Өткен аптада облыс әкімі Сергей Дьяченко кезекті жұмыс сапарымен Ақкөл, Бұланды және Бурабай аудандарында болып, осы өңірлерде өріс ала бастаған егін орағы науқанының барысымен және бірқатар өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысты, елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелеріне, қысқы жылу беру маусымына дайындық шараларына назар аударып, алда тұрған негізгі міндеттерді пысықтады.
Облыста биылғы құрғақшылық жылы үлкен қиындықтармен өсірілген дәнді және майлы дақылдарды жинап алу жұ-мыстары бастау алды. Ақкөл ауданында да сегіз шаруашылықтың алтауы осы жауапты науқанға кірісіп кетті. Биылғы ауа райының ерекшеліктеріне байланысты 57 комбайн егінді тікелей орып, бастырумен айналысуда. Олардың бәрі соңғы бір-екі жылда сатып алынған «Ньюхойлнд», «Класс», «Джон Дир», «Вектор» және «Енисей» комбайндары. Соған байланысты жұмыс өнімділігі жаман емес. Науқан басталған аз күнде 1900 гектардың астығы жинап алынды. Әзірге әр гектардан орта есеппен 5,3 центнерден өнім алынуда. Бұл көрсеткіштің алда өсетін түрі бар. Өйткені қазір құрғақшылыққа күйіп кеткен ең нашар алқаптардың астығы жиналып отыр. Ал, жалпы алғанда ақкөлдік диқандар биыл гектар берекесін 7 центнерден айналдыруды көздеуде. Биылғыдай құрғақшылық жылы бұл тәуір көрсеткіш дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Владимир Елисеев.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко өзі болған «Еңбек» серіктестігінде де дала жұмыстарының барысына көңілі толды. Механизаторлармен әңгіме барысында оларға туғызылып отырған еңбек жағдайларына назар аударды. Ауданда бұл жағы жаман емес, барлық шаруашылықта егіншілер үшін ыстық ас ұйымдастырылған.
Облыс басшысы осы сапарында сондай-ақ, «Крокус-Астана» серіктестігінің тігін цехында да болды. Кәсіпорын формалық киімдер тігуге мамандандырылған. Ұтып алынған тендерге байланысты еліміздің Қарулы Күштері құрылымдарына, полиция бөлімдері-не, басқа да униформа киетін ұжымдарға киім тіге алады.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко осы жолы «Казлес» кәсіпорнының жұмысына да ынта қойды. Осы заманғы жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған бұл өндіріс орны ағаш өңдеумен айналысады. Кәсіпорын жаңа күш алып келеді, таяу болашақта жиһаз шығаруды, тұрғын үйлер салуды көздеп отыр.
Облыс басшысы Бұланды және Бурабай аудандарында бірқатар елді мекендерді аралап көрді. Соның ішінде Макинск қаласының іргесіндегі тас карьеріне баруы кездейсоқ емес еді. Осы сапарының алдында ол «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы об-лыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізген еді. Сол жолы олардың алдарына тас карьерінен бір топ зейнеткерлер келіп, өткен қыста қазандықтың дұрыс жұмыс істемеуінен, пәтерлерінде тоңып шыққандықтарын мәлімдеген болатын. Енді міне, облыс әкімі бұл мәселені кейінге қалдырмай, нақты жағдайды өз көзімен көруге келді. Мәселені анықтау барысында қазандықтың «Бұланды тас карьері» серіктестігінің балансында екені белгілі болды. Бұл серіктестік оны жөндеуден өткізе алмай отыр. Әрі қарай да ұстай алмаймыз дегенді алға тартады. Облыс әкімі Сергей Дьяченко осы жағдайға байланысты қазандықты коммуналдық меншікке беру жөнінде тез арада шешім шығаруды тапсырды. Ендігі жерде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы шұғыл түрде осындағы екі бу қазандығын ауыстыру жұмысына кірісуі керек. Сонда пәтерлерде жылы болып, адамдар тиісті орындарға шағымданып келмейтін болады.
Бұдан әрі облыс әкімі Макинск қаласының «Степгеология» шағын ауданында қысқы жылу беру маусымына дайындық жұ-мыстарының барысымен танысты. Сергей Дьяченко жөндеу жұмыстарының сапасы мен қарқынына, жылу құбырларын ауыстырудың барысына риза болды.
Бурабай ауданында облыс басшысы Мәдениет және Қызыл-ағаш ауылдарында болып, осы елді мекендердің санитарлық тазалығына айрықша назар аударды. Ол осы мәселелер бойынша жергілікті басшыларға бірқатар сын-ескертпелер жасап, ауылдарды көркейту ісін дұрыс жолға қоюды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.