жүрген маңызды мәселелерге ойысып, облыс орталығында көптен шешімін таппай келе жатқан газ, жылу-электр станциясы құрылысына қатысты Үкіметке жолдаған сауалынан да хабардар ете кетті. Бұйырса, бұл сауалдың да бір нәтижесі болмай қоймайтындай.
Бұдан әрі жарыссөз бойынша «ENKI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Амангелді Смайылов, Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахат, Бурабай ауданындағы «Есіл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Асылбек Есмағамбетов сөз сөйлеп, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді өңір проблемаларымен байланыстыра келе, келелі пікір, тың ойларымен бөлісті.
Облыс әкімі Қайрат Қожамжаров өзінің қорытынды сөзінде бүгінгі идеологиялық активте алға қойылған міндеттердің бәрі ақмолалықтар үшін күнделікті іс-қимыл бағдарламасына айналуы керектігін баса атап көрсетті. Мемлекет басшысы айқындап берген басты бағыттар облыстағы барлық мемлекеттік органдардың қызметіндегі негізгі мәселе болуы тиіс. Ел алдындағы жауапкершілікті барынша сезіне отырып, Жолдауды орындауға бар күш-жігерді салғанда және осы мақсатқа қол жеткізуге аянбағанда ғана жоспарлап отырған ісімізден нақты нәтиже күтуге болатындығы айқын. Сол жолда аянбайық. Облыс әкімінің баспасөз қызметі "Арқа Ажары" газетінің ақпаратынан