Кеше облыс әкімі Альберт Раудың төрағалығымен өткізілген әкімдік мәжілісінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы жылғы бірінші тоқсандағы қорытындысы және екінші тоқсанның міндеттері қаралды.
Облыстық әкімдіктің мәжілісінде лауазымдық қызметтерге тағайындалған облыстық соттың төрағасы А.Ж.Ештай, облыс прокуроры Б.Қ.Абдулов, облыстық әскери комиссар А.Н.Старцев және экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Н.А.Жұмабаев, облыстық мәдениет басқармасының бастығы М.Ү.Оспанов таныстырылды. Облыс әкімінің орынбасары Қ.Қ.Айтмұхаметов және Сандықтау ауданының әкімі Қ.Сүйіндіков ант қабылдады.
Әкімдіктің күн тәртібіне шығарылған бірінші мәселе–облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бірінші тоқсандағы қорытындысы және екінші тоқсанның міндеттері туралы облыс әкімінің орынбасары Қ.М.Отаров хабарлама жасады.
–Дағдарысқа қарамастан облыс экономикасының дамуында ілгері басушылық айқын байқалады,–деді өз сөзінде Қ.М.Отаров. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 24,5 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Есіл, Астрахан, Ақкөл, Сандықтау, Еңбекшілдер, Ерейментау, Егіндікөл, Қорғалжын, Жарқайың, Щучье аудандарында өндірістің нақтылы көлемінің өсімі қамтамасыз етілді. Ал, 9 аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі кемігендігі байқалды.
Тау-кен өндірісі өнеркәсібі бойынша қиыршық тас шығару 1,7 есеге кеміді. Мұның басты себебі қиыршық тасқа деген сұраныс азайып кетті. «Бұланды тас карьері», «Аркада-Индастри», «Ардагер-Неруд» жауапкершілігі шектеулі серіктестерінің кәсіпорындары жыл басынан бері жұмыс та істеген жоқ. Алексеевка доломит руднигінде доломит шығару да тоқтатылды. Бұған керісінше «Өркен-Атансор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде темір рудасын шығару 3,5 пайызға ұлғайды. Жалпы, өнеркәсіптің өңдеуші кәсіпорындарында өндіріс көлемі 82,7 пайызға төмендеп кетті. Металлургия өнеркәсібінде алтын өндірісі 2,7 есеге азайды. Бұған басты себеп, «Васильковка тау-кен комбинаты» акционерлік қоғамының кәсіпорны қайрадан жабдықталып жатыр. «Степногорск подшипник заводы» акционерлік қоғамының өндірістік цехтары 20 күн жұмыс істемей тұрды. «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамының өніміне деген сұраныс әлі де болмай отыр. Құрылыс индустриясында да құрастырмалы конструкциялық бұйымдар шығару 3,9 есеге кеміді.
Өткен бірінші тоқсанның нәтижесі бойынша азық-түлік өнімдерін, уран, химия өнеркәсібі бұйымдарын өндіруді арттырудың оң нышаны қалыптасты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің жаңа қуаттарын іске қосу мүмкіндігі туды. Соған сәйкес май шығару–2,1, сүт өндіру–1,6, жарма өндіру–1,5, сыр және ірімшік шығару–1,3 есеге артты. «Степногорск тау-кен химия комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде уран өндіру 37,1 пайызға өсті. «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Степногорск филиалының минералдық тыңайтқыш шығару өндірісін қайра іске қосудың нәтижесінде мұндағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,7 есеге арта түсті. «Тыныс» акционерлік қоғамында пластикалық құбыр шығару 3,3 есеге көбейді.
Индустриалдық жобаларды жүзеге асыруда айтарлықтай табыстарға қол жетті. Бірінші тоқсанда жалпы құны 1,3 миллиард теңгенің 4 жобасы жүзеге асырылды. Қазір басқа да жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылып жатыр.
–Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы жылдың бірінші тоқсанында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 5,2 пайызға өсті,–деді Қ.М.Отаров. Мал саны көбейіп келеді. Жылдың алғашқы үш айында 21,6 тонна ет, 60,2 тонна сүт өндірілді. Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері көктемгі дала жұмыстарына жан-жақты дайындықпен келіп отыр. Тұқым қоры жеткілікті. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 17,8 мың сеялкалар, 17 мыңға жуық тракторлар дайын тұр.
Жыл басынан бері шағын бизнес кәсіпорындары 7 миллиардқа жуық теңгенің өнімдерін өндірді. Өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда шағын бизнес саласы бойынша өнімнің 23,2 пайыз өскендігі байқалып отыр. Бизнес саласынан ғана бюджетке 1146,5 миллион теңгенің төлемдері түсті. Жаңадан 1,4 мың жұмыс орындары ашылды. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласы бойынша атқарылған жұмыстар әлі де саралауды қажет етеді. Алдағы уақытта күзгі және қысқы от жағу маусымына жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуі керек.
Негізгі капиталға инвестиция тарту өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға төмендеп кеткендігі айтылды. Сонымен бірге, бірініші тоқсанда 24158 шаршы метр тұрғын үй іске қосылғандығы, мұның өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,7 пайызға кеміп кеткендігі белгілі болып отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Д.З.Әділбеков облыстық бюджеттің бірінші тоқсандағы орындалу барысы туралы хабарлама жасады. Жыл басынан бері облыс бюджетінің кірістер бөлігіне 13199,3 миллион теңге түскен. Бұл әрине, жоспардың 97,6 пайыздық деңгейін көрсетеді. Облыс бюджетінің шығындар бөлігі 84 пайызға игерілді. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттерді игеруде де ілгері басқандық байқалып отыр. Алайда, бөлініп жатқан қаржыларды игеру мәселесіне бюджеттік әкімшілер барынша жауапкершілікпен қарауға тиісті.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бірінші тоқсандағы қорытындысы және екінші тоқсанның міндеттерімен облыстық бюджеттің алғашқы үш айда орындалуы туралы қаралған осы мәселелер бойынша «Қазақалтын» акционерлік қоғамының президенті ??? , Көкшетау қаласының әкімі. Б.А.Сапаров, «Бәйтерек» акционерлік қоғамының директоры Асанов, Астрахан ауданындағы «Камышенка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бибиков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы В.П.Маджуга сөз сөйлеп, негізінен алда тұрған міндеттерді шешудің өзекті мәселелерін ортаға салды.
Әкімдік мәжілісінде облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы А.Г.Мартыненко Ақмола облысының 2009-2011 жылдарға арналған энергия қуатын үнемдеу бағдарламасының орындалуы туралы хабарлама жасады. Бұл мәселе бойынша табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің директоры А.Ә.Алпысбаев өзінің келелі пікірін айтты.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Б.С.Ізбасарова Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қолдану, насихаттау және жаңа үлгіге ауыстыру мәселесі жайлы хабарлама жасады.
Облыс әкімі А.П.Рау әкімдік мәжілісін қортындылап сөз сөйледі. –Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын жүзеге асыру алда тұрған басты міндеттердің бірі,–деді облыс басшысы. –Бірінші тоқсанның табыстарына тоқмейілсуге мүлдем болмайды. Алда үлкен міндеттер тұр. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынын арттырып, дамудың жаңа белесіне шығуға тиістіміз. Бұл орайда аудандар мен қалалардың әкімдеріне, өндіріс кәсіпорындары мен ауыл шаруашылық саласы құрылымдарының басшыларына үлкен міндеттер жүктеледі. Біздің дағдарыстан қиналмай шығуға толық жағдайымыз бар. Тек қана жауапкершілікті сезіне білейік.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі