Осыдан бір ай бұрын облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласын абаттандыру жөнінде алғашқы лездеме өткізген болатын.
Кеше ол облыс орталығын көркейтіп, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының нәтижесін көзбен көру үшін қаланы аралады. Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып келе жатқан азаматтық хал актілерін жазу ғимаратының жай күйімен танысып, Көкшетау қаласы тұрғындары арасында «Мақтай тауы» аталып кеткен демалыс алаңы мен жаңа мешіттің құрылысын көріп мердігер компанияға құрылыс сапасына ерекше көңіл аударуды тапсырды.
Көкшетаулықтардың сүйікті бір демалыс орнына айналған «Мақтай тауын» қалпына келтіру «Көкшетау жолдары» және «Казмельмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестерге тапсырылған. Тапсырма абыроймен орындалды. Қыркүйектің соңында мұнда субырқақ орнатылмақшы. Облыс әкімі айтулы серіктестіктер басшылары Естай Хасенов пен Владимир Плюшкоға алғысын білдірді.
Мешіт құрылысы әзірше жоба бойынша жүргізілуде. Бұл құрылысқа жалпы 1 миллион 200 мың дана кірпіш және 360 плита қажет екен. Әзірше қаржы жеткілікті болғандықтан, жұмыс іркіліссіз атқарылуда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі