Бүгін облыс әкімі Сергей Дьяченко №3 қазақ орта мектебінің Білім күні және жаңа оқу жылына арналған салтанатты сап түзеу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі. Ата аналар, педагогтар мен оқушылар ұжымдарын құттықтай отыра, облыс басшысы Білім күні мен Конституция күні қатар келуінде терең символикалық мән бар деді. Өйткені Ата Заңның басты жетістіктерінің бірі – азаматтардың білім алу құқысы.
Балалардың болашағы, олардың сапалы терең білім алуы Елбасы қызметінің негізгі басымдығы болып келеді, ал жергілікті билік органдарының әрқашанда назарында жүреді. Жаңа оқу жылының қарсаңында біздің облыста жаңа мектептер мен балабақшалар ашылды, химия, физика, биология және информатика кабинеттерін заманауи талаптарға сәйкес құрал жабдықтармен қамтамасыз ету үшін айтарлықтай қаржы бөлінді.
Облыс әкімі Сергей Дьяченконың айтуынша, бүгін алғашқы қоңырау облысымыздың 10 мыңнан астам бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндері үшін қағылады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі