Облыс әкімінің міндетін атқарушы Қадырхан Отаровтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңес Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттерге орай Үкімет дайындаған жол картасы шарасын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жайын талқылауға арналды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Мұратбек Тақамбаев жол картасы шарасын жүзеге асыруға байланысты қолға алынған жұмыстардың жайын баяндады. Жаңа жұмыс орындарын ашу, азаматтарды басқа мамандықтарға даярлау үшін облыстық және республикалық бюджеттен 4,5 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржы ішкі жолдарды жөндеу, коммуналдық саланы дамыту, білім және денсаулық нысандарын салу және жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Мұның өзі қосымша 6,8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді деп жоспарлануда.
Сөз алған облыстық құрылыс басқармасының бастығы Михайл Косачев, жолаушы тасымалы және жол құрылысы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Виктор Горбаненко, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Марат Қойшыбаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бсқармасының бастығы Әбділрахман Мәдияров және басқа ведомстволардың басшылары жол картасы шарасын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен кездесіп отырған түйткілді мәселелер жайлы атап көрсетті.
Селекторлық кеңесті қортындылаған облыс әкімінің міндетін атқарушы Қадырхан Отаров аудан және қала әкімдері мен облыстық басқарма басшыларына аталмыш шараны жүзеге асыруға байыпты қарап, белгіленген жұмыстарды уақытында және сапалы атқаруды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.