Табиғи монополияларды реттеу агенттігі авиа керосин бағасын реттеу бойынша ұсыныс енгізді. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2011 жылдағы қорытындысына арналған алқа мәжілісінде аталған ведомствоның басшысы Мұрат Оспанов мәлім етті.
«Әуе тасымалдарына бағаны тұрақтандыру мақсатында авиа керосин бағасының тұрақты өсуіне байланысты оны реттеу бойынша агенттік тиісті ұсыныс жасады. Атап айтқанда, авиа керосин бүгінде мемлекет тарапынан реттелетін мұнай өнімдері тізімінің жобасына енгізілмеген»,-деді М. Оспанов.
Дифференциялдық тарифтердің аясында 26,6 млн. текше метр су үнемделді. Суды үнемдеу мәселесі тұрғысында республиканың өңірлерінде тұтынушылар тобына байланысты суға дифференциялдық тарифтер енгізілді. Бұл бірінші кезекте өндірістік кәсіпорындарда, бюджеттік ұйымдарда суды үнемдеуге негізделген.
«Аталған тарифтерді енгізу нәтижесінде үнемделген су көлемі 15 пайызға дейін жетті. Бұл 26,6 млн. текше метр су немесе 2 млрд. теңгеге жуық қаржыны құрады. Ал, су арналары өздерінің табыстарын 9,82 млрд. теңгеге арттырды»,-деді агенттік басшысы.
Қазақстанда электр энергиясына 3 деңгейлі дифференциялдық тарифтер енгізіледі. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстанда электр энергиясына тұтыну көлеміне қарай дифференциялдық тарифтің 2 деңгейлі өлшемі іске асырылып жатыр. Мәселен, Астана қаласында айына 70 кВт/с-ға дейін электр энергиясын пайдаланушы 8,1 теңге әр кВт/с-ға төлейді. Бұл бірінші деңгей. Ал, екінші деңгейде 70 кВт/с-дан артық энергия тұтынғандар әр кВт/с-ға 11,6 теңге төлейді.
«Алайда, әлемдік тәжірибеде 3-6-ға дейінгі тарифтік деңгейлік жүзеге асырылуда. Халықаралық тәжірибені ескере отырып агенттікте тұтыну көлемі бойынша электр энергиясына дифференциялдық тарифтің 3 деңгейлі өлшемін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде»,-деді М. Оспанов.
«Бүгінде агенттіктің энергия үнемдеу бойынша басымдықты шараларының бірі - дифференциялдық тарифтерді енгізу. Қазіргі кезде аталған тарифтердің енгізілуі өнімді пайдалану көлеміне байланысты электр энергиясын үнемдеуде оң көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр»,-деді агенттік төрағасы.
«Аталған жұмыстың нәтижесі бойынша елімізде 1 жылдың ішінде электр энергиясының үнемдеу көлемі 421 млн. кВт/с құрады. Бұл еліміз электр энергиясын пайдаланатын жалпы көлемінің 4,8 пайызын құрайды»,-деді М. Оспанов.
Оның сөзіне қарағанда, аталған тарифтердің арқасында үнемделген көмір көлемі 105 мың тоннаға жетті. Ал, шығарылған қалдықтар 46 мың тоннаға қысқарды. Мұнымен қоса тұтынушылар 3,5 млрд. теңге көлемінде қаржы үнемдеді.
ҚазАқпарат