Облыс әкімі Қайрат Қожамжаровтың төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде «КамАЗ Инжиниринг» кәсіпорнын одан әрі дамытуға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар, облыс әкімінің Бурабай ауданына жұмыс сапарының қорытындылары, көктемгі егіске дайындық және тағы басқа мәселелер қаралып, талқыланды.Кеңеске облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, облыстық департаменттер мен бас-қармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыс әкімі жиналғандарға алдымен кадрлық өзгерістер туралы хабарлап, 2012 жылдың 6 ақпанындағы өз өкімімен бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Қосман Қайыртайұлы Айтмұхаметовтің Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары, ал, Эдуард Олегович Квятковскийдің Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалғандығын жеткізді және осы басшыларды көпшілікке таныстырып өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары аграрлық сала, өнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлік салаларындағы істің жайымен айналысса, облыс әкімінің орынбасары құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол құрылысы мәселелерімен шұғылданатын болады.
Аппарат кеңесінде алдымен «КамАЗ Инжиниринг» акционерлік қоғамында бүгінгі қалыптасып отырған жағдай сөз болды. 2011 жылы кәсіпорында 795 жүк көлігі құрастырылған көрінеді. Кәсіпорын бүгінгі таңда әртүрлі модификациялы көліктер шығара алады. Акционерлік қоғамның жылдық қуаты жылына 1500 жүк көлігін құрастыруға мүмкіндік береді. Егер сатып алушылар болса, айтарлықтай шығын шығармай, бұл көрсеткішті 2000 данаға жеткізуге болады. Биыл кәсіпорын мемлекеттік ұйымдарға шамамен 500-550 КамАЗ көлігін сатуды көздеп отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорынға бұл көрсеткішті ұлғайту үшін жаңа тапсырыстар керек. Осыған байланысты облыс әкімі Мемлекет басшысының биылғы жылдың 27 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде берген тапсырмасы негізінде, облыс әкімінің орынбасары Э.О.Квятковскийге, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Н.П.Зозуляға «КамАЗ Инжиниринг» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, Үкіметке, орталық мемлекеттік органдарға, ұлттық компаниялар мен облыстық әкімдіктерге аталған кәсіпорынның арнайы техникалармен жабдықтау жөніндегі қолда бар мол мүмкіндіктері туралы хат дайындауға тапсырма берді.
Облыс әкімі Қайрат Қожамжаров аппарат кеңесінде өзінің өткен аптаның соңында Бурабай ауданына барған жұмыс сапарының қорытындыларына тоқтала келе, курортты аймақта Елбасының бақылауында тұрған бірқатар нысандарды аралап, жағдаймен жете таныса түскендігін атап өтті. Соның ішінде «Бурабай Туризм Сити» демалыс кешенінде бес жұлдызды қонақ үйдің, басқа да отельдердің салынып жатқандығын айтып, осы орындарда туристерге көрсетілетін сервистік қызмет сапасын жоғары деңгейге көтеру үшін жергілікті жастардан білікті мамандар даярлау, ол үшін өзіміздегі колледждердің бірінде осындай арнайы бөлімше ашу жөнінде облыстық білім, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларына тиісті тапсырма берді. Сондай-ақ, кезінде әркім бір жекешелендіріп алған, ал, қазір жұмыс істемей, иесіз тұрған Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бұрынғы мәдениет үйін және Щучинск қаласындағы бұрынғы емхананы жеке меншіктен алып, қайта қалпына келтіріп, елдің қажетіне пайдалану мәселесін шешу жөнінде де тезірек тиісті орындардан ұсыныс күтетіндігін айтты. Бұдан әрі Бурабай ауданының орталығында бірде-бір қазақ мектебінің жоқтығына қынжылыс білдіріліп, 900 орындық мектептің жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау, 78 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысына облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөліп, қол ұшын беру жөнінде тапсырмалар жүктелді. Кеңесте Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту және осы аумақта құрылыс жүргізу жұмыстарын үйлестіру жөнінде жұмыс тобы құрылатын болды.
Әкімдік кеңесінде облыс әкімі Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахаттың облыстық активте жастар сарайы туралы көтерген мәселесіне байланысты да мынаны айтты. Қазір «Оқжетпес» стадионының жанында, қалалық бақ аумағында құрылысы салынып бітпеген ыңғайлы бір нысан тұр. Бұрынғы басшылардың біріне тиесілі болған бұл құрылыс кезінде тоқтатылып, қазір осыған байланысты соттың шешімі бар көрінеді. Иесімен келіссөз жүргізіліп, осы нысан жастар сарайына алынуы керек. Көлемі де аз емес, 2,5 мың шаршы метрден асып түсуі бұл нысанды жастар сарайына айналдыруға толық негіз бола алады.
Сонымен бірге, облыс әкімі кеңесте бір кезде балалар пойызы жұмыс істеп, бүкіл көкшетаулықтардың көз қуанышына айналған, бірақ, өтпелі кезеңде күйі кетіп, қараусыз қалған революционерлер атындағы паркті қайта қалпына келтіру жөнінде де мәселе көтеріп, тиісті орындардан шұғыл түрде ұсыныс-пікірлер берулерін сұрады. Әкімнің ойынша, бұл жер қала тұрғындары мен қонақтары демалыс күндері балаларымен мәдени демалатын сүйікті демалыс орнына айналуы қажет. Мұнда ашық аспан астындағы музей де ашуға болады. Бұл жұмыстардың бәрі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асуы қажет.
Облыс әкімі Қайрат Қожамжаров кеңесте Көкшетау қаласындағы төрт көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізудің қажеттігіне де Үкіметтің көзін жеткізуге бар күш салынып жатқандығын айтты. Бұл жұмыстарға 1 миллиард 400 мың теңге қаржы бөлу жөнінде алғашқы уағдаластыққа қол жетті. Сол сияқты, электр қуатымен үздіксіз қамту, коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауына жол бермей, оларды бірқалыпты ұстап тұру, «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының халыққа өз өнімдерін делдалсыз тікелей сатуы тұрғысында да жұмыстар қолға алынуда.
Өкінішке орай, облыс әкімінің айтуынша, жауапты науқанға дайындықтың барысы сын көтермейді. Жүргізілген мониторинг аудан әкімдерінің бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлмей отырғандығын көрсетіп берді. Әсіресе, қар тоқтату жұмыстары мүлдем қанағаттанғысыз. Айталық, үстіміздегі жылдың 6 ақпанына дейін бұл маңызды агротехникалық шара облыс бойынша небары 410,6 мың гектар алқапта немесе бүкіл егістік алқаптардың 43,5 пайызында ғана жүргізілген. Мұның өзі былтырғы жылдың деңгейінен 2,5 есе кем. Астрахан, Ерейментау және Целиноград аудандары ылғал тоқтатуға мүлдем кіріспеген. Бұл - келесі жылдың астығының тағдыры, жылда өткен жылдағыдай жаңбыр мол жауа бермейтіндіктен, қыл үстінде деген сөз.
Облыста көктемгі егіске жанар-жағар май қорын жасау да тым баяу жүргізілуде. Қазір қолда бар дизель отынының қоры өткен жылғы осы кезеңдегіден көп төмен. Қолда бар 544,4 мың тонна тұқымның 350,6 мың тоннасы ғана тексеруге жіберіліп, оның небары 229,6 мың тоннасы себу кондициясына жеткізілген.
Биыл майлы дақылдар көлемін қысқарту деген ой ешбір болмауы тиіс. Аудан әкімдері осы бастан жұмыс жоспарын жасап, көктемгі егісті агротехникалық талаптарға сай, мерзімінде өткізуге барлық жағдайларды қарастырулары қажет. Есіл, Жақсы аудандарында ашық алаңдарда жат-қан бидайды элеваторларға тасымалдау жұмыстарын тездетпесе болмайды. Биыл республика көлемінде жаңадан алты элеватор салынса, соның үшеуі Ақмола облысында салынатын болып отыр. Егін орағында әрбір комбайнға 650 гектардан келетін жүктемені 450 гектарға кеміту жөнінде жұмыстар атқарылуы тиіс. Бұл үшін комбайн паркін жаңарту мәселесі естен шықпауы тиіс. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, аудан әкімдері ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің шағын несиелер алуына көмектесіп, бұл жұмысты күнделікті назарларында ұстайтын болсын. Міне, іскерлік жағдайында өткен аппарат кеңесінде осындай мәселелер күн тәртібіне шығарылып, жан-жақты қаралып, талқылана түсті. Облыс әкімінің баспасөз қызметі