Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов Көкшетауда облыс активімен кездесіп, Елбасы жүргізіп отырған дәйекті ішкі және сыртқы саясатының нәтижесінде Қазақстанның әлемдік беделінің өсе түскендігін айтып, Парламент тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченкомен бірге «Нұр Отан» ХДП Ақмола филиалында азаматтарды жеке мәселелер бойынша қабылдау жүргізді және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен кеңірек танысу үшін «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында, «ENKI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде және «Арман» мектеп-бала бақшасында болды.
Жәнібек Кәрібжанов мұнан кейін Астрахан, Целиноград және Аршалы аудандарының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайларымен де танысты.
Көкшетауда өткен актив жиналысын облыс әкімі С.А.Дьяченко ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жолында қысқаша мағлұматтар беріп, Елбасының биылғы Жолдауының орындалу барысы туралы айтты.
ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов өзінің сөзінде Елбасының жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде қазақ елінің халықаралық қауымдастықтағы беделінің жоғары екендігін атап көрсетті. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырған Қазақстанның әлеуеті күшейіп келеді. Бұл сөз жоқ әрбір қазақстандықтардың орынды мақтаныш тұтар жағдайы болса керек. Сонымен бірге, ол өз сөзінде Парламенттің заң шығару қызметіне, атқарылған іске тоқталды. Алдағы уақытта білім мен ғылым жөнінде заң жобасының дайындалатындығын атап көрсетті.
–Мен Елбасының арнайы тапсырмасымен Қырғызстанда және осы елдің Ош облысында болып жағдайды көзбен көріп келдім,–деді Ж.С.Кәрібжанов. Қырғызстандағы жағдайды көзбен көрген адам Қазақстандағы ынтымақ пен бірліктің бағасының қаншалықты қымбат екендігін түсінер еді.
Активпен кездесуден кейін Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов пен облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласындағы бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарда болды.
«Көкшетау минеральды сулары» акционерлік қоғамының үстіміздегі жылы пайдалануға берілген алкогольсіз сусын өндіретін зауытының цехы мен жаңа салынған кеңсені аралап көрді, зауыт еңбеккерлерімен сөйлесіп, олардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларын сұрап білді.
Биылғы жазда «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы өз тұтынушыларына алкогольсіз өнімнің 60 астам аталымын ұсынды. Сондай-ақ, зауытта «Тұран» саудалық маркасымен газдалған және құрамында шырыны бар сусындар, шай, квас, кола шығарыла бастады.
Бұдан кейін Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов «ENKI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, құрылысы жүргізіліп жатқан кірпіш өндіретін зауыттың цехтарын аралап көрді. Құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырған серіктестік директоры Даниил Галамбець құны 6.178 миллион теңге тұратын кірпіш өндіретін зауыттың құрылысы аймақтық индустриализация картасына енгізілгенін, бүгінгі күні инновациялық және экономикалық жағынан болашағы зор жобаның 95 пайызы жүзеге асырылғанын атап өтті. Зауыт үстіміздегі жылдың қарашасында пайдалануға беріледі. Бірінші кезеңде 160 адам еңбек етіп, зауыт тәулік бойы үш аусымда жұмыс істейтін болады. Алғашында зауыт жоспарланған 60 миллион кірпіштің 30 пайызын шығарса, 2011 жылы бұл меже 50 пайызды құрамақшы.
Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов «Центральный» шағын ауданында орналасқан №1 «Арман» мектеп-бақшасында болып, бірқатар кабинеттерді, медицина блогын, бассейнді, қысқы бақты, спорт залын аралап көрді. Мектеп-бақшасының директоры Үгіл Шәкен өз сөзінде 320 орындық мекемеде қазір 420 бүлдіршін тәрбиеленіп жатқанын, олардың бәрі мемлекеттік тілде оқытылатынын атап өтті.
– Олардың ішінде өзге ұлттардың 62 баласы бар. Мекемеде 1 сынып, мектепке дейінгі 15 топ, олардың ішінде логопедтік және санаторлық топтар жұмыс істейді. Бүлдіршіндер төрт мезгіл тамақтандырылады,–деді ол.
«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдау барысында облыстың түкпір-түкпірінен келген тұрғындар тарапынан баспана, жер бөлісі, шағын бизнес, өңірде атқарылып жатқан «Жол картасы» бағдарламасы сынды әлеуметтік жобаларға қатысты сауалдар көп көтерілді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі