Түрікмен газын Қытайға тасымалдаудың арқасында біз ол өнімді молынан тұтына бастадық.
Өткен жылыту маусымы барысында біз 283 млн. текше метр түрікмен газын пайдаландық. ҚР Мұнай және газ министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде аталған ведомствоның басшысы Сауат Мыңбаев осылай мәлім етті.
Оның хабарлауынша, биыл түрікмен газының 500 млн. текше метрін тұтыну жоспарланған. «Өткен жылғы қарашаның 10-нан бері біз ол газдың 400 млн. текше метрінен астамын пайдаландық», - деп атап көрсетті С.Мыңбаев.
Жалпы, бүгінде түрікмен газын Кытайға жеткізудің арқасында Қазақстанның тасымал көрсеткіші 18 пайызға өсті. «Бірақ біз арқылы Ресей Федерациясына жеткізілетін өзбек газының көлемі төмендеді», - деді министр.
Биыл Қазақстанда мұнай мен газ конденсатының 83 млн. тоннасы өндіріледі. Кейбір кәсіпорындарда өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты биылғы көрсеткіш сәл азаяды. «Иә, жоспар 83 млн. тонна көлемінде бекітілген. Бірақ бұл көрсеткіш сәл төмен болады деп есептеп отырмыз. Себебі биыл кейбір кәсіпорындарда өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады. Мәселен, «ӨзенМұнайГаз» көрсеткіші 19 пайызға төмендесе, элект энергия желілерінде болған апаттық жағдайға байланысты «ТеңізШевройл» да желтоқсан айында өз өндірісін баяулатқан еді. Дегенмен, кейбір шағын кәсіпорындар бойынша өсу байқалады», - деп атап көрсетті С.Мыңбаев.
Отандық мұнай өнімдерінің экспортына қойылған шектеу жылдың аяғына дейін жалғасады.
Өткен жылы жанар-жағар май саласында болған тапшылық мәселесіне орай Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің өкімімен Қазақстанның мұнай өнімдерінің экспортына шектеу қойылған болатын. Бас кезінде бұл шара уақытша болады деп жоспарланған еді. «Енді, бұл шектеу 2012 жылға толығымен енгізіліп отыр», - дейді С.Мыңбаев.
ҚазАқпарат