|
Кеше облыс әкімі Альберт Рау бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қазіргі жағдайы және алда тұрған негізгі міндеттер жайында айтып, журналистердің көптеген сауалдарына жауаптар да берді. Облыс әкімі А.П.Раумен өткен баспасөз мәслихатына өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкіл-дері қатысып, біраз жайларға қаныққандай болды. Мысалы, облыс басшысы өзінің кіріспе сөзінде ақмолалық диқандардың 5 миллион тонна астық жинағандығын, орақтың аса қиын жағдайда өткендігін айтты. Биылғы жылы астық өндірумен қатар басқа да дақылдар мол өндірілді. Ауыл шаруашылығын дамытуға жұмсалған қаржы өзінің қайтарымын бере бастады. Өнеркәсіп саласында да қол жеткізген табысты айта келіп жыл басынан 90,7 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілгендігі айтылды. Васильковка тау-кен комбинатында алтын шығаратын жаңа өндіріс іске қосылса, алтын шығарудың деңгейі өсе түсетін болады. Қазір әлемдік рынокта алтынның бағасы өсе түскен көрінеді. Индустриалдық-иннова-циялық бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. Облыс бойынша «Жол картасы» бағдарламасымен 167 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл үшін 5,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Жыл басынан бері 4,6 миллиард теңгесі игерілді. 130 нысандар бо-йынша жұмыстар аяқталды. 7,3 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Журналистер облыс әкімі А.П.Раудан «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, Көкшетау қаласында құрылысы аяқталмаған нысандардың жағдайы, жуырда болып өткен халықаралық инвестициялық форумның нәтижесі туралы сұрап білді. Ашық пікір алысу жағдайында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі А.П.Рау журналистерге өзінің ризашылығын білдіріп, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріліп жататын мәселелердің кейде орынды, кейде орынсыз екенін нақтылы мысалдармен айтып, ақиқатқа көз жеткізгендей болды. – Мысалы, Көкшетау қаласының жол-дары тозып кетті деп кей басылымдар күні бүгінге дейін дабыл қағып жатыр. Бұл дұрыс, әрине. Қала жолдарының жағдайын және проблемасын біз де біліп отырмыз, – деді облыс әкімі А.П.Рау. – Осы мәселені көтерген кезде басқа да пікірлерді сұрастырып, біздің ойымызды да білулеріңіз керек қой. Мысалы, келесі жылы Көкшетау қаласы бойынша 32 километр су құбырлары, 22 километр болатын канализация желілері жаңартылып, ауыстырылатын болады. Ал биыл сол жолдарға асфальт төсеп, келесі жылы соны қайрадан бұзып жатсақ, тағы да сын жазасыздар ғой. Сондықтан, біз де әр мәселені елеп-екшеп, ойлап отырамыз. Және де бар қаржыны Көкшетау қаласына ғана жұмсап отырмаймыз ғой. Бізге өзге аймақтардың, өзге де қалалар мен елді мекендердің мәселелерін шешуге тура келеді. Сондықтан, қаржымызға қарай көсіліп жатқан жағдайымыз бар. Облыс әкімі А.П.Раудың бұл айт-қандары кей жағдайда мәселенің байыбына бармай, байбалам салып жататын бұқаралық ақпарат құралдарын ойлантар деген ойдамыз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
|