Облыс әкімі Қайрат Қожамжаровтың төрағалығымен өткізілген әкімдік мәжілісінде Ақмола облысының 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2011 жылдың бюджетінің орындалуы туралы мәселелер қаралып, талқыланды.Әкімдік мәжілісіне облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшылары, аудандар мен қалалардың әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Мәжілісте күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Мұратбек Тақамбаев
баяндама жасады. Баяндамашы Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру тұтастай алғанда, өңір экономикасының ойдағыдай дамуына қол жеткізіп отырғандығын атап көрсетті. Өңірдегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты алты негізгі саланың ырғақты дамуы облыс экономикасының 8,2 пайыз өсімін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттің ойдағыдай орындалуына жол ашты. Есепті жыл ішінде өнеркәсіптегі өсім 113 пайызды құраса, ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 175,8 пайыз болды. Басқа салаларда да өсім осы тақылеттес.
Дегенмен, мәжілісте күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің тарапынан сауалдар көп туындады. Атап айтқанда, өңір басшысы жергілікті органдардың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты беретін кейбір цифрларына өзіндік көзқарасын білдіріп, істің байыбына терең бара түсті. Сол себепті, баяндамашыға нақты жағдайды білу үшін бірнеше сауал қойды. Соның бірі облыста өнеркәсіп саласының әлеуетін арттыра түсетіндей қосымша мүмкіндік бар ма деген мәселеге келіп тірелді. Баяндамашының пайымдауынша, мұндай мүмкіндік бар. Мәселен, «Алтынтау-Көкшетау» серіктестігі өткен жылы 10 тоннаға жуық алтын өндірді. Ал, оның жылдық қуаты жылына 13-15 тонна алтын өндіруге негізделген.
Облыс әкімі сондай-ақ, сауда орындары мен базарлардағы азық-түліктің қымбат екендігіне, соның ішінде былтыр қарақұмық бағасының 26 пайызға көтерілгендігіне назар аударып, бағаны төмендетуге бола ма деген сауалды «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Саябек Қанафинге қойды. Мәселені анықтау барысында акционерлік қоғамның қысқы маусымға дайындаған 2,5 мың тонна картобы шамамен күніне үш тоннадан облыс орталығындағы көтерме сауда базарына, тағы басқа өз нүктелеріне түсетіндігі белгілі болды. Бұдан бұл «екінші нанның» делдалдар арқылы сатылатындығын көруге болады. Мәселен, акционерлік қоғам оның әр келісін 40 теңгеден босатса, делдалдар 55 теңгеден сатады, ал, олардан сатып алатын саудагерлер үстіне тағы қосады. Осының бәрін анықтай келіп, облыс әкімі басқарма төрағасына облыста делдалдарсыз жұмыс істейтін сауда орындарын ашуға нұсқау берді.
Бұдан кейін облыста инвесторлар келіп, қаржыларын сала алатын қандай жобалардың бар екені сөз болды. Бұл жөнінде облыс әкімі:
-Инвестиция туралы 20 жыл бойы айтып келеміз. Соған қарамастан, нәтиже көңіл көншітпейді. Біріншіден, облыста инвестициялық орталық жоқ. Бұл ретте, аудандар мен облыстық басқармалардың бір-бірімен үйлесімді жұмысын да көре алмай отырмын,-деді. Сөйтіп, мәжілісте тиісті орындарға бұл жөнінде де нақ-ты тапсырмалар берілді. Сонымен бірге, Қайрат Қожамжаров мәселені талқылау барысында облыстық салық департаментінің бастығы Дулат Нұрмолдиннен де облыстағы істің жа-
йын жақсартуға қатысты кейбір мәселелерді анықтап білді. Бұдан облыс әкімінің халықтың жағдайын ойлап, көп нәрсенің байыбына бар-ғысы келгендігі анық байқалды. Сол себепті, кей басшылардың осы жолы әкім сауалынан «терлеулеріне» де тура келгендігін айтпасқа болмайды.
Әкімдік мәжілісінде облыстағы жұмыссыздық мәселесі де сөз болмай қоймады. Өңірде ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі 1,4 мың адамды ғана құрағанымен, тіркелмеген жұмыссыздықтың 23 мың адамнан асатындығы, тіпті, одан да көп болуы жақсы жағдай емес екендігі түсінікті. Соған орай, мәселенің осы жағы да талқыға салынып, тиісті орындарға бірқатар міндеттер жүктелді.
Осылайша іскерлік жағдайында өткен мәжілісте облыстық қаржы басқармасының бастығы Серік Бөлтенов өткен жылғы облыс бюджетінің орындалу барысы туралы баяндама жасады. Баяндамадан жалпы өткен жылдың облыс үшін бірқатар жақсы көрсеткіштермен ерекшеленгені көріне түсті. Айталық, 2010 жылмен салыстырғанда бюджеттің кіріс бөлігі 9 397,3 миллион теңгеге артық орындалып, 120 483,6 миллион теңгені немесе 101 пайызды құраған. Салықтар мен төлемдердің түсуі бо-йынша облыс республикада Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан кейін төртінші орынға тұрақтаған болып шықты. Мұнын өзі бюджетке жоспардан тыс 1 450,2 миллион теңге қаржы құйылды деген сөз.
Ал, бюджеттің шығыс бөлігіне келсек, оның орындалуы көңіл көншітпейді. Бұл көрсеткіш 96,1 пайызды құрап, 2010 жылдағыдан олқы соққан. Сөйтіп, бұл қалыптасқан жағдай Ақмола облысын жұмыстың осы нәтижесі бойынша республика көлемінде 11-ші орынға сырғытып отыр.
Қысқасы, алда білек сыбана кірісіп, ыждаһаттылықпен атқаратын шаруа аз емес. Облыс әкімі сөзінің соңында мәжіліске қатысушылар назарын осыған аударып, ел мүддесі үшін аянбай жұмыс істеу әрбір басшы мен азаматтың ең абзал борышы екендігін тағы бір баса ескертіп өтті. Қазір өңір тынысында байқалып отырған жаңа бір леп кімді болсын, Елбасы Жолдауының орындалуы, облыстың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында білек сыбана еңбек етуге міндеттейді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі