Үкімет отырысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осы аптаның ішінде 2012-2014 жылдарға негізделген бюджетті қалыптастыруды аяқтауды тапсырды
Ақпанның 7-сі күні Үкімет отырысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осы аптаның ішінде 2012-2014 жылдарға негізделген бюджетті қалыптастыруды аяқтауды тапсырды.
«Елбасының тапсырмаларын орындауды жеделдетіп бастау үшін ағымдағы аптаның ішінде біз бюджетті нақтылау мен толықтыруды аяқтауымыз қажет»,-деді К. Мәсімов.
Президент Қазақстан халқына жолдауы барысында тың жобаларды іске асыру үшін бюджетті қайта қарау керек болатынын айтқан болатын.
Бұдан бұрын, 30 қаңтарда Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер енгізу туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырған еді.
«Қаржы министрлігінің алдында тұрған басты міндеттер - ол Елбасы қойған мақсаттарды қаржылық қамтамасыз ету. Сондықтан да министрлікке 16 ақпанға дейін, яғни 2 аптадан кейін «Қазақстан Республикасының 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Премьер-Министр Кеңсесіне енгізуі тиіс»,-деп атап өтті Қ. Келімбетов.
Нақтылап айтқанда, осы аптада Үкімет басшысының қатысуымен аталған заңнаманың алдын ала жобасы қарастырылмақ. Оның сөзіне қарағанда, 2012 жылға бюджетті нақтылау кезінде және 2013-2014 жылдарға бюджетті қалыптастыру барысында Елбасының Жолдауына сәйкес шығыстарды оңтайландыру керек. Сонымен қатар экономиканың өсіміне оң ықпал етпейтін шараларға қаржы шығыстарына тыйым салу шарт.
«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар 2011 жылы атқарушы органдардың осы бағдарлама бойынша жетілдіруді қажет ететін жолдарды анықтауға мүмкіндік берді», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова он-лайн режімінде өткен Үкіметтің селекторлық мәжілісінде.
Оның айтуынша, аталмыш бағдарлама жүзеге асырыла бастаған қысқа мерзімде қажетті нормативтік-құқықтық актілер дайындалып, Үкімет жанынан ведомствоаралық комиссия құрылды. Сондай-ақ осындай комиссиялар облыстарда және Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ аудандық деңгейде де құрылды.
«Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, бағдарлама бойынша медиа-жоспар құрды. Елдегі әрбір қаланың және ауданның деңгейінде бағдарламаны жүзеге асыру үшін 204 тұрғынды жұмыспен қамту орталығы құрылды. Бұған қоса бағдарлама аясында автоматтандырылған «Еңбек нарығы» жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе нақты уақыт режімінде бағдарламаның жүзеге асырылуына мониторинг жасауға мүмкіндік береді»,-деді министр.
Оның деректеріне қарағанда, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша 84 мыңнан астам адам өтініш білдіріп, олардың 58,6 мыңы әлеуметтік келісім-шарттар жасағысы келетіндіктерін білдірді. «Өткен жылдың екінші жартысында аталмыш бағдарлама бойынша 37,5 мың адам жұмыспен қамтылып, қосымша оқыту шараларын жүзеге асырмастан вакансиялы жұмыс орындарына 6,3 мың адам орналастырылды. Әлеуметтік келісім-шартқа қол қойған азаматтардың 60 пайыздан астамы жұмыссыздар, 36 пайызы өздерін-өздері жұмыспен қамтыған азаматтар. Ал 5 пайызы әлеуемттік жағынан аз қамтылған азаматтар. Бағдарламаға қатысушылардың арасында 29-ға дейінгі жастар 60 пайызды құрайды»,-деді Г.Әбдіхалықова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова аймақ әкімдеріне азаматтарды тек үлкен сұранысқа ие мамандықтарға ғана оқытуға шақырды. «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасының негізгі мақсаты - ел азаматтарын тек сұранысқа ие мамандыққа ғана оқыту болып табылады және бұл азаматтардың оқуын бітірген соң міндетті түрде жұмысқа орналасуларын қамтамасыз ету қажет. Ал «Жол картасы» бағдарламасының аясында өткен жылдың маусым айында оқуын аяқтаған Атырау облысының 3 мың 734 тұрғыны, Ақтөбе облысының 1 мың 175 тұрғыны, Қызылорда облысының 1 мың 179 тұрғыны, Шығыс Қазақстан облысының 1 мың 32 тұрғыны және Астананың 1 мың 884 тұрғыны жұмыспен қамтылмай қалған.
ҚазАқпарат