Облыс әкімі Альберт Раудың төрағалығымен болып өткен аппарат кеңесінде Ұлы Жеңіс мерекесіне және Ақмола облысының құрылғанына 70 жыл толуы мен облыс орталығының Көкшетау қаласына көшірілгеніне 10 жыл толуына әзірлік мәселелері қаралды.
Сонымен бірге, аппарат кеңесінде жол картасы шаралары, көктемгі дала жұмыстарына әзірлік пен өрт және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселелері де талқыланды.
Облыстық ішкі саясат департаментінің бастығы Б.Ізбасарова облыс пен қала мерейтойларына байланысты атқарылып жатқан іс-шаралардың барысына тоқтала келе, үстіміздегі жылдың 12-14 мамырында «Біздің күшіміз татулықта» деген атпен облыстық жастар фестивалі өтетіндігін хабарлады. Ол алдыңғы қос оқиғаға қоса, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының 10 жылдығына да арналмақшы.
Сол сияқты Ақмола облысы энциклопедиясының тұсаукесер рәсіміне де әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті энциклопедияның 628 беттен тұратын соңғы нұсқасын аяқтап отыр. Оған енгізу үшін 1000-нан астам фотосуреттер мен аудандардың 17 картасы, басқа тарихи карталар да дайын. «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақмола облыстық филиалы облыс туралы бейнефильмді әзірлеу жөніндегі жұмыстарды да жоспарлы түрде жүргізіп келеді. Баяндамашыдан облыс аумағында хабар таратушы қондырғыларды орнатудың соңғы мерзімін тағы бір нақтылай түскен Альберт Рау осы айдың соңына дейін облыстық телевидениенің тұсаукесер рәсімін өткізу жөнінде өз ұсынысын білдірді. Ол сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жергілікті тұрғындарға облыстық телевидениенің хабарлары таратыла бастайтындығын күні бұрын хабарлау қажеттігін де атап өтті.
Бұл орайда, спутниктік арнаны жалға алу жөніндегі тендер 22 мамырда өткізілмекші. Хабар таратушы қондырғылар Степногорск, Атбасар, Щучинск қалаларында орнатылса, тағы 9-ы орнатуға дайын.
Бұдан кейін мерейтойлық шараларға байланысты тақырыпты облыстық мәдениет басқармасы міндетін атқарушы М.Ө.Оспанов жалғастырды. Ол Ақмола облысының 70 жылдығына бірқатар мәдени-көпшілік шаралардың жоспарланып отырғандығын, соның ішінде «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауы, республикалық ақындар айтысы өткендігін, алда аймақтық театрлар фестивалі мен «Ақмола достарын шақырады» музыкалық-хореографиялық фестивалі, «Тарих керуені» экспо-музейі ұйымдастырылатындығын, облыс орталығы мен аудандарда және қалаларда салтанатты жиналыстар мен мерекелік концерттер болатынын хабарлады.
Ол сондай-ақ, облыстың таңдаулы шығармашылық көркемөнерпаздар ұжымдары қатысатын «Арайлы Ақмола» музыкалық марафонының қазірдің өзінде күш алып келе жатқандығын айтты. Театрлар фестиваліне Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Қостанай, Петропавл, Арқалық театрлары мен Көкшетаудың өз театр ұжымдары қатыспақшы. Ал, «Ақмола достарын шақырады» музыкалық-хореографиялық фестиваліне Германия, Түркия, Малайзия, Индия, Иран, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз, Калмыкия елдерінен шығармашылық ұжымдар шақырылса, алдыңғы екі ел қазірдің өзінде келетіндіктерін білдірген.
Бұдан әрі сөз алған облыстық білім басқармасының бастығы М.Ыбыраев бүгінгі таңда облыс оқу орындарында өткізіліп жатқан жұлдыздар жағу рәсімі туралы хабарлама жасады. Бұл ретте, облыстың Щучинск қаласы мен Зеренді, Астрахан сияқты аудандарында даңқы мектеп түлектерімен әсерлі кездесулер болып өткен. Балалардың жазғы демалысы, облыстың кейбір аудандарында білім саласына бөлінген бюджет қаржысының азаюы мәселелері де қамтылған хабарламада әсіресе, облыстық туберкулезге қарсы диспансерден жазылып шыққан бүлдіршіндердің денсаулығын одан әрі сауықтыру жайы да өткір сөз болды. Бұл ретте, облыс әкімі де өз сөзінде мұндай балаларды санаторийлерде дем алдырып, денсаулықтарын нығайту қажеттігіне ерекше назар аударды.
Жиналғандар мерекелерге толы мамыр айы мен жазғы уақыттағы ауа райының ерекшеліктеріне тоқталған «Ақмола гидрометерология орталығы» мекемесінің директоры М.Рахматуллиннің сөзін де мұқият тыңдады.
Мұнан кейін облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Б.Нығыметов облыстағы өрт сөндіру техникасының жазғы маусымға дайындығы туралы есеп берді. Барлық мемлекеттік мекемелерде осыған қатысты тексерістер өткізіліп, 130 сағаттық бағдарлама бойынша орманшылармен техникалық минимум тапсырудан сабақтар жүргізілген, сондай-ақ, радио станциялардың, өртті шолу мұнараларының дайындығы тексеріліп, патрульдік бақылау маршруттары мен карталарының сұлбалары бекітілген. Ақкөл қаласы мен Қызылкардон және Воробьевка селоларында орын тепкен тікұшақтармен әуеден шолу қызметтері де жүзеге асырылуда. Мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері жылдағы өртке қарсы шаралардың бірі ретінде 123502 гектар алқаптың шөбін алдын ала өз бақылауларында ұстап, күйдіріп шығу шараларын да атқарып шыққан.
Осы хабарлама бойынша облыс әкімі өз ойын білдіре келе, облыста өрт оқиғалары бола қалған жағдайда қандай меншік түріне жататындығына қарамастан, барлық шаруашылық субъектілері өз техникаларын көмекке жұмылдыруға міндетті екендіктерін айрықша атап көрсетті. Өйткені, орман - бүкіл еліміздің байлығы. Соған қарамастан, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат саябағында осы 2 мамыр күні болған өртте кейбір үйлеспеушіліктер айқын байқалып қалды. Бұған әсіресе, Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығы бола тұра, Көкшетау қаласында орналасқан техникалық институт курсанттарының сол өртке жұмылдырылуы бақандай 5 сағатқа кешіктіріле түскенін жатқызуға болады.
Кеңесті қорытындылай келе Альберт Рау Жол картасы шаралары мен азық-түлік белдеуі бағдарламасын орындаудың маңыздылығына да тоқталды. «Мемлекеттік сатып алулар тетігі бұрынғыдан жеңілдетілетін болады, сондықтан, барлық қаржы көздері толық игерілуі тиіс. Жол картасы бойынша 120 жұмыс жобасы көзделуде. Оларды іске асырған жағдайда жаңа жұмыс орындарының ашылатындығы да айқын. Осының бәрі талапқа сай ойластырылып, шешілуі тиіс» деді бұл ретте облыс әкімі. Сондай-ақ, өткен мереке күні Степногорск қаласында «Биокорм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізінде жаңа спирт заводының ашылғандығын айтып өткен Альберт Рау оның қала бюджетіне айтарлықтай септігі тиетіндігіне сенім білдірді. Үкімет өзінің 30 сәуірде өткен мәжілісінде Степногорск қаласының су жүйелерін қайта жаңартуға қосымша 587 миллион теңге қаржы бөлу жөнінде шешім қабылдағаннан кейін бұл мақсатқа барлығы 1 миллиард 200 миллион теңге қаржы бағытталатындығы белгілі болып отыр. Ал, бұл өнеркәсіпті қаланың әлеуметтік жағдайы биылдың өзінде едәуір түзеледі деген сөз.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.