Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ағымдағы жылдың қаңтар айындағы экономикалық өсімнің баяулауына қынжылысын білдірді. «Өкінішке орай, қаңтар айында экономикалық өсімнің баяулағанын байқап отырмыз. Яғни, қаңтардағы экономикалық өсім 4,8 пайызды құрады. Егер тереңірек қарар болсақ, онда өнеркәсіптік өсімде баяулаған. Сондықтан да Сізге, Экономикалық даму және сауда министрі ретінде келесі сейсенбіге дейін факторлар бойынша сараптама жасауды тапсырамын»,-деді К. Мәсімов аталған ведомствоның басшысы Бақытжан Сағынтаевқа.
Елбасының 7 пайыздық өсімге қол жеткізу туралы тапсырмасын орындау үшін кемшіліктерді түзету қажеттігін баса айтқан Премьер-Министр, осы ретте Б. Сағынтаевқа әлемдік үрдісті, индустрияландыру картасын тағы бір шолып шығуды жүктеді.
Сонымен қатар бюджет қаражатына салынған кәсіпорындардың тұрып қалуына баса назар аудару керектігін ескерткен Үкімет басшысы: «Өкінішке орай мұндай фактілер бар. Одан экономика да, басқа да мәселелер де зардап шегеді»,-деді.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі биыл индустрияландыру картасының баламасы бойынша инновация картасын қалыптастыруды ұсынды. Бұл жайында ведомство басшысы Әсет Исекешев мәлім етті.
Ағымдағы жылы елімізде инновациялық жобаларға айырықша назар аударылатын болады. Осыған байланысты инновациялар картасын құру қажет. Яғни, бұл инновациялық жобалардың картасы болып негізделеді. Онда қолдау көрсетудің арнайы тетіктері мен жағдайы қамтылады.
Осы мәселе бойынша тиісті ұсыныстар Үкіметке таяу уақытта енгізілетін болады.
2012 жылы қазақстандық экспортты ынталандыру саясатын жүзеге асыру жалғасатын болады. «Атап айтқанда, экспортты дамыту мәселесі жергілікті органдардың және шетелдегі қазақстандық елшіліктердің алдында көлденеңнен қойылатын болады»,-деді министр.
«Экспортты дамыту экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы. Аталған мәселе Кедендік одақпен Бірыңғай экономикалық кеңістікті құрғаннан кейін өзекті болды»,-деді Ә. Исекешев.
Өткен жылы тауарлар экспорты рекордтық көлемге жетіп, 80 млрд. АҚШ долларынан астам қаржыны құрады. Осы арқылы 2008 жылдағы дағдарысқа дейінгі 71 млрд. доллар көлеміндегі көрсеткіштен асып түсті.
Министр сонымен қатар шикізаттық емес тауарлардың экспорты да оңтайлы үдерісті көрсеткенін айтып өтті. 2011 жылы шикізаттық емес экспорттың көлемі 21 млрд. долларға жетіп, 2010 жылға қарағанда 28 пайызға артқан.
«Инвестиция тартудың тиімді құралдарының бірі - ол әлеуметтік-экономикалық аймақтар арқылы болмақ. Осы аймақтарды дамыту үшін барша заңнамалық база қалыптастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары мен салықтық жеңілдіктер ескерілді»,-деді министр.
Әлеуметтік-экономикалық аймақтарды бұдан әрі қарай дамыту бағытында ірі бизнес инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ішкі және сыртқы инфрақұрылымды аяқтау қажет. Екіншіден, инновациялық құрамдаушы дайын өнімді шығаруға бағытталған жобаларға талдау жүргізу қажет.
«Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында 5 индустриялық аймақ құрылды. Жоспар бойынша еліміздің тағы да 8 өңірінде 11 индустриялдық аймақты құру қарастырылып отыр. Олар белсенді жұмыстар жүріп жатқан Алматы және Ақтөбе қалаларын қамтитын болады",-деді Индустрия және жаңа технологиялар министрі.
ҚазАқпарат