Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың төрағалығымен Ақкөл ауданында өткізілген шұғыл мәжілісте орманды және далалы алқаптарды өрттен қорғау мәселелері сөз болып, өрттің алдын алу шаралары қарастырылды.
–Ресейде орын алып отырған апатты жағдайға орай, үкіметіміз бізге де жауапты міндет жүктеп, өрт қауіпін болдырмаудың шараларын жедел қолға алуды тапсырды. Ауа райын болжайтын синоптиктердің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, құрғақ, әрі ыстық күндер қыркүйектің 15-20-на дейін жалғасады деген болжам бар. Демек, өрттің шығу қауіпі толықтай сейілген жоқ, – дей келе Қадырхан Отаров барлық қызмет өкілдеріне осыған орай өз істеріне жауапкершілікпен қарап, қырағылық танытуды тапсырды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу департаментінің директоры Ән-уарбек Сағитовтың хабарламасынан аңғарғанымыз, жалпы алғанда облыста жағдай қалыпты болғанымен, бүгінге дейін 31 өрт оқиғасы тіркеліп, 161 гектар жер отқа оранған. Мұнан орманды алқапқа 2 миллион теңгеге жуық шығын келген.
Осы тамыз айында ғана «Кеңес» орман шаруашылығының аумағында бірнеше өрт оқиғасы туындаған. Оның соңғы кезеңінде орманды алқаптың 15 гектары отқа оранып, далалы өңірдің шамамен 7-8 гектарын жалын шарпыған. Бұған кінәлі – ақаулы тракторымен шөп шауып жүрген азамат. Қазіргі кезде шыққан шығынның көлемі анықталып, кінәлілер жауапқа тартылуда.
Шұғыл мәжілісте сөз алған облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық басқармасының бастығы Бексұлтан Баймұтов, Ақмола облысы бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Нұрболат Ілиясов, тағы басқалары да осы мәселеге қатысты туындаған ой-пікірлерін ортаға салып, өз ұсыныстарын білдірді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Қ.М.Отаров тілсіз жау–өрт апатының алдын алу тұрғысында қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану, әсіресе, қызметкерлерінің өз жұмыс орындарынан табылып, өртке, ағашты кесуге тосқауыл қою, төтенше жағдайларға сақадай-сай әзір болу керектігін тапсырды.
Жиын соңында облыс әкімі Сергей Дьяченконың нұсқауымен әр орман шаруашылығына жауапты болып тағайындалған облыстық департамент басшыларының тізімі жарияланды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі