Кеше облыс әкімінің орынбасары Қадырхан Отаров аппарат кеңесін өткізіп, алда тұрған өзекті мәселелерге назар аударып, оны шешудің міндеттерін белгіледі.
Облыс әкімінің орынбасары Қ. М. Отаров аппарат кеңесінің жұмысын аша келіп: «Қазіргі кезде демалыста жүрген аймақ басшысы Альберт Раудың тапсырмасы бойынша, регламентке сәйкес аппарат кеңесін өткізіп отырмыз. Оның қарауына үш мәселе, атап айтқанда, 2009 жылға көктемгі әскери қызметке азаматтарды шақыру барысы туралы, облыстағы көлік бақылау инспекциясының жұмысы туралы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Дағдарыстан–дамуға» Жолдауын насихаттау туралы ұсынылды.
Сондай-ақ ол тағайындаулар туралы хабарлама жасады. Қазақстан Республикасы Президентінің ағымдағы жылдың 21 наурызындағы Жарлығымен Ақжан Жайлауханұлы Ештай Ақмола облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы Жоғары сотының судьясы болып істеген.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің ағымдағы жылдың 11 наурызындағы бұйрығымен Александр Николаевич Старцев Ақмола облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы болып тағайындалды. Ол бұл тағайындалуға дейін Ақтөбе облыстық Қорғаныс істері жөніндегі ұйымдастыру топтастыру басқармасының бастығы–департамент бастығының бірінші орынбасары болып істеген.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының биылғы жылдың 31 наурызындағы бұйрығымен Болат Қасымұлы Абдулов Ақмола облысының прокуроры болып тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау жөніндегі департаментінің бастығы қызметін атқарған.
Облыстың қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы А.Н.Старцев бірден биылғы жылдың көктемгі әскерге шақыру жайлы хабарлама жасады. Қазір бұл жұмыс ұйымшылдықпен жүргізіліп жатыр. Болашақ жауынгерлерді әскери бөлімдерге жіберер алдында олармен әңгімелер өткізіліп, үгіт-түсінік жұмыстары жүргізілді. Облыстық пунктте, теміржол бекетінде полицияның күшейтілген кезекшіліктері ұйымдастырылды. Азаматтарды әскерге шақырудың жайы жергілікті әкімдіктерге және облыс әкімі аппаратына хабарланып тұрды. Алайда, өткен күзгі әскерге шақыру кезінде дәрігерлік комиссияның құрамында 18 маман жетіспеді.
Көлік бақылау облыстық инспекциясының бастығы Қ.М.Құлжанов өз жұмысы жайлы есеп берді. Бұл инспекция Астана-Петропавловск автокөлігі жолының 242 шақырымын, Екатеринбург-Алматы автожолының 913 шақырымын бақылайды екен. Өткен жылы 225 әкімшілік іс қаралып, 2,5 миллион теңге айыппұл өндіріліп алынды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана 948 мың теңгенің 113 әкімшілік материалдары қаралды. Облыстық жол полициясы басқармасымен бірлесе отырып, түрлі шаралар өткізіліп жүр. Жүргізушілердің еңбек және демалыс тәртібін сақтамайтын 20 жағдай анықталды. Қазір бұл инспекция тарапынан «Таза ауа» шарасы жүргізіліп жатыр.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Б.С. Ізбасарова Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауын насихаттау жөніндегі үгіт топтарының жұмысы туралы хабарлама жасады. Қазір 11 топ жұмыс істеп жатыр. Өткен ай бойы Елбасының Жолдауы ел арасында кеңінен түсіндірілді. Облыстық идеологиялық актив өткізілді. Мемлекеттік мекемелерде ақпараттық сағаттар болып өтті. Азаматтық қоғам институттарының қатысуымен дөңгелек үстел басында пікір алмасылды.
Биылғы жылдың 18-21 наурызы аралығында Атбасар, Жақсы, Есіл, Жарқайың аудандарында жастар тобы жұмыс істеді. Олар осы аудандардың 200-ден астам жастарымен кездесіп қайтты. Сонымен бірге, жастар Щучье, Бұланды, Ақкөл, Шортанды, Аршалы аудандары мен Степногорск қаласында болды. Бұл жолы 2150 жас әңгімеге тартылды. Қазір облыс бойынша 11 облыстық, 140 аудандық және қалалық, 318 ауылдық ақпараттық-насихаттық топтар жұмыс істейді. Бұлардың құрамында 2358 адам бар. Биылғы жылдың 1 наурызына дейін 764 кездесулер, 186 дөңгелек үстел басында әңгімелер өткізіліп, үш мыңнан астам лекциялар оқылып, ақпараттық сағаттар жүргізілді. Осы шараларға 150 мың адам қатысты. Барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес басылымдарда және электрондық ақпарат құралдарында мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді.
Облыс әкімінің орынбасары Қадырхан Отаров кеңесті қорытындылай келіп, халыққа Жолдаудың мән-маңызын кеңінен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажеттігін тапсырды. Әсіресе, дағдарысқа қарсы республика, онан қалды облыс бойынша қандай бағдарламалар жүргізіліп жатыр соны жан-жақты айта білу керек. Азаматтардың әлеуметтік жағдайы толық қорғалған, мұны облыстың әрбір тұрғыны білуге тиісті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.