Облыс әкімінің жанындағы сәулет және қала құрылысы жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болды.
Отырыстың алдында облыс әкімі кеңес мүшелерімен бірге Көкшетауды абаттандыру жұмыстарының нәтижесін көзбен көру үшін қаланы аралады. Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып келе жатқан азаматтық хал актілерін жазу ғимаратын, қала тұрғындары арасында «Мақтай тауы» аталып кеткен демалыс алаңы мен жаңа мешіттің құрылысын көрді. Кезінде бұл нысандардың жобалары осы қала құрылысы жөніндегі кеңесте қаралған, әр объект бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілген.
Алдымен кеңес мүшелері азаматтық хал актілерін жазу ғимаратында болды. Жөндеу жұмыстары мұнда жалпы жақсы атқарылған. Орындалмай қалған жұмыстар онша көп емес – мекемеге қажетті жиһаздар мен перделер алу, композициялық түстерді таңдап алу және ғимараттың маңдай бетін өңдеп, оған салтанатты түр келтіру.
Көкшетаулықтардың сүйікті бір демалыс орнына айналған «Мақтай тауын» қалпына келтіру «Көкшетау жолдары» және «Казмельмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестерге тапсырылған. Тапсырма абыроймен орындалыпты. Бірақ, облыс әкімі Сергей Дьяченко «Мақтай таудың» қасынан өтетін Қылшақты өзенінің бетінде субырқақ орнатылсын деп, қосымша тапсырма берді.
Құрылыс кеңес мүшелері мен облыс басшысы жаңа салынып жатқан мешіт құрылысын көрді. Бұл нысандағы құрылыс әзірше жоба бойынша жүргізілуде. Құрылысшылар суық түскенше барлық қабырғаларды көтеріп, төбесін жауып алып, қыста ішкі жұмыстарымен шұғылданамыз деп отыр. Жаңа мешітте жоба бойынша 16 күмбез болады екен. Әзірше сол күмбездерді жасайтын мердігерлер табылған жоқ.
…Кеңестің жұмысын облыс әкімі Сергей Дьяченко ашып, өзі жүргізіп отырды. Көкшетау қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Жанат Әбілов жоғарыда көрсетілген құрылыс нысандары туралы түсінік берді, сосын үстіміздегі жылдың 3 тамызында өткен сәулет және қала құрылысы жөніндегі кеңестің тапсырмаларының орындалуы туралы ақпарат жасады.
Осыдан кейін кеңестің отырысында Абылай хан даңғылы, Северная көшесіндегі балабақша, облыстық филармония аумақтарын және жағажайды абаттандыру, қалада шағын базарлар ашу, облыс орталығын когалдандыру туралы жобалық ұсыныстарды қарады.
Карате до федерациясының құрметті президенті Нағашыбай Атшабаров Көктем шағын ауданындағы №8 үйдің қасында карате до мектебін салу туралы эскиздік жобамен таныстырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі