Конституция күнінің қарсаңында облыс әкімі Сергей Дьяченко жұмыс сапарымен Қорғалжын мен Целиноград аудандарында болды.
Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылында аймақтың бірінші басшысы салынып жатқан 300 орындық мешіт пен 40 орындық медресе ғимаратында болды. Бұл құрылыс 2006 жылы басталған, үстіміздегі жылдың соңында аяқталуға тиісті.
Мешітті өз қаржысына астаналық кәсіпкер, осы Сабынды ауылдық округіндегі Алғабас ауылының тумасы Саят Хаметжанов салып жатыр.
Сабындыда облыс әкімі «АстанаАгропродукт» ЖШС қарамағындағы ет комбинатында болып, жұмыс жағдайымен танысты. Комбинаттың басшысы Әшім Қайроллиннің айтуынша, 450 млн. теңгеге германдық жабдық алынған. Жалпы инвестициялық жобаның бағасы 850 млн. тенге. Үстіміздегі жылдың қараша айынан бастап ет комбинатында қасапхана, шұжық және тұшпара шығаратын цехтер іске қосылады.
Кәсіпорында шешілмеген мәселелер де жоқ емес екен. Оның бастысы – электрқуаттың жетпеуі. Облыс әкімі аудан басшыларына бұл мәселелерді шешу туралы нақты тапсырмалар берді – экспортқа бағытталған кәсіпорын ешқандай мұқтаждық көрмеуге тиісті.
Содан кейін әкім Нұра өзеніндегі су торабында болды, ондағы жағдайдың қанағаттанарлық екеніне көзі жетті.
Қорғалжын ауданының жайылмасында болған облыс әкімі, оның басында жүріп жатқан пішен шабу науқаны барысымен танысты. Мұнда азық дайындаумен шұғылданып жүрген «Алтынай» шаруа қожалығы. Пішеншілердің айтуынша, негізгі шөп сатып алушы – осы өңірге белгілі көп салалы шаруашылық «Родина» ЖШС.
Шөп дайындау шаруа қожалығының негізгі кәсібі емес. Қарамағымызда 830 қара мал, 800 ден астам қой және 180 шақты жылқы бар, дейді шаруа басшысы Серікбай Рахымбеков. Одан басқа «Алтынай» ШҚ бір мың гектардай жерге егін салады. Биыл кем дегенде 600 тоннадай астық алмақшы. Әрине, бұл көп емес, бірақ биылғы қуаңшылықта ол да жарап жатыр.
Сосын облыс әкімі биылғы құрғақшыл жаз болса да, «Жаңа», «Қорғалжын Агро» жауапкершілігі шектелген серіктестіктердің егіс алқаптарында қарқынды жүріп жатқан жұмыс бабымен танысты.
Амангелді селолық округінде орналасқан «Ақ құлын» ЖШС Қорғалжын ауданында болашағы мол кәсіпорындар санатына жатады. Шаруашылық астық өндіру, қара мал мен жылқы өсірумен шұғылданады. Жылдың аяғына дейін ЖШС басшысы Ғалымбек Бекболатов қосымша тағы бір мал қора мен алты екіпәтерлік үйдің ірге тасын қаламақшы. Жуырда бие байлап, қымыз шығара бастады.
Целиноград ауданында Сергей Дьяченко Нұра су құбыры учаскесінде жүріп жатқан қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, Жұмыс барысына жақсы баға берді.
Қосшы селосында облыс басшысы салынып жатқан қазандықты көрді. Ол жобалық сметалық құжаттар бойынша 2012 жылы берілуге тиісті еді, бірақ құрылысшылар келесі жылы іске қосамыз деп отыр.
Одан кейін облыс әкімі негізгі трассадан Қосшыға тартылып жатқан жол құрылысын көрді.
Қосшының Лесная поляна атты шағын ауданында салынап жатқан тұрғын үйлерді көріп, облыс басшысы Сергей Дьяченко құрылыс нысандарында апта сайын сенбі күндері өндірістік лездемелер өткізіп тұру туралы тапсырма берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі