Облыс әкімі Альберт Раудың төрағалығымен болып өткен аппарат кеңесінде алдағы көктемгі егіске әзірлік мәселесі қаралып, таяу арада алда тұрған басқа да міндеттерді шешу жолдары пысықталды.
Аппарат кеңесіне облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшылары, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, ұлттық компаниялардың жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі алғашқы және ең басты мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы А.Т.Ахметжанова хабарлама жасады. Ол өз сөзінде биыл облыста дәнді дақылдар алқабы 200 мың гектарға ұлғайтылып, барлығы 4,4 миллион гектарға орналастырылатындығын атап өтті. Зеренді, Целиноград және Атбасар аудандарының есебінен майлы дақылдар алқабы да 8,7 мың гектарға жеткізілмекші. Ал, мал азығындық дақылдар 55,0 мың гектар алқапқа себілетін болады. Оның егіс көлемін арттыратындар қатарында Аршалы, Атбасар, Еңбекшілдер, Жарқайың, Целиноград және Щучье аудандары бар. Шаруашылық субъектілерінің картоп дақылы алқаптарын да 1,7 мың гектарға ұлғайтқалы отырғаны құптарлық. Бұл дақыл негізінен, жаңа технологияларды қолдану арқылы себілмекші. Әсіресе, Щучье, Целиноград және Аршалы аудандарында осы бағыттағы жаңа техника мен жаңа қоймалар кеңінен қолданылмақ.
Баяндамашы өз сөзінде сондай-ақ, ылғал сақтау технологиясына, топырақтағы ылғалдың қазіргі қорына, жауапты науқанға тұқым мен техниканың әзірлігіне қысқаша тоқтала кетті. Облыста жоғары кондициялы тұқым қоры 98 пайызды, соның ішінде бірінші және екінші класты тұқым 75 пайызды құрайтындығы, сөйтіп, бұл көрсеткіш өткен жылдағыдан 7 пайызға артық болып отырғандығын да жақсы нәтиже деуге болады. Биылғы науқан барысында жанар-жағар майдан да тапшылық болмайтын сияқты.
Бұл ретте, Альберт Рау басқарма басшылығына әсіресе, сатып алынатын жаңа егіс кешендерінің өңірге уақытында жеткізілуін бақылауды тапсырды. «Біз кедендік іс-шаралардың немесе басқа да себептердің салдарынан олардың көктемгі егіске қатыспай қалуына жол бермеуіміз керек», –деді осы жөнінде өңір басшысы.
Бұдан кейін облыста 15 сәуірде басталған елді мекендердің санитарлық тазалығы жөніндегі айлықтың барысы туралы хабарлама жасаған облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы А.Г.Мартыненко кеңеске қатысушыларды осы мәселеге барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды. Облыс әкімі баяндамашыны қолдап, облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Тексерістер тек айлық кезінде ғана емес, жыл бойы жүргізілуі қажет. Бұл орайда, облыс орталығының өзінде қар кеткенімен, көп жерлер әлі қыстан кейін тазартылмаған деген облыс әкімінің сөзінің жаны бар.
Аппарат кеңесінде қаралған маңызды мәселенің бірі–мемлекеттік тілдің жағдайы болуы десек артық емес. Осы жөнінде хабарлама жасаған облыстық тілдер басқармасының бастығы Ғ.Т.Төлеғұл өз сөзін негізінен, мемлекеттік тілді дамыту жөнінде құрылған қордың жұмысына және өңірде мемлекеттік тілді нығайту тұрғысында қолға алынып жатқан іс-шараларға арнады. «Тілді дамыту үшін ең алдымен нормативтік-құқықтық базаның және қаржылай қолдаудың қажет екендігі белгілі. Осының бәрі бізде бар 2007-2008 жылдарға арналған аймақтық бағдарламаны жүзеге асыруға облыс бюджетінен 7 миллион 355 мың теңге бөлінсе, биылғы және алдағы жылға тағы 9 миллион 607 мың теңге қаржы қарастырылды», –деді ол. Облыс әкімі Альберт Рау өз сөзінде мемлекеттік тілді дамытудың маңыздылығына тоқтала келе, мұндай қаржылай қолдаудың осы салаға әрдайым көрсетіле беретіндігіне тоқталды.
Алда Қазақстан халқының бірлігі, Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр–Жеңіс мейрамы мерекелері келе жатқандығы белгілі. Осы айтулы күндерге облыстық мәдениет басқармасы тарапынан қандай дайындық шаралары қолға алынып жатқандығы жөнінде осы басқарма бастығының міндетін атқарушы М.Ү.Оспанов хабарлама жасады.
Облыс әкімі бұл бағдарламаға Қазақстан халқының бірлігі күні өзінің облыс аудандарының біріндегі салтанатты жиынға қатысатындығы жөнінде ұсыныс енгізді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі